Кейінгі 6 айда 60-тан астам балалар алаңы ағымдағы жөндеуден өтті. Жөндеу барысында орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, шағын сәулеттік нысандар қалпына келтірілді, сондай-ақ алаңдарға бетон төселді.
«Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тағы 10-нан астам балалар және спорт алаңын жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар «Аулаларды абаттандыру» жобасы да жалғасын табады. 2021 жылдан бері 38 аула толық абаттандырылып, халық игілігіне берілді», – дейді Қонаев қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаев.
Оның айтуынша, тұрғындарға қолайлы орта құру тек қаланың көркін арттыру емес, балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін де маңызды қадам.
Сондай-ақ көше жарықтарын жаңарту бағытында да жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Биыл Қарлығаш, 12А және 12Б, Гүлдер, Мостоотряд-25, Құрылысшы шағынаудандары мен Қонаев, Абай көшелерінде түнгі жарықтар орнатылып, сәндік шамдар ауыстырылады. Бұдан бөлек, тұрғындарды үздіксіз электр энергиясымен қамту мақсатында қуатты трансформаторлар ауыстырылып, жоғары кернеулі желілерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, балалар алаңдарын жөндеу және көше жарықтарын орнатуға қатысты өтінімдер 109-Бірыңғай байланыс орталығы арқылы қабылданып, кезең-кезеңімен іске асырылуда.