Бұл туралы бүгін баспасөз брифингін өткізген аудан әкімі Жасұлан Естаев айтты. Оның мәліметінше, биыл бұл ауданда 70 шақырым жол жөндеуден өтеді. Ол үшін бюджеттен 4,2 млрд теңге қарастырылған.
«Ауданда асфальт төселмеген 700 шақырым жол бар. Оны жөндеуге бірнеше жыл кететіні анық. Сондықтан біз биыл жол құрылысының көлемін былтырғыға қарағанда екі есе көбейттік. Яғни, биыл 70 шақырым жол жөндеуден өтеді», – деді аудан әкімі.
Жасұлан Естаевтың сөзіне сүйенсек, инфрақұрылымдық желілерді тарту қарқынының бәсең болуына жаңа шағын аудандар мен саяжай массивтерінің көбеюі себеп болып отыр.
«Соңғы санақ қателеспесем 2012 жылы жүргізілген. Ол кезде халық саны 180 мың болған. Одан бергі он жылда тұрғындар саны екі есе көбейіп, 320 мыңға жеткен. Сәйкесінше, жаңа шағын аудандар, саяжайлар күн санап көбейіп келеді. Ал инфрақұрылымды тарту осы қарқынға үлгермей жатыр», – деді әкім.
Сондай-ақ Жасұлан Естаев Жібек жолы бекетін айналып өтетін, жалпы ұзындығы 7 шақырымға созылған автомобиль көпірінің құрылысы жүріп жатқанын атап өтті. Жоба құны 18,3 млрд. теңге.
Айта кетейік, соңғы деректерге сәйкес аудандық жолдардың 93,1 пайызының деңгейі жақсы және қанағаттанарлық жағдайда деп бағаланған.
Alatau News