Қазақстан – жол-көлік оқиғасынан қаза табатындар саны бойынша ТМД елдері арасында алдыңғы орында тұр. Халықаралық «World Population Review» тәуелсіз ұйымының дерегінше, елімізде былтыр 1 миллион адамға шаққанда 130 адам жол апатынан мерт болған. Орталық Азия елдері арасында Қырғызстанда бұл көрсеткіш 118 болса, Өзбекстанда – 62.
Кейінгі уақытта елде үш немесе одан да көп адам қаза табатын жол апаты жиілегенін Ішкі істер министрлігі де мойындайды. Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің дерегінше, былтыр елде жол-көлік апаты саны 2023 жылғыдан екі есеге жуық артқан. Мәселен, 2023 жылы облыста 1275 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, былтыр ол бірден 2,5 есеге көбейіп, 3105-ке бір-ақ секірген. Қаза тапқандар саны да артқан (379 адам).
Ішкі істер министрлігі қайғылы жол апатына «жылдамдықты асырады, жолда жүру ережелерін бұзады, қарсы бағытқа шығып кетеді» деп көп жағдайда жүргізушілердің өзін кінәлайды. Мұны жоққа шығара алмаспыз, бірақ бірден бірнеше адам ажал құшатын жол апаттары көбінесе қарсы бағыттар арасы бөлінбеген, сапасы нашар жолдарда болатыны жасырын емес.
Әйтсе де, кейінгі уақытта жол қауіпсіздігін камераның көмегімен айыппұл салу арқылы қадағалауға басымдық беріліп кеткендей көрінеді. Мәселен, бұдан бірнеше жыл бұрын Алматы, Астана және басқа да қалаларда құқық бұзушылықты азайту, оның ішінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүргізушілердің тәртібін жақсарту мақсатында «Сергек» камералары орнатыла бастағаны белгілі. Қазір қалада 9152 камерадан тұратын 1641 «Сергек» кешені жұмыс істейді. Тек 2024 жылдың тоғыз айында бір Алматының өзінде аталған камералардың көмегімен үш миллионнан астам құқықбұзушылық тіркеліп, 18,6 млрд теңгеден асатын соманың айыппұлы салынған. «Сергек» камералары қалада жылдамдықты асырған, бағдаршамның сары түсті жарығына тоқтамаған, жол қиылысындағы белгілерді қиып өткен, рұқсат етілмеген орындарға тоқтаған көліктерді түсіреді.
Статистиканы келтіргенде, тіркелген әкімшілік құқықбұзушылықтың саны мен айыппұл көлеміне басымдық берілетіндей. «Сергек» туралы сөз болғанда көбіне Алматы мен Астана қалалары аталып, камералар арқылы миллиардтаған теңгенің айыппұлы салынғаны алға тартылады. Бұлай деуімізге 2016 жылдан бері елімізде тіркелген әкімшілік құқықбұзушылықтар мен әкімшілік жауапқа тартылғандар санының артуы дәлел бола алады. Мәселен, 2016 жылы елде 4,03 миллион әкімшілік құқықбұзушылық тіркелсе, 2024 жылы ол 4 есеге жуық артып, 15,13 миллионға жеткен. Әкімшілік жауапқа тартылғандар саны да 2016 жылғы 3,95 миллион адамнан 2024 жылы 14,65 миллион адамға ұлғайған. Салынған әкімшілік айыппұл көлемі мен өндіріліп алынған айыппұл мөлшері де 2016 жылдан бері үш еселеп көбейген. Келтірген мәліметтерден көргеніміздей, елде камера көбейіп, айыппұл көлемі артқанымен, жолдағы қауіпсіздік жақсармай тұр деуге болады.
Бірақ жол-көлік апатының 75 пайызы елдімекендерде, оның ішінде кісі өліміне соқтыратын оқиғалардың жартысына жуығы халықаралық және республикалық маңызы бар, қала аумағынан тыс жолдарда болады екен. Яғни, камералар ірі қалаларда негізінен заң бұзушылықтарды тіркеу мақсатында ғана орнатылатындай әсер қалдырады. Әділін айту керек, 2021 жылдан бері салалық министрлік өкілдері берген мәлімет бойынша, көлік апаты көп болатын республикалық жолдарда 500-ге жуық бақылау камерасы орнатылған. Олар көлік жылдамдығын есептеуге және түрлі заңбұзушылықтарды тіркеуге де қолданылады.
Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасы былтыр желтоқсанда қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін интеллектуалды «Сергек» жүйесін іске асыруды қолға алғанын хабарлаған. Жоба аясында облыста 9 мыңнан астам қоғамдық қауіпсіздік камерасы және 325 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылады делінген. Қазірге дейін жоба аясында Жамбыл ауданында 800 камера орнатылған. Цифрлық технологиялар басқармасының дерегінше, «Сергек» жүйесі енгізілген аймақтарда қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейі 40%-ға, ал жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім 50%-ға төмендеген. Бірақ облыстағы картинаға, оның ішінде жол-көлік апаттарына қарасақ, олай емес сияқты.
Былтырғы жылдың соңынан бастап республикалық маңызы бар жолдардағы камералар көліктердің орташа жылдамдығын анықтап, жылдамдықты асырған жүргізушілерге 5 айлық есептік көрсеткіштен 40 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салатын жобаны іске қосуда. Бұл шараның күрежолда жүйткіген жүргізушілердің жылдамдықты асырмауына, тиісінше, қайғылы жол апатын азайтуға қаншалықты ықпал ететінін уақыт көрсетеді.
Айбек БЕЙСЕБАЕВ