Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетовтің қатысуымен әкімдік залында мерзімді әскери қызметте борышын абыроймен өтеген айбынды жастарға мемлекеттік білім гранты сертификатын табыстау рәсімі өтті. Еліміздің тыныштығы үшін қызмет етіп, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, жауынгерлік даярлықтың жоғары нәтижесін көрсеткені үшін ауданның үш азаматы мұндай мүмкіндікке ие болды.
Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы, Талдықорған қаласы №5514 әскери бөлімінде азаматтық парызын атқарған Өтеген батыр ауылының тұрғыны Нұрлы Жылқыбай Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіне оқуға жолдама алды. Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы, Теміртау қаласы № 5516 әскери бөлімінде борышын өтеген Н.Тілендиев ауылының тұрғыны Жасұлан Әбдреш «Astana IT University»-де коммуникация және коммуникациялық технологиялар мамандығы бойынша білім алу мүмкіндігіне қол жеткізді. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Ақтау қаласы №25774 әскери бөлімінде борышын өтеген Қараой ауылының тұрғыны Бекарыс Сейілханов ҚР Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты грантын иеленді.
Аталған азаматтар әскери қызметшілер арасында өткен конкурстық іріктеуде мыңдаған сарбаздың ішінен үздік нәтиже көрсеткені үшін осындай мүмкіндікке қол жеткізіп отыр.
Грант иегері атанған Өтеген батыр ауылының тұрғыны Нұрлы Бақбергенұлы: «Өткен жылы әскери борышымды Талдықорған қаласындағы № 5514 әскери бөлімінде өтедім. Сол кезде үздік жауынгерлерге жоғары оқу орнында оқу үшін білім гранты берілетіні туралы естіп, мүмкіндікті пайдаландым. Менің таңдауымды ата-анам да қолдады. Үлкен ризашылығын білдірді. Осындай зор мүмкіндікті жасап отырған ел Президентіне алғысым шексіз! Бұл қаншама сарбаздардың болашағына үлкен үміт сыйлап, білімнің даңғыл жолына түсуге жол ашып отыр», – деп ағынан жарылды.
Бұл игі шараға куә болған ата-аналар да өз алғыстарын жаудырып жатты. Ал бүгінде грант иегері атанған жас сарбаздар қаншама жасқа үлгі болуда.
«Отан үшін отқа түс – күймейсің» деп, даңқты қолбасшы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы айтпақшы, әскери қызмет қанша қиын болса да оның берер өз жемісі бар. Міне, сарбаздардың білім алуына жағдай жасалып жатқанының өзі – мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі. Бұл – жастарды жаңа биіктерді бағындыруға ынталандырары сөзсіз.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы