Қонаев қалалық Мәдениет үйінде Медицина қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті. Алдымен отандық медициналық тауар өңдірушілердің көрмесі ұйымдастырылып, онда фармацевтикалық өнімдер таныстырылды. Медицина мамандары жайлы бейнекөрсетілім қойылып, дәрігерлердің ерен еңбегі насихатталды, облыстағы денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер жайлы баяндалды.
Салтанатты рәсімге қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым ауруға араша, дертке шипа іздеген абзал жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Медицина қызметкерлері – мәртебелі мамандық иелері. Өйткені бұл жауапкершілігі мол іс. Денсаулық сақтау саласын жетілдіру – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Осы орайда облысымызда өткен жылы медициналық мекемелерге жергілікті бюджет есебінен 239 техника және 15 санитарлық автокөлік берілді. Бұдан бөлек, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 38 медициналық мекеменің құрылысын жүргізу бекітілген болатын. Қазіргі таңда үш нысан толықтай қолданысқа берілді, 14-інің жөндеу жұмысы тәмамдалуда, қалғаны жыл соңына дейін аяқталатын болады. Бүгінгі күні өңіріміздің денсаулық сақтау ұйымдарында 3000-ға жуық маман қызмет етуде, – дей келе Нұрлан Ерғалиұлы үздік мамандарды марапаттады. Рустам Мүкреев «Үздік стационар дәрігері», Диана Досбаева «Алғашқы медициналық санитарлық көмектің үздік дәрігері», Мақпал Берікқызы «Үздік ауыл дәрігері», Алия Омарбекова «Денсаулық сақтау саласының үздік менеджері», Айжан Тұрсынова «Алғашқы медициналық санитарлық көмектің үздік мейірбикесі», Гүлжахан Оразбекова «Үздік ауылдық мейірбике», Гүлмира Әділханова «Үздік акушер», Гаухар Сағатбекова «Үздік санитариялық-эпидемиологиялық сараптама маманы», Әсел Әлімжанова «Үздік санитариялық-эпидемиологиялық бейінді дәрігері» номинациялары бойынша марапатталып, ақшалай сертификатқа ие болды. Сондай-ақ Майра Чашабаева, Жаннат Имашева, Айман Асбенова, Ғалия Нүсіпқұлова және өзге де мамандар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Айман Қадырова, Сәуле Мұхамеджанова, Еңлік Әбілжанова, Рауан Нұрбаев және басқа да қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді.
Келесі сөз кезегі ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовқа берілді.
– Адам өмірі мен денсаулығын сақтау үлкен жауапкершілік пен терең білімді қажет етеді. Алматы облысы медицина саласында жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Бұл – тынымсыз еңбектің, кәсібиліктің және өз ісіне деген адалдықтың жемісі, – деген вице-министр денсаулық сақшыларына алғысын білдіріп, медицина саласында аянбай еңбек еткен қызметкерлерді арнайы төсбелгілермен марапаттады. Айгүл Әлтенқызы, Шолпан Исламова, Айша Құдайбергенқызы, Жібек Бөрібаева, Рысқан Тоқсабаева, Майра Егембердиева «Еңбек ардагері» медалін иеленсе, Бауыржан Қабыл, Рабиям Ибрагимова, Жұмагүл Әбдірақман, Марат Айжанов, Мейрамбек Құдагелдиев, Күлбану Бекмағамбетова, Азадихан Ахметова «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды. Сондай-ақ Болат Түңлікбаев, Есентай Жаңабаев, Ералы Ахметов, Жанна Нұрғазиева, Зинагүл Бектенова, Қайрат Мұсаханов, Эльмира Байжанова «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Шара барысында Іле аудандық ауруханасының дәрігері Айдос Оралұлы жас мамандар атынан құттықтау сөз сөйледі. «Жас маман ретінде жұмысқа қабылданғанда, маған білікті тәлімгерлер бекітіліп, жұмыс бабында қолдау көрсетті. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайға да көңіл бөлініп, тұрғын үй алу үшін 9 млн теңге көлемінде бір реттік қайтарымсыз қаржы берілді», – деген ол облыс әкімдігіне, аурухана ұжымына алғысын білдірді.
Салтанатты рәсім әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты.
***
Денсаулық сақтау жүйесін дамытып, сапалы медициналық көмекті ауыл халқына барынша қолжетімді ету үшін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы тыңғылықты жүргізіліп келеді. Жоба аясында Еңбекшіқазақ көпсалалы орталық аудандық ауруханасының ғимараты күрделі жөндеуден өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастау алған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу, жұмыс істеп тұрған аудандық ауруханаларды жаңғырту және оларды жарақтандыру арқылы ауыл халқына шұғыл медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру, ауылдағы денсаулық сақтау нысандарын медициналық кадрлармен қамтамасыз ету сынды міндеттерді іске асырып келеді.
Аталған жобамен Еңбекшіқазақ көпсалалы орталық аудандық ауруханасының ғимаратында былтыр сәуір айында басталған күрделі жөндеу жұмысы толығымен аяқталып, аталмыш мекемеде науқастардың кедергісіз сапалы ем алуына барлық жағдай жасалды. Толығымен біткен жұмыстың қорытындысын көзімен көріп, халықтың пікірін білу үшін аудандық ауруханаға ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов арнайы келді.
Жөндеу жұмыстары барысында кіреберіс топтары мен қабылдау бөлімшелері қайта құрылып, үш операциялық блок пен реанимациялық палаталар заманға сай қажетті құрал-жабдықпен толық жабдықталды, су мен электр жүйесі, кәріз, желдету сынды инженерлік жүйелер толығымен жаңартылды, жеделсатылар жөнделіп, СКС және өрт дабыл жүйесі жаңадан қайта орнатылды. Сондай-ақ аурухананың айналасы абаттандырылып, автотұрақ кеңейтілді. Мердігер ұйым «СП NEFT» ЖШС аталған жұмыстарды толығымен аяқтап, бас дәрігерге тапсырып берді. Жалпы жөндеу жұмыстарына 4,7 млрд теңге жұмсалған.
Барлық медициналық тексеруге қажетті клиникалық-диагностикалық зерттеулер жүргізетін жоғары технологиялы медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджет есебінен 195 млн теңге жұмсалған. Ол қаржыға 16 бірлік эксперттік санаттағы УДЗ, дефибрилляторлар, наркоз-белсенді тыныс алу аппараттары, тағы басқа да құрылғылар алынған. Жергілікті бюджеттен 2023 жылы бөлінген 1,6 млрд теңгеге КТ, МРТ, маммограф сынды 6 бірлік, ал 2024 жылы бөлінген 367 млн теңге қаражатқа ӨЖЖ, көпфункциялы төсектер, урологиялық және ЛОР жабдықтары, УДЗ планшеті, зертханалық құрал-жабдықтар, одан бөлек 54 бірлік қажетті құралғылар алынып, аурухананың материалдық-техникалық базасы толықтырылған.
«Ұлт денсаулығы – мемлекет байлығы» десек, бұл атқарылған жұмыстың нәтижесі Еңбекшіқазақ ауданының және жақын маңдағы ауылдық өңірлердің тұрғындарына мамандандырылған, жоғары технологиялық, шұғыл және жоспарлы медициналық көмектің уақытылы көрсетілуіне мол мүмкіндік бермек.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Құралай Мұратқызы




