Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылының жас өнерпазы Мирас Нағашыбай Беларусь Республикасы Витебск қаласында өткен XXIII халықаралық «Славян базары» балалар музыкалық байқауында 1-орынға ие болып, еліміздің абыройын асқақтатты.
Биік шыңды бағындырған жеңімпазды Алматы халықаралық әуежайында жақындары мен туыстары, достары мен ауылдастары ыстық ықыласпен қарсы алды. Анасы Индира Өтемісованың айтуынша, ол 5 жасынан бастап ән айтады.
– Мирас 8 жылдан бері шығармашылықпен айналысып келеді. Оның мектеп-студиясы Алматыда орналасқан. Мұндай байқауларға қатысар алдында күн сайын дайындалады. Оның бүгінгі жеңісі – өзінің ғана емес, ұстаздарының да еңбегінің нәтижесі. Бізге қолдау көрсеткен Ұзынағаш ауылындағы Мәдениет үйі қызметкерлерін де ерекше атап өткім келеді. Осы байқауға қатысуға демеушілік жасаған Алматы облысының әкімдігіне айтар алғысым шексіз, – деді.
Мирас кішкентай кезінен ерекше музыкалық дарынымен дараланып келеді. Оның дауысы, әнді жүрекке жеткізе орындай білуі мен әртістік қабілеті ұштасып, тыңдармандарға ерекше әсер сыйлайды. «Славян базарында» ол екі ән шырқады, оның бірін ана тілінде орындап, өз елінің мәдени байлығын күллі әлемге паш етті.
– Бұл – күрделі байқаулардың бірі, оған 14 елдің үздік орындаушылары қатысты. Мен осындай деңгейдегі жарыста жеңіске жеткеніме және Қазақстан атынан ең жоғары балл жинағаныма өте қуаныштымын, – деп өз әсерімен бөлісті Мирас Нағашыбай.
Мирастың жеңісі – елімізде өзін әлемдік деңгейде таныта алатын нағыз таланттардың өсіп келе жатқанының тағы бір дәлелі. Ал біз өз кезегінде жас өнерпазға шабыт, өзіне деген сенім және шығармашылық жетістіктер тілей отырып, жаңа жеңістерді асыға күтеміз.
Інжу Темірхан




