-13 °c
Qonaev
Saturday, July 12, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Әдебиет

    БІЗ БІЛМЕЙТІН ҚОНАЕВ

    12.07.2025
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Руханият
    БІЗ БІЛМЕЙТІН ҚОНАЕВ
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Жақсыны да көрдім, жан ауыртқан күндерді де бастан кештім.
    Ол – менің ғұмырым, бірақ, бұл өмірді халықтан бөле-жара қараған емеспін.
    Бозбала шағымда қара бастың қам-қарекеті болса, болған шығар, бірақ,

    ат жалын тартып мінген азамат кезден алдыма қойған бар арман,

    бар мақсат елмен еншілес болды, халқым.

    Дінмұхамед ҚОНАЕВ

    Көзі ашық, көкірегі ояу көпшілік қауым, қалың оқырман «Бүкіл әлем танитын, білетін Қонаевты білмейтіндей не болыпты?» деп сұрақ қоюы мүмкін, әрі ол заңды да. Десе-дағы, төрткүл дүниеге танымал ұлы тұлғалардың көпшілік біле бермейтін қырлары болуы да ғажап емес.
    Бұл туралы «Қазақтың Қонаевы» атты естелік-кітаптың авторы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов: «Тегінде, Димекеңдей ұлы тұлғалардың қыры да, сыры да көпшілігімізге беймәлім. Оның көп қыры мен сырын да білетін ең жақын адамы, әрине, жары – Зухра Шәріпқызы. Алайда, ол да біз үшін ашылмаған сыр сандық», – дей келіп: «Димекеңнің қызметін, республикамыздың игілігі үшін жасаған қайраткерлік еңбегін өз уақыты, дәуірі, қоғам, ел біледі, ел шежіресі, тарих біледі. Әрине, бірге оқыған, өскен, еңбектес болған замандастары, әр жылдары, негізінен, қызмет бабында кездесіп, сөйлескен адамдар да білем, дидарластым деуге құқы бар деп ойлаймын. Сол арқылы да, сондай-ақ, терең, жан-жақты зерттеулер арқылы да ұзақ жылдар ел басқарған, ел атынан сөйлеу құрметіне ие болған, ел тағдырына шешуші үлес қосқан Димекеңдей ұлт перзенттерінің бейнелері, образдары, адами болмысы оқырмандар үшін ашыла түсері де анық», – деп ағынан жарылады.
    Әлемге әйгілі адам жайында әңгіме айту, оның қызметін саралап, баға, не сипаттама беру де оңай емес, әрине. Әйткенмен, Димекеңнің қарамағында түрлі қызметтер атқарған, оның үзеңгілес інісі болған Қуаныш Сұлтанов, өзі айтқандай, «білем, дидарластым деуге» толық құқылы. Нақтылай айтқанда, Димекеңмен ол Қазақстан ЛКЖО ОК бірінші хатшысы болған кезден араласа бастаса, одан кейін оның тікелей қарамағында, Компартияның Орталық комитетінде мәдениет және ұйымдастыру-партия жұмысы сияқты екі үлкен бөлімдерінің меңгерушісі қызметін атқарған кезінде тығыз қарым-қатынаста болды. Яғни, Димекеңмен бас-аяғы он жылдай қызметтес болса, соның соңғы үш жылында Мемлекет басшысының кадр мәселесін шешетін оң қолы іспетті еді. Қуаныш Сұлтановтың өзі өмірінің осы кезеңін: «Сол жылдары өткен мектебім мен мемлекет ісіне жауапкершілігім, тәжірибем өмір бойғы ұстанымым болды, әрі одан кейінгі жылдарда да мемлекет ісіне адалдықпен еңбек етуге мол бағыт берді», – деп, үлкен ризашылық сезіммен еске алады. Содан да өзі әрі кәнігі журналист, әрі сұңғыла саясаттанушы, әрі парасатты ғалым, профессор Қуаныш Сұлтанұлын қонаевтанудың білгірлерінің бірі десек те болады.
    Асылы, қай заманда да, ел басқарған адамдардың сан қырлы, сан қилы саясаттағы өмірі әр кезде, тіпті, олар саяси сахнадан біржола кетсе де, қызу талқыланып, қым-қиғаш пікірлер алаңына айналған. Дей тұрғанмен, қандай да болмасын, ірі саяси тұлғаларды толықтай тану үшін олардың қалтарыс-бұлтарысы көп, күнгейі мен көлеңкесі қатар жүрген өмірі мен саяси қызметін жан-жақты білу – тарих үшін де, қоғам үшін де аса маңызды. Димекең көзі тірісінде аңызға айналған адам болса да, оның саясаткерлік, тұлғалық болмысында біз білмейтін сыр көп.
    Ең алдымен, Қонаев өте кішіпейіл басшы есебінде танылды. Алматының ескі көз тұрғындарының кейбірі талай көрген де шығар, Димекең таңертең ертелетіп, Коммунистік даңғылы мен Киров көшесінің (бүгінгі таңдағы Абылайхан даңғылы мен Бөгенбай батыр көшесінің) қиылысындағы үш қабатты үйден (ол ескі үй әлі де бар) шығып, ылдидағы Үкімет үйіне қарай жайбарақат жұмысқа бара жататын. Димекең сол үйде ұзақ жылдар бойы тұрып келді. Тіпті, ол Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған кезінде де, қаланың орталығында үш бөлмелі пәтері бола тұра, әлгі үйде тұрады. Міне, сол үйіне Кеңес одағы компартиясының бас хатшысы Леонид Ильич Брежневтің өзі қонаққа келіп жүрген көрінеді. Бірде Брежнев қазақтың маңдайалды қайраткерінің шағын пәтері мен шектен тыс қарапайымдылығын көріп қатты таңқалған екен. Жалпы алғанда, Брежнев өз досы Қонаев қызмет орнында отырған кезде Қазақстанға сегіз-тоғыз мәрте келіпті. Шындығын айтқанда, бас хатшы үшін бұл тым көп болып есептеледі. Тіпті, «Қонаев пен Брежнев туыс екен» деген де дақпырт шыққан бір кезде. Оның сыры кейіннен белгілі болды. Димекеңнің туыстарының айтуынша, Леонид Брежневтің қызы Галина тұрмысқа шыққан кезінде оның тойдағы өкіл анасы ретінде Қонаевтың әйелі Зухра Шәріпқызы отырған екен. Содан әлгіндей әңгімелер тарап кетсе керек.
    Ең таңданарлығы, Димекең басқа үйге көшер алдында әлгі пәтерін өзінің кадрлық саясатын қатты сынап, мінеп жүрген жазушы Әлжаппар Әбішевке сыйға тартып кетеді. Димекеңнің осы мәрттігін тар шеңбер, яғни, әдеби орта білгенмен, былайғы жұрт біле бермейді.
    Бірде сол тұстарда Алматының орталығында тұратын жазушы Бердібек Соқпақбаев ағамыздың өзіне тән әдетімен күле айтқан мынадай бір қызықты әңгімесін естіп қалып едік: «Менің де жүретін жолым – тап сол Коммунистік даңғылының бойы ғой. Анда-санда дәл алдымнан жалғыз келе жатқан ұзын бойлы Қонаевтың сымбатты тұлғасын көріп қалып, оның қалың ойда екенін байқап, қарсы келмей, шетке шығып кетемін. Осыны айтсам, «Қалайша ол күзетсіз жүр?» деп, мен пақырдың сөзіне жұрт сенбейді. Енді ол кісінің өзі де екі иығына екі адам мінгендей еңгезердей жаужүрек батыр емес пе? Өзі-ақ анау-мынау арам ойлы шабуыл жасаушыңды жәукемдеп тастайтындай қауқары бар ғой».
    Расында да, мемлекеттің бірінші адамы жұмысқа жаяу һәм еш күзетсіз барады дегенге сену қиын. Алайда, Димекең мемлекеттік қызметінде жүрген кезде жұмысқа ешбір күзет, оққағарсыз, жаяу баруды жөн көрген. Бұл кезде басқа республикалардың барлық коммунистік партия басшылары қос-қостан күзет ұстайтын. Ал Қонаевтың жанында он алты жылдай жүріп, жеке күзет басшысы болған Анатолий Горяйнов оның оққағарлармен жүргенді мүлдем ұнатпағанын айтады. «Күзетті көрсе, «Мені жыртқыш құс құсатып жетектеп жүргендеріңді қаламаймын» деп ренжитін», – деп еске алады ол.
    Министрлер кеңесінің төрағасы болғанда, Димекең академик атағы үшін өзіне төленетін үш жүз қырық сом мөлшеріндегі еңбекақыдан бас тартқанын білеміз. Бұл ақшаны ол балалар мен жас ғалымдарға көмектесу мақсатында жұмсауға бұйырады. Осыдан-ақ Қонаевтың жеке басының байлық-дәулетке қызығушылығы болмағаны байқалмай ма?
    Осындай кішіпейілділік оның туабітті қасиеті екені көзге көрініп тұрды һәм жұрттың оған деген сенімін күшейтті. Оның айналасындағы адамдардың арасында оны ұлықтаудан, мақтау, мадақтаудан жарыс болған жоқ. Есесіне, олар Қонаевтың көшбасшылық беделін қызғыштай қорып, жетістіктеріне еш қылау түсірмеуге тырысты.
    Қуаныш Сұлтанов та өзінің кітабында былай деп жазады: «Қызметіме байланысты Димекеңнен бастап республикамыздың талай ұлты қазақ басшыларының (олардың қатарында өзім де бармын) мәселе шешуде мәскеулік лауазымды адамдармен жұмыс барысында айтысқанын да, таласқанын да, жеңгенін де, жеңілгенін де көрдім. Осының бәрі – аға ұрпақтың барлық мұрасы бүгінгі жаңа Қазақстан азаматтарының, ертеңгі болашақтың естен шығармай ескеретін, әр уақытта да тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығын қадірлей білетін, санасын, рухын бекіте түсетін қаруы болуы тиіс. Олай деуіміз – мақтау, мадақтау немесе ұлықтау, аңсау емес. Ол кезең де – еңбек жолы, өсу жолымыз, ұлтымыздың, мемлекетіміздің тағдыры да, тарихы да».
    Одан әрі ол: «Американдық саясаттанушы Марта Брилл Олкотт өзінің «Қазақтар» деген еңбегінде Қонаевты Одақ кезінде Мәскеу билігінің біржақты үстемдігі жағдайында қазақтардың ұлттық мүддесін біліктілікпен қорғай білген көрнекті тұлға деп жазыпты», – деп ізгі ілтипатпен мысал келтіреді.
    Осы орайда бұрынғы АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауэрдің «Мен бүгін зор тұлғамен қауыштым. Ол – терең саясаткер, халықтар даналығын толық меңгерген адам. Қонаев – СССР-дың сирек кездесетін тұлғасы!» деп айтқан сөзі еске түседі. Айта кетейік, Димекең бірінші хатшы болып сайланған 1960 жылы кеңестік партия делегациясының құрамында АҚШ-қа барып қайтады. Сол сапарда естен кетпес көптеген кездесу болады. Біріккен Ұлттар Ұйымын айтпағанда, ол АҚШ Жоғарғы Сотының төрағасымен, Нью-Йорк штатының губернаторы, миллиардер Нельсон Рокфеллермен де ресми тұрғыда кездесіп қайтады. Міне, осы сапарда ол АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауэрмен жеке пікірлесіп, өзінің парасатты ойларымен бөлісіп, американдық басшыға үлкен әсер қалдырады. Осы жоғары деңгейдегі кездесудің куәсі ретінде екеуінің баспасөз беттерінде жарияланған суреті де ойға оралады.
    Тағы бір қосып айтарымыз – осыдан ширек ғасыр бұрын осы жолдардың авторы газет редакторы есебінде Жапонияға барған журналистік сапарында жапонның жалпыұлттық басылымы «Асахи» газетінің редакциясында болған естен кетпестей бір оқиғаны бастан кешірген еді. Редакция қызметкерлерімен ресми танысудан кейін өткен сұрақ-жауап барысында қонаққа шақырылған сыйлы кісілердің бірі маған өз тілінде сұрақ қойып, бізге арнайы бекітілген ілеспе аудармашы оны орыс тіліне аударып бергенінде, шынын айту керек, мен алғашқыда абдырап та қалдым. Түріне қарасам, қартаңдау бұл кісі бұрын үлкен қызметте болғанға ұқсайды.
    Сондағы оның қойған сұрағы:
    – Сіздің елдің мықты басшысы болған Қонаев мырза тірі ме? Ол қазіргі уақытта немен айналысады?
    Мен Қонаевтың осыдан бірнеше жыл бұрын, 1993 жылы о дүниелік болғанын өкінішпен айтып, ізінше оған қарсы сұрақ қойдым.
    – Кешіріңіз, байқауымша, сіз біздің ел туралы жай естіп қана қоймай, Қонаев мырзаны жақсы білетін сияқтысыз ғой, – деп едім, ол сыпайы ғана жымиып, өзін таныстырды. Сөйтсем, ол сонау жетпісінші жылдары үкімет мүшесі болған екен.
    – Өзіңіз білесіз, СССР мен Жапония арасындағы аумақтық мәселелер бойынша келіспеушіліктерге қарамастан, алпысыншы жылдардың ортасынан бастап жетпісінші жылдардың бел ортасына дейін екі елдің экономикалық байланысы өте жақсы дамыды. Осы кезде біз кеңестік делегацияларды жылы қарсы алатынбыз. Бірде делегацияның құрамында болған қазақ елінің басшысы Қонаев мырзамен жақын танысудың сәті түсті. Сол кезде мен біздің Премьер-министріміз Какуэй Танака мен Қонаев мырзаның өзара сұқбатына куә болдым, – деп, барынша қысқаша әңгімеледі ол.
    Шыны керек, оның бұл айтқаны журналистикаға бар ғұмырын арнаған мен үшін үлкен жаңалық болды. Мен Димекеңнің елшілік жұмыстармен АҚШ-та, Қытайда, Жапонияда, одан басқа Мысыр, Алжир, Уругвай, Иран, Италия, Үндістан, Корея, Болгария сияқты шет мемлекеттерде болғанын білсем де, оның нақты кімдермен сөйлескенінен хабарсыз едім. Ал, ең таңғаларлығы – әлгі кісінің Қонаевты бағалауы.
    – СССР-ден елші болып келген небір үлкен лауазымды адамдарды көп көрдік, рас. Бірақ, Дінмұхамед Қонаевтай дана, данышпан басшыны көрген жоқ едік. Ол – өз атына сай, ақыл-ойдың Мұхамеді, Пайғамбары. Бұл – менің ғана пікірім емес, Какуэй Танаканың да пікірі. Қонаев пен Танака екеуі бір жылы қайтыс болыпты. Аруақтары риза болсын, – деді ол, көңілін білдіріп.
    Алғашында аудармашы жапонша Йоген-ша, яғни, Пайғамбар дегеннің баламасын таба алмай, сәл мүдіріп қалған.
    Ақыл-ойдың Пайғамбары! Мұндай теңдессіз теңеуді естіген мен бір сөзге келместен, портфеліме салып жүрген екі «Қазақстан» коньягын жалма-жан суырып алып, тарс еткізе, үстелдің үстіне қойып:
    – Мынау сізге! Қонаевтың аяулы, ардақты атына осыншалықты құрмет, қошемет көрсеткеніңіз үшін! – дедім қуаныштан жарылардай болып. Дауысым еріксіз қаттырақ шығып кеткен еді. Редакцияға жиналып отырған жұрттың бәрі ду қол шапалақтады.
    Осы тұста осыдан тура жетпіс жыл бұрын, нақтырақ айтқанда, 1955 жылдың 16 маусымында Үндістанның Премьер-министрі Джавахарлал Нерудың қызы Индира Гандимен бірге Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыға арнайы іссапармен келген сәті ойға оралады. Сөз жоқ, Одақтың орталығы Мәскеу бола тұра, Нерудің Алматыға келуі аса бір үлкен оқиға еді. Ол кезде Қонаев Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Екі ел басшылары түскен фотосуреттер мен басқа тарихи құжаттар Үндістан мен Қазақстанның мемлекеттік мұрағаттарында әлі күнге сақтаулы. Бір фотосуретте Димекең құрметті қонақтарды ұшақтан түсісімен қарсы алғаны бейнеленген, бірінде Неру екеуі мінген үсті ашық автокөлік қала көшелерімен кетіп бара жатса, енді бірінде екі ел басшылары қала халқының ортасынан көрінеді. Сондай-ақ Индира Гандидің қазақ бүлдіршіндерінің арасында түскен суреті де жүрек тербейді. Үнді қайраткерімен кездесуге Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтпаев бастаған ұлт зиялылары қатысқан-ды. Қонаевтың мұражай үйінде жаздың сол шуақты күнінен қалған белгісіндей ағаштан жасалған пілдерді көруге болады. Олар – Джавахарлал Неру мен оның қызы Индира Гандидің берген сыйлықтары.
    Сол кездесуден алған әсері Джавахарлал Неруге мынадай керемет сөз айтқызды: «Мейiрiм-шуағы мол, пейiлi кең халықтың перзентi болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық – қазақ халқы. Елiнiң өткенiн ұмытпай, келешегi үшiн қалтқысыз еңбек еткен перзентi бар халық та бақытты. Сол перзент – Дiнмұхамед Қонаев.
    Бiзде екi ұқсастық бар екен. Бiрi – қарапайымдылығымыз қалай аумаса, енді бірі – жасыл желекке оранған Алматы бiздiң Кашмирмен егiздiң сыңарындай ма деп қалдым. Ғажап ұқсастық!»
    Джавахарлал Неру Қонаевтың қарапайымдылығын бірден-ақ байқаған. Оны бұл қанға сіңген қасиетінен ұзақ жылғы басшылық қызметі де еш айыра алмады. Димекең зейнетке шыққан шағында визитка жасатқан екен. Сол бір алақанға сыйып кететіндей кішкене төртбұрышты қағазға аты-жөні мен «тау-кен инженері» екенін ғана жаздырады. Сонда айналасындағылар Димекеңнің осыншалықты қарапайымдылығына қатты таңғалып, өзінің лауазымдарын не себепті жазбауының жайын сұрағанда, өзінің бұл шешімін «оның бәрі өтпелі де кетпелі, ал «тау-кен инженері» деген өмірлік нәрсе» деп, бір ауыз сөзбен жауап берген екен.
    Димекең өзінің өмірін баян еткен «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты естелік кітабында өзі жастайынан тау-кен инженері болуды армандағанын айтады. Оның бала қиялын қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы инженері Мұхаметжан Тынышбаевтың тұлғасы тербеген. Ақыры, ол осы арманының жетегімен инженерлік кәсіпті таңдайды. 1931 жылы он тоғыз жасар жігіт Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің жолдамасы бойынша Мәскеу түсті металдар институтына оқуға түседі. Сөйтіп, ол өзінің «Жылына 90 мың тонна қара мыс өндіру үшін Қоңырат карьерінің қуатын айқындау» деген нақты дипломдық жұмысын сәтті қорғап, тау-кен факультетін қызыл дипломмен тәмамдап, ел жолындағы қызметін бастайды.
    Бір қызығы, Димекең бар өмірін ғылым мен ел ісіне арнап, жиырма жеті жасқа келгенше ғашықтық, махаббат жайлы ой ойлап, ешбір уайымдамапты. Мүлдем ойламады емес, ойлады, әрине. Әйел затын аса қастерлеген азамат ретінде жар таңдаудың үлкен жауапкершілік екенін ойға түйді. Сөйтіп, ол: «Асылы, жар таңдау – адамға бір-ақ рет берілетін уақыт, мүмкіндік. Сол бақытты баянды ету – біздің өмірімізге байланысты. Өмірге сергек қарау отбасынан басталады, оның түтін түтері – сүйген жарыңды сыйлаудан басталады», – деген даналық ойға келді.
    Димекеңнің болашақ жары Зухра Шәріпқызымен танысуының өзі аңызға бергісіз оқиға болған. Бір күні бірге оқыған досы белгіленген мекенжайға хат апарып беруін сұрайды. Ол көрсетілген мекен-жай бойынша барса, алдынан ойы жүйрік, жүзі жарқын бір қыз шығады. Танысқаннан кейін болашақ жас жұбайлар бір кешті бірге өткізген. Одан кейінгі қос ғашықтың кездесулері Алматы қаласындағы Карл Маркс пен Совет көшелерінің (қазіргі Қонаев пен Қазыбек би) қиылысындағы театрда өтіп, балдай тәтті, шоқтай ыстық естеліктер қалған.
    Сол бір шешуші 1939 жылдың қыркүйек айының соңында Димекең қызмет бабымен Балқаштан Алматыға сапар шегіп, Орталық комитеттің қайраткерлерімен бірқатар кездесулер өткізеді. Осыдан кейін ғашық қызына қызметі Риддерге ауысатынын айтып: «Зухра, менімен Риддерге баруға қалай қарайсың?» – деп сұрайды. Зухра бұл оның тұрмыс құруға жасаған ұсынысы екенін түсініп, келісімін береді. Сол бір күн – кеудесінде махаббат оты алаулаған жас жігіттің өміріндегі ең бақытты сәттердің бірі болатын.
    «Сүйіктіммен кездескенім үшін тағдырыма ризамын. Біздің көңілді тойымыз 18 қазан күні әпкем Әмина Ахметқызының пәтерінде өтті. Қонаққа институттағы достарым, Қазақ тау-кен институтының мұғалімдері, инженер Жақсыбаев пен Кравченко, Зухраның ағасы Гариф Шәріпұлы жас жұбайымен келді», – деп жазды Қонаев өзінің естеліктерінде.
    Димекең сүйікті жары Зухра Шәріпқызымен өткізген өмірінің әрбір күнін зор бақытқа балаған. «Маған Зухра Шәріпқызы ең жақын, ең қимас дос еді. Біз елу жыл, алты ай, екі күн бірге өмір сүрдік. Ол – қайта айналып келмейтін, маңдайға бір-ақ рет жазылатын бақыт. Қазақ «Бағы бар жігіттің жары өзіне тең келер» деп тегін айтпаған. Бірақ, тағдыр оны алға салды, жасы жер ортасынан асқан кісіге одан ауыр азап жоқ. Өкінгенмен болмайды, өмір заңы қатал», – деп жазды ол кейін.
    Иә, Димекеңнің өзі жазғандай, өмір заңы қатал. Жары Зухра Шәріпқызы дүниеден озып, тағдырдың ең ауыр соққысынан оңала алмай қалған ақсақал сексен екі жасқа қараған шағында жүрегінен екінші мәрте инфаркт алып, көз жұмды. Дәрігерінің айтуы бойынша, сонда Димекең жас кезінде өзіне үлгі тұтқан тұлғаға – Алаштың арда ұлдарының бірі, отызыншы жылдары Мәскеу билігінің пәрменімен жүргізілген саяси қуғын-сүргін құрбаны Мұхаметжан Тынышбаевқа Сарқан қаласында ескерткіш ашу салтанатына барып, сөз сөйлеп, елдің құрметіне бөленіпті. Содан кейін Алматыға қайтпақ болған ақсақалды ел азаматтары көңіл сейілтіп қайтуға шақырып, Алакөл жағасына апарған. Бірақ, барғаннан мазасы болмай, кері қайтпаққа ыңғайланған сәтте ұзақ жылдар жанында серігі болып жүрген жеке дәрігері Мүліковтің көз алдында мәңгі сапарға аттанып кетіпті.
    Қуаныш Сұлтанов өз кітабында кілтін дәл тауып, бейнелеп жазғандай, «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен бірге тұтас бір дәуір көшті». Асылында, қайшылығы да, қиындығы да көп сол дәуірдің негізгі кейіпкерлері біздің әкелеріміздің ұрпағы болса, сол әке ұрпақтың ең көрнекті өкілдерінің бірі Дінмұхамед Қонаев екені бұлтартпас шындық. Және де осы кезеңнің Одақ құрамында Мәскеуге саяси бағыныштылық жағдайында Қазақстан әлеуетінің өсіп, өркен жайған дәуірі болғаны да ақиқат.
    Қазақстанды ұзақ жыл басқарған Қонаев мейлiнше таза, адал, әдiл бола бiлдi. Бiлiгi де мол, сол бiлiгiне сай, өте бiлiмдi де едi. Саяси басшының осындай қасиеттерге ие болуы – халық үшiн, әрине, зор игiлiк, үлкен ырыс.
    Кітап авторы сөзінің басында: «Елу жылға жуық республикамыздың басшылығында лауазымды қызметтер атқарған Дінмұхамед Ахметұлының елдің өркендеуіне, халқымыздың өсіп-өнуіне қосқан үлесі өлшеусіз. Оның бәрі республика тарихы мен шежіресінде сақталған», – деп тұжырымдаса, қорытынды тарауында осы ойды қуаттап: «Дінмұхамед Ахметұлының еңбегі халық жадында. Ол кісінің атында Астана, Алматы, Шымкент, тағы басқа республикамыздың ірі қалаларында оқу орындары, даңғыл, көшелер бар, ескерткіштер орнатылған.
    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласына Қонаевтың есімі берілуіне бүкіл халық зор ықылас, ризашылықпен қолдау көрсетті», – деп аса зор мақтанышпен атап өтеді.
    Сөзімізді қорытындылай келе, біз оны мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанұлының ұлы ұстазы, ұлт кемеңгері туралы айтқан өз сөзімен түйіндеуді жөн көрдік: «Тарихымыздың қилы кезеңдерінде, одақтық билік үстемдік құрып тұрған мемлекетте республика мүддесін біліктілікпен қорғап, тұрмыс, білім, ғылым әлеуетін жаңа халықаралық дәрежеге, жаңа сапаға көтеріп, көптеген жаңа өндіріс орындарын аштырып, жаңа қалалардың іргетасын қалатып, оларда ел тұрағын орнықтырып, ұлт атынан сөз ұстаған тұлғамыз – қазақтың Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевы».

    Жақыпжан Нұрғожаев,
    публицист, жазушы

    Ұсынымдар

    «Altyn Julduz»  алға басып келеді

    «Altyn Julduz» алға басып келеді

    1 year ago
    Құрылыс жұмысы қарқынды

    Құрылыс жұмысы қарқынды

    1 year ago
    Жер кадастры саласындағы коммерциялық қызмет цифрландырылды

    Жер кадастры саласындағы коммерциялық қызмет цифрландырылды

    1 year ago
    Облыстық әкімдікте жартыжылдық қорытындыланды

    Облыстық әкімдікте жартыжылдық қорытындыланды

    12 months ago
    Елордада Алматы облысы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

    Елордада Алматы облысы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>