Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – стратегиялық басым бағыттардың бірі. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Күн тәртібінде сумен жабдықтау мен су тарту жүйелерін дамыту, цифрландыру, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері қаралды.
Қазір елдегі 10 аймақ 100 пайыз таза су қолданады, қалған аймақтарда жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін 150 ауылда су тарту инфрақұрылымы жаңартылып, мыңдаған тұрғын таза суға қол жеткізбек. Үкімет басшысының айтуынша, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – аса маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі. Бұл мәселе – Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Сонымен қоса, заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жөніндегі Президент тапсырмасы аясында сумен жабдықтауға қатысты 230-ға тарта жобаны іске асыру үшін Арнаулы мемлекеттік қордан қосымша 160 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Ал облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етудегі көрсеткіштерге зер салсақ, өңірде қалалық және ауылдық елдімекендерді сумен жабдықтауды жақсарту бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Облыстық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының дерегіне сүйенер болсақ, аймақтағы 368 ауылдық елдімекеннің 343-і, яғни 93 пайыздан астамының орталықтандырылған су құбыры бар. Облыстың су құбыры желілерінің ұзындығы 5128 шақырым болса, оның 53,5 пайызының тозығы жеткен. 2743 шақырым су құбыры желілерін жөндеу және қайта жаңарту қажет. Биыл 48 жобаны жүзеге асыруға 19,2 млрд теңге бөлінген. Сонымен қоса, «Әр елдімекенде таза ауыз су» жалпыұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары облыста 2 қала мен 79 елдімекенде желілерді қайта жаңғырту жоспарланған. Сондай-ақ өңір жұртшылығын сапалы ауызсумен қамту мақсатында 6 ауылда құрылыс және 19 ауылда су тазарту үшін толық блоктық модульдер орнату жұмыстары жүріп жатыр. Басқарма мамандарының айтуынша, барлық жобаны аяқтағаннан кейін 1 428,6 шақырым су құбыры желілері салынып, қайта жаңартылмақ. Биыл ауылдық елдімекендердің 99,6 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілмек.
Ерзат АСЫЛ