Бүгін Алматы облысының әкімдігінде түркиялық Tasyapi Insaat Taahhut San.ve Ticaret A. S. «Ташяпы» компаниясының өкілдерімен кездесу өтіп, облыста жеңіл рельсті транспорт (ЖРТ) салу мәселесі талқыланды.
Жиынға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов бүгінде дамыған елдерде жеңіл рельсті транспорт қала мен оған іргелес елдімекен тұрғындары үшін жүріп-тұруға ең қолайлы әрі тиімді қоғамдық көлікке айналғанын айтты.
– Алматы мен оған маңайындағы аумақтарда қоғамдық көлік пен жолдарға түсетін жүктеменің артуна байланысты бүгінде баламалы көлік түрлері қарастырылып жатыр. Осы мақсатта “Ташяпы” компаниясы Қаскелең – Есік – Талғар – Алматы – Ұзынағаш бағыттары бойынша жеңіл рельсті тарнспорт жүйесін дамытуды ұсынып отыр. Бұл жоба Алматы агломерациясындағы көлік мәселесін шеше алатын еді. Қазір біздің алдымызда тұрған міндет – келешекте салынатын жеңіл рельсті транспорт жолдарын белгілеу, – деді Батанов.
Осы айдың басында “Ташяпы” компаниясының өкілдерімен бірге көшпелі жиын өткен. Аталған компания осы жобадағы негізгі инвестор ретінде қарастырылып отыр. Жоба жүзеге асатын болса Алматы агломерациясының жол және көлік жүйесі дамиды, ескірген және экологияға зиянды көлік түрлері азайып, “адамдарға арналған қала” принципі орындалады деген үміт бар.
Жиында келешекте жеңіл рельсті транспорттың қандай түрі салынады, бағыты қалай болады, аялдамалары қай жерлерде орналасады деген сияқты мәселелер талқыланды. Кездесу соңында тараптар өңірлерде көшпелі жиын өткізіп, ауқымды жобаны егжей-тегжейлі талқылайтын болып уағдаласты.