Кеген ауылындағы Кеңес Нұрпейісұлы атындағы мектеп-лицейінде Алматы қаласындағы Қонаев университеті оқытушыларының қатысуымен 9-10-сынып оқушыларына арналған кәсіби бағдар беру сағаты өтті.
«Қонаев университеті – болашаққа жол бастаушы» тақырыбындағы шараның мақсаты – оқушыларға өзінің қабілеті мен белгілі бір кәсіптік салаға бейімділігін анықтауына, соның негізінде мамандықты дұрыс таңдауына көмек беру, «құқықтану» мамандығы бойынша ақпараттық-насихат жұмысын жүргізу.
Кәсіби бағдар беруге Қонаев университетінің оқу-әдістемелік жұмыс және академиялық ұтқырлық жөніндегі проректоры, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Бақтыгүл Қуанышқызы, тәрбие жұмысы және әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, PHD доктор, доцент Талғат Дүйсебаев, заң ғылымдарының магистрі Жазира Тарап, құқықтық білім беру бағытының жетекшісі, аға оқытушы Сәкен Нұрмағамбетов, заң ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Еламан Бейсенғалиұлы және мектеп оқушылары мен мұғалімдері қатысты.
Қонаев университеті – бай дәстүрі, оқу және ғылыми қызметтегі көпжылдық тәжірибесі бар оқу орны. 1993 жылдан бері жоғары білікті заң кадрларын даярлап, 40 мыңнан астам түлекті қанаттандырып ұшырды. Университет еліміздің білім нарығында лайықты орын алады және ұлттық экономиканың әртүрлі салаларында бәсекеге қабілетті және жоғары білікті мамандарды даярлау үдерісіне елеулі үлес қосып келеді. Қазір құқықтану мамандығы аясында сот, прокурор, қорғаушы, тергеушілер даярланады. Болашақ түлектерге бағыт көрсетіп, сенімді таңдау жасауына себепкер болу – біздің басты міндетіміз, – деді заң ғылымдарының кандидаты, доцент Бақтыгүл Қуанышқызы.
Келесі кезекте сөз алған университеттің тәрбие жұмысы және әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Талғат Дүйсебаев дамудың жаңа сатысына көтерілген еліміздің білім, ғылымдағы жетістігі жайында айтып, оқу орны тарихына қысқаша тоқталды.
Құқықтық білім беру бағытының жетекшісі, аға оқытушы Сәкен Нұрмағамбетов болса, білім ошағының ерекшеліктерін сөз етті.
– Университетте студенттердің сабақтары мен әкімшілік, басқарушы және педагогикалық қызметкерлердің жұмысы үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ететін оқу-әкімшілік кешен, бірегей сот-сараптамалық сынақ алаңы, мамандандырылған зертханалар, дүниежүзілік «Интернет» ақпараттық желісіне қолжетімді соңғы үлгідегі оқу кабинеттерімен жабдықталған сот залы бар. Университет, сонымен бірге, белгілі ғылыми орталық мәртебесіне лайықты түрде ие болды, өйткені заң ғылымдары бойынша магистранттарды да, PhD докторанттарды да даярлайды. Араларыңызда аталған мамандықтар бойынша алдағы уақытта оқуға түсемін, осы саланың маманы боламын дегендеріңіз болса, Қонаев университетіне келсеңіздер болады, – дей келе, оқушыларға бұл оқу орны құқықтық білім беру тобы бойынша мамандардың барлық санатын даярлайтынын айтып, кафедра жайында мәліметтер берді. Шығармашылық бағыттағы емтиханды қалай тапсыруға болатынын түсіндірді.
Мамандық таңдауға септігін тигізетін бұл кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласып, ең қызықты да мәнді сұрақ қойған оқушыларға Қонаев университеті арнайы қойын дәптер мен жарық көрген еңбектерін естелікке ұсынды. Осылайша, Қонаев университетінің өңірде өткізген алғашқы шеберлік сағаты сәтті өтіп, құқық қорғау, заң саласына қызығушылығы бар, «Қай мамандықты таңдасам?» деп алаң көңілде жүрген жастар үшін үлкен бағыт-бағдар берілді. Осындай кездесулер жас ұрпақтың дұрыс таңдау жасауына, білім мен еңбектің бағасын түсінуіне және өз мүмкіндігіне сенуіне ықпал ететіні сөзсіз.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы