1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанаты мен полиция департаментінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Del mare» демалыс аймағында «Самға» оңалту орталығының ерекше балаларына арналған мерекелік шара болып өтті.
Шара барысында полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Қайсаров пен осы басқарманың бөлім басшысы Данияр Қаптағаев, аға жедел уәкіл Нұргүл Сейсекенова және «AMANAT» партиясы облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Әсел Зайрова балаларды мерекелерімен құттықтап, сыйлықтар тарту етті.
Балалар демеушілер тарапынан мереке құрметіне жайылған дастарханнан дәм татып, аниматорлармен ойын ойнап, мәре-сәре болды.
«Самға» оңалту орталығының директоры, «Қапшағай самға» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Абдулдаев пен ата-аналар балаларға көңілді демалыс ұйымдастырған полиция департаменті мен «AMANAT» партиясы облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымына ризашылықтарын білдірді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ,
Қонаев қаласы