Перейти к содержимому
Главная страница » Жерлестер – жеңімпаз!

Жерлестер – жеңімпаз!

Қонаев қаласында жағажайдағы самбодан Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Орталық жағажайда өткен ел біріншілігіне 16 өңірден келген 200-ден астам үздік спортшы қатысты.

Турнирдің алғашқы күні жеке сайыстарға арналса, екінші күні командалық жарыстар ұйымдастырылды. Мамандардың айтуынша, командалық формат самбо философиясын айқын көрсетеді. Мұнда өзара қолдау, серіктестерге деген құрмет пен ұжым алдындағы жауапкершілік ерекше маңызға ие. «Командалық турнир әрдайым жеке біріншіліктен ерекше болады. Мұнда спортшы тек өз нәтижесі үшін емес, артында тұрған командасы, жаттықтырушылары және өз өңірінің намысы үшін күреседі. Сондықтан жауапкершілік бірнеше есе артады. Біз қатысушылардың жоғары деңгейдегі дайындығы мен әр кездесудегі жанкештілігін көрдік. Осындай жарыстар мықты спортшыларды ғана емес, нағыз көшбасшыларды тәрбиелеуге ықпал етеді» – деді облыстық самбо федерациясының басшысы Руслан Жармұхаметов.
Аталған спорт сайысында жерлестеріміз ешкімге дес бермеді. Барлық бәсекеде жоғары шеберлік пен мықты дайындықтарын көрсетіп, командалық жарыстың жеңімпазы атанды. Күміс жүлдені Қарағанды облысының құрамасы иеленсе, қола медальдарды Алматы қаласы мен Астана қаласының командалары өзара бөлісті.
Облыс орталығында жалауын желбіреткен чемпионатта Қазақстан әйелдер құрамасы көшбасшыларының бірі Арайлым Әбенова сынды даңқты спортшылар да өнер көрсетті. Ол 2023 жылы Ереванда өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, әйелдер арасындағы аса ауыр салмақта әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық спортшы атанған. «Бүгінде еліміздегі бәсекелестік деңгейі өте жоғары. Әрбір салмақ дәрежесінде халықаралық жарыстарда жүлдеге таласа алатын спортшылар бар. Жағажай самбосының ерекшелігі – оның жоғары қарқынында. Сондықтан мұнда физикалық дайындық пен техникалық шеберліктен бөлек, жылдам шешім қабылдау қабілеті де маңызды. Осындай жарыстар Азия чемпионаты мен маусымдағы басқа да ірі жарыстар алдында тәжірибе жинауға мүмкіндік береді», – деді Арайлым Әбенова.

Өз тілшіміз