Биылғы жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай ел көлемінде өндірістік мекемелерге экскурсиялар, шеберлік сағаттары мен кәсіби бағыт-бағдар беру іс-шаралары кең көлемде өткізілуде. Осындай маңызды шараның бірі – «Іле мұрагер» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған Galanz Bottlers компаниясына экскурсия. «Прогресс» политехникалық колледжі студенттері үшін өткізілген экскурсияға Іле аудандық кәсіпкерлік, ішкі саясат бөлімдері қолдау көрсетті.
Galanz Bottlers – еліміздегі жетекші сусын өндіруші кәсіпорын. Компания заманауи технологиялармен жабдықталған, автоматтандырылған өндіріс желісімен және халықаралық стандарттарға сай сапа бақылау жүйесімен ерекшеленеді.
Экскурсия барысында студенттер зауыттың негізгі бөлімдерін аралап, өндіріс процесімен танысты. Сусын дайындаудың әр кезеңі – шикізатты қабылдаудан бастап, дайын өнімді қаптап шығару мен логистикаға дейінгі үдерістер толықтай көрсетілді. Кәсіпорынның инженерлері мен технолог мамандары жастарға өз саласының қыр-сырын түсіндіріп, олардың сұрақтарына толық жауап берді.
Мұндай шаралар студенттердің теориялық білімін практикалық тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жастарға техникалық және жұмысшы мамандықтардың маңызын түсіндіріп, кәсіп сырын ұғынуға жол ашады.
Экскурсия соңында студенттер өндірістік ортада еңбек етудің жауапкершілігі мен талаптары жайында өз ойларымен бөлісіп, көптеген жаңа ақпарат алғандарын айтты. Galanz Bottlers басшылығы да болашақ жас мамандарға қолдау көрсетуге әрдайым дайын екендіктерін жеткізді.
Қорытындылай келе айтарымыз, мұндай кәсіптік экскурсиялар – студенттердің мамандыққа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың еңбек нарығына бейімделуіне де үлкен ықпал етеді. Бұл жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы мәртебесін көтеру жолындағы маңызды қадамдардың бірі екені анық.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы




