Әскерге барған жастарды ынталандыру жөніндегі Президент тапсырмасынан кейін елімізде бірқатар жеңілдік қарастырылғаны белгілі. Әскери қызметшілерге қарызын өтеуге кредиттік каникул, жоғары оқу орындарына түсуге грант беріледі. Мұндай жеңілдікке Жамбыл ауданының жастары да ие болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қабылдаған тиісті нормативтік-құқықтық құжатқа сәйкес, мерзімді әскери қызметін өткеріп, жоғары жауынгерлік даярлық көрсеткен азаматтарға еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуға арнайы мемлекеттік гранттар бөлінген еді. Солардың қатарында Отан алдындағы борышын өтеуге Жамбыл ауданынан шақырылып, мерзімді әскери қызметін абыроймен атқарған екі азамат та білім грантына ие болды. Осыған байланысты Жамбыл аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде өткен салтанатты жиында Нұрбол Өмірзақов пен Самат Нұрсәлемге оқуға түсуге арналған сертификат табысталды. Бұл олардың ел алдындағы адал қызметі мен табандылығының жарқын жемісі екені атап өтілді. Олардың жетістігі өзгелерге үлгі болары анық. Нұрбол Таңатұлы мен Самат Ерболұлы өткен жылдың көктемінде әскерге шақырылып, мерзімді әскери қызметті ойдағыдай атқарып келді. Енді олар жоғары оқу орындарында білім алмақ.
Әскерге барғандар үшін жасалған мұндай шара – Отан алдындағы борышын адал атқарған жастарды нақты қолдауға бағытталған маңызды қадам. Жамбыл ауданында әскерге шақыру науқаны белгіленген тәртіпте ұйымдастырылып, құзырлы мекемелердің қатысуымен тиісті жұмыстар жүрізіледі. Алайда кейбір әскерге шақырылушы денсаулық жағдайына немесе басқа да себептерге байланысты әскерге жарамсыз болып жатады. Сондықтан жастар арасында патриоттық тәрбие жұмысын күшейту және денсаулықтарын жақсарту аса маңызды.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы
