-13 °c
Qonaev
Saturday, August 16, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Әдебиет

    ГУМАНИЗМ БИІГІ

    09.08.2025
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Руханият
    ГУМАНИЗМ БИІГІ
    0
    SHARES
    2
    VIEWS

      1886 жылы енді ғана қырыққа толған, жігіт ағасы жасына енді ғана жеткен жас Абай алпыстан асқан абыз қариядай: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек. Ашуың – ашыған у, ойың – кермек. Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық, Кім көңілді көтеріп, болады ермек? Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек, Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек. Арамдықтан жамандық көрмей қалмас, Мың күн сынбас бір күні сынар шөлмек. Алашқа іші жау боп, сырты күлмек, Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек. Бір-екі жолы болған кісі көрсе, Құдай сүйіп жаратқан осы демек», – деп келетін аса ойлы, мазмұны терең, көлемі ұзақ атақты өлеңдерінің бірін жазыпты.

    Қырыққа толған Абайдың өз заманын­дағы қазақ қоғамын түгел зерттеп, қоғамның ішкі, сыртқы құбылыстарының барлығын ой елегінен өткізіп, әсіресе осы қазақ қоғамын құрап отырған, осы қоғамда өмір сүріп, тіршілік кешіп жатқан қазақ деген халықтың мінезіне, болмысына байланысты өзінің түйгенін, түйсінгенінің барлығын жүрегі езіліп, жаны шырқырап отырып ақ қағазға түсіріпті. Жүрегі езіліп, жаны шырқырайтын себебі, көзімен көріп отырған ащы шындықты көзге шұқып, ашып жазбасқа амалы қалмаған. Қазақ мінезіндегі, қазақ болмысын­дағы жанды ауыртатын барлық кемшіліктер мен келеңсіздіктерді әжуалап отырып, ащы сарказмге салып отырып, аяусыз айыптайды. Әсіресе, қазақтың бойындағы билік­құмарлықты, даңққұмарлық пен даңғазалықты, қазақтың дүние-мүлік пен байлыққа, мал мен пұлға көзсіз беріле бастағанын, орыстың арзан, алдамшы шен-шекпеніне құлдық ұрып, бодандыққа бас иіп, ашкөздікпен жарысқа түсе бастаған, ұяттан безіп, араны ашыла бастаған бай мен бишікештердің пұшайман күйін Абайдан артық, Абайдан асырып айтқан ақынды қай ғасырдан іздесеңіз де таппайсыз!
    Осынау тақырыпқа, яғни адам бойын­дағы даңққұмарлыққа, ашкөз­дікке Абай тағы бір туындысын «Ескендір» атты тұтас дастанын арнаған еді. Шығыс халқының барлығында ғасырлар бойында жасап келе жатқан, бірнеше нұсқалары өмірге келген осынау Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) сюжетіне Абай неге ат басын бұрды? Неге қазақ қоғамынан, сондағы өрттей қаулап, өршіп бара жатқан әлеуметтік-қоғамдық құбылыстардан бір сәт алыс кетіп, әлемдік маңызы бар тақырыпты өз туындысына арқау етті?
    Кішкене шегініс жасасақ, Абайға дейін де Шығыстың ең әйгілі шайырлары, ақындары, жыршы, жыраулары осынау Ескендір Зұлқарнайын тақырыбына барған, өз шығармаларын арнаған. Олардың барлығы түгелдей Ескендір Зұлқарнайынды әлемді жаулаған ержүрек қолбасшы, данышпан патша бейнесінде суреттейді. Ал Абай болса, араны ашылған, ашкөз, тойымсыз патшаның бейнесін әдебиетке алып келді.
    Абайдың аталған дастаны 1909 жылы немере інісі Кәкітай Ысқақұлы мен баласы Тұрағұл жарыққа шығарған ақынның тұңғыш өлеңдер жинағында Мүрсейіт Бікеұлы қолжазбаларының 1905 және 1907 жылғы нұсқалары негізінде жарияланды. Македония патшасы, әлемнің тең жарымын жаулап алған Александр Македонский (жаңаша жыл санауымыздан бұрынғы 356-323 жылдар) жайында сандаған тарихи еңбек және көркем шығармалар, әңгіме, аңыздар бар. Х-ХI ғасырларда Ескендір туралы аңыздар Еуразия кеңістігінде ғұмыр кешкен көшпенділерге де, соның ішінде түрік халықтарына да кең жайылды. Махмұт Қашқаридың «Түрік сөздігі» атты әйгілі еңбегінде де Ескендірге қатысты сюжеттік оқиғалар арнасы сөз болады.
    Ескендір Зұлқарнайынға қатысты көркем шығармалардың ең атақтылары, қалың елге танымал болғандары – әзербайжан халқының ұлы ақыны Низамидің «Искандер-наме» атты поэмасы, өзбек халқының әйгілі ақыны Науаидың «Садди Искандири» атты поэзиялық туындысы, парсы, тәжік халқының ұлы ақыны Фердаусидің «Шахнама» атты әйгілі дастанындағы Александр Македонскийге арналған тараулары. Бір ерекшелігі, Абай осынау шығармалардың барлығымен таныс болған. Оқыған, ой елігінен өткізген.
    Дәстүрлі қазақ поэзиясында сюжет­тік оқиғаларды арқау етіп, тарихи кезең­дердің шындығын биік көркемдік деңгейде, тартымды суреткерлік шебер­­лік аясында жинақтап көрсете алған эпикалық шығармалар молынан кездеседі. Поэзия­мыздағы осынау арнаулы көркемдік ізденістердің арғы бастауларына назар аударатын болсақ, бірінші кезекте Абай поэзиясының көркемдік тағылымы, шеберлік мектебі ойға оралады.
    Абай Құнанбаевтың халық басынан өткен белгілі тарихи кезеңдерді және осы кезеңдерде тағдыр кешкен немесе ел өміріндегі ірі-ірі оқиғаларға ұйытқы болған тарихи тұлғалардың өмірінен алынған сюжеттік желілерді арқау ете отырып, терең гуманистік, адамгершілік, азаматтық идеяларды көтеретін туындылары кейінгі қазақ поэзиясына да өзінің игі ықпалын тигізді.
    Абай жырлаған бұл тақырыптардың ішінде қазақ поэзиясының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан алтын арқауы – адамзаттық гуманистік құндылықтар, биік адамгершілік қасиеттер, мәңгілік махаббат, жастар арасындағы сүйіспеншілік, Отанды қорғау, туған жер үшін күресті бейнелеу идеялары да алдыңғы қатарға шығады. Айталық, ұлы ақынның «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» атты поэмалары осынау өзекті тақырыптарды бейнелеудің қазақ әдебиетіндегі озық үлгілері болып есептеледі.
    «Ескендір» поэмасы ақындық шегініс­тен басталады. Ұлы ақын, алдымен, Ескендір патшаның кім екендігін, қандай іс-әрекеттерге барғандығын, өз заманында қандай билік жүргізгендігін шолып айтуды мақсат етеді. Ізгілік пен қатыгездікті, жақсылық пен жамандықты бірден ажыратып, ақындық позициясын бірден анықтап, айшықтап жеткізген ақын Абай Ескендір патшаға оның тұлғасына, тарихи орнына деген өз көзқарасын бірден ажыратып алады.
    Оқырман да ақын дүниетанымына тән, авторлық мақсатқа сай ақын Абай қандай гуманистік құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді алдыңғы қатарға шығарғысы келгендігін бірден аңғарады. Сондықтан поэманың басталуындағы алғашқы шумақтардың өзімен-ақ Абай өз дүниетанымын, адамзат тарихында орын алған заманауи оқиғаларға қатысты өз бағасын бүркелемей, астарламай, ақ пен қараны бөліп тастағандай етіп оқырманға ашық, тайға таңба басқандай түсінікті әрі поэтикалық аяда шашыратып алмай, түйіндеп, жинақтап жеткізеді.
    Поэманың:
    Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
    Македония шаһары – оған мекен.
    Филипп патша баласы, ер көңілді,
    Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен.

    Филипп өлді, Ескендір патша болды,
    Жасы әрең жиырма бірге толды.
    Өз жұрты аз көрініп, көршілерге,
    Көз алартып қарады оңды-солды

    Сұмдықпен ғаскер жиып қаруланды,
    Жақын жерге жауболды, тұра аттанды.
    Көп елді күтінбеген қырды, жойды,
    Ханды өлтіріп, қаласын тартып алды.

    Жазасыз жақын жердің бәрін шапты,
    Дарияның суындай қандар ақты.
    Шапқан елдің бәрін де бодан қылып,
    Өкіметін қолына тартып апты.

    Ескендір елде алмаған хан қоймады,
    Алған сайын көңілі бір тоймады.
    Араны барған сайын қатты ашылып,
    Жердің жүзін алуға ой ойлады

    Қан ішер қаһарлы хан ашуы көп,
    Атағынан қорқады жұрт қайғы жеп.
    Сол күнде қошеметші айтады екен,
    Ханның ханы, патшаның патшасы деп.

    Атағы талай жерге оның жетті,
    Жердің жүзін алуға талап етті.
    Есепсіз әскер ертіп, жарақтанып,
    Есіткен елдеріне жүріп кетті, – деген жолдармен басталуында осындай үлкен авторлық мақсат жатқандығын байқамау мүмкін емес.
    Ақын және заман, ақындық дүние­таным және тарихи тұлға болмысы категорияларын Абай саналы түрде жіктеп, жіліктеп көрсет­кісі келмегенімен, осынау поэма шумақ­тарының мазмұнынан, поэти­калық астарынан қазақ оқырманы ақын меңзегелі отырған гуманистік, қалаберді адамзаттық құндылықтарды жан жүрегімен қабылдайды. Ең бастысы, ақын дүниетанымындағы рухани құндылықтардың бір адамның, яғни белгілі тарихи тұлғаның өмірбаянына қатысты, сол кезеңдегі өткен тарихи оқиғалар арқылы қалайша жарқырап көрініс табатынына куә боламыз. Поэманың астары қалың сюжетке құрылуы, ішкі динамикасының ширақ, жинақы болып келуі, өте тартымды жатық тілі, ең бастысы, шығарманың көркемдік сапасынан, поэтикалық жүйесінен Абай қолтаңбасының айшықты көрінуі поэманың ең басты құндылығы ретінде бағалануы тиіс.
    Ақынның көркемдік қабылдауында Ескендір сияқты тарихи тұлғаның жеке тағдырынан бастау алатын сюжеттік желі өрби келе поэманың көркемдік шешіміне орай айрықша әсерлі, айрықша тартымды, тағылымдық, тәрбиелі маңызға ие болады. Яғни, жеке тұлғаның өмірінен алынған тарихи оқиғалар шоғыры көркемдік дүниетаным, философиялық ой-толғамдар арнасында ақын үшін бүкіл адамзаттық идеяларды көтеруге мол мүмкіндіктер ашты.
    Тарихи тұлға Ескендір патшаның қанқұмар­лығы, тойымсыздығы, дүние­қоңыздығы сияқты жағымсыз қасиеттері шығарма арқауында үзбей жалғасып, бір-бірімен іштей сабақтасып отыратын сюжеттік оқиғалар арқылы оқырманға әсерлі жеткізіледі.
    Поэманың сюжеттік желісінде ашкөз, қанқұмар патша Ескендірге қарама-қарсы бейне ретінде ғұлама ғалым, данышпан, дана қария Аристотель бейнеленеді. Поэманың көркемдік шешімі ретінде ақын Абай өз шығармасында арнайы Аристотель сөзіне кезек береді.
    Дүниені жаулап, ашу мен қатыгездікке ерік берген, тоқтау, қанағат, рақым дегенді білмеген қанқұмар патшаға Аристотельдің сөзі ой салады. Қатыгез патшаны райынан қайтарады. Адам баласының көзі тірісінде дүниеге тоймайтынын, барға қанағат етпейтінін меңзей отырып, поэма кейіпкері Аристотель:
    «Таразыны әпкел де, сүйекті сал,
    Бір жағына алтын сап, өлшеп қара!».

    «Бұл – адам көз сүйегі», – деді ханға,
    Тоя ма адам көзі мың мен санға?
    Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,
    Өлсе тояр, көзіне құм құйғанда.

    Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,
    Алған сайын дүниеге тоя ма екен?
    Қанша тірі жүрсе де, өлген күні,
    Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен.

    Ашуланба, ей, патшам, айтайын дат:
    Алтын қақпа бермеді сізге рұқсат.
    Сый сұрадың, бергені – бір қу сүйек,
    Мұны көріп, алыңыз сіз де ғибрат!» – деп терең астарлы өсиет сөзін айтады. Поэманың аяқталар тұсындағы осынау шумақтар шығарманың күллі көркемдік шешіміне сыйып тұрған тақырыптық-идеялық ойды, автордың концептуалды көзқарасын, терең дүниетанымын аңғартады.
    Поэманың идеялық, көркемдік жаңалығы да, алдымен, осынау авторлық шешімдегі ақынның өзіндік толғаныстарынан нәр алады. Демек, Абай сомдаған көркем бейнелер тарихи кезеңдер шындығын авторлық идеяға сәйкес қайта жаңғыртып, қайта құбылтып, мүлдем жаңаша мазмұндық аяда оқырманға ұсынуға болатындығын көркемдік тұрғыдан дәлелдеді. Түйіндей айтқанда, адам пенденің табиғатындағы, тегіндегі, болмысындағы болатын кісілік қасиеттерінің ішіндегі адамзатқа жау, адамды жарға жығатын, аздыратын, бір-біріне жау, дұшпан ететін ең бір мерез мінездерді ашық айыптаған, ащы сынаған.
    Қай ғасырда болсын күн тәртібінен түспей келе жатқан тақырыпта хәкім Абай әлемдік дүниетаным биігінен, парасат биігінен, мәңгі құнын жоймайтын гуманизм биігінен ой толғайды. Бүгінге дейін құнын, бағасын бір мысқал да төмендетпеген, көркемдік сапасы кемел, теңдессіз, поэтикалық қуаты орасан зор поэзия­лық туындыларын өмірге әкелді.

    Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
    Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы,
    Абай ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері

    Ұсынымдар

    Тартысты жекпе-жек

    Тартысты жекпе-жек

    4 weeks ago
    Өрісі кең өндіріс

    Өрісі кең өндіріс

    4 months ago
    Асханасы жоқ мектептерде тамақтанудың 3 тәсілі қарастырылып жатыр

    Асханасы жоқ мектептерде тамақтанудың 3 тәсілі қарастырылып жатыр

    2 years ago
    Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды

    Қонаев сотында биыл 3800-ден астам іс қаралды

    9 months ago
    Еңбегімен елге сыйлы

    Еңбегімен елге сыйлы

    2 weeks ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>