Жамбыл ауданындағы «Жас ұлан» оқушылар үйінде «Мектеп парламенті: уақыт және белсенді тұлға» тақырыбында оқушылар слеті өтті. Оған жалпы білім беретін мектептердегі «Мектеп парламенті» ұйымдарының жетекшілері, педагог-ұйымдастырушылар, тәлімгерлер келіп, жалпы саны 300 адам қатысты.
Шара «Мектеп парламенті» ұйымының жұмысын жетілдіру, оқушылардың көшбасшылық қабілетін дамытып, бойына адами құндылықтарды дарыту мақсатында ұйымдастырылды. Жиынға облыстық білім басқармасына қарасты Қосымша білім беру, спорт, алғашқы әскери дайындық және қосымша білім беру ғылыми-тәжірибелік орталығы директорының орынбасары Сәбит Толыбеков, аудандық мәслихат депутаты Гүлзира Станқұлова құрметті қонақ ретінде қатысып, жас көшбасшыларға ізгі тілектерін арнады. Слетте жастардың жаңа идеяға толы жұмыстары сараланды. «Балалар қозғалысы», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Шабыт» жобалары қалай жүзеге асырылып жатқанына баса мән берілді. Сонымен қатар «Құндылықтар – жастар жүрегінде», «Ұлттық құндылық – болашаққа аманат», «Адам болам десеңіз…» тақырыптарында пікірталас өтіп, кәсіптік бағыттағы жұмыс алаңдары көрсетілді. Мұнда оқушылар өздерінің үздік жобаларын ұсынып, тәжірибе бөлісті. Тақырыпқа сай шығармашылық таныстырылым өтті. Әр мектептен келген оқушылар өз ойларын ашық білдіріп, бастамашылдық танытты.
Кеш барысында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық және қазақ кино өнерінің көрнекті тұлғасы, талантты режиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай қойылым ұсынылды. Жиын қорытындысында үздік жұмыстар анықталып, оқу жылында жоғары көрсеткішке қол жеткізгендер марапатталды.
«Мектеп парламенті» – оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымы. Оның негізгі мақсаты – мектеп өміріне белсенді араласатын, жауапкершілігі жоғары, шығармашыл және көшбасшы оқушы тәрбиелеу. Осы ұйым арқылы оқушылар қоғамдық жұмыстарға қатысып, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік алады.
– Жамбыл ауданында 56 «Мектеп парламенті», онда 448 фракция мүшесі бар. Олар мерекелік және спорттық шараларға, қайырымдылық, экологиялық акцияларға, дебат, пікірсайыс, интеллектуалдық ойындарға белсене қатысады. Оқушыларды ұйымшылдыққа, жауапкершілікке және көшбасшылыққа тәрбиелеуде «Мектеп парламентінің» маңызы зор. Бұл ұйым жастардың шығармашылық қабілетін дамытып, өз ойын еркін жеткізуге үйретеді. Сонымен бірге бірлесіп жұмыс істеуге, достық қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді. Мұндай оқушылар болашақта қоғам өміріне белсенді араласатын азамат болып қалыптасарына сеніміміз мол», – дейді аудандық білім бөлімінің қызметкері Әлия Оқанқызы.
Аудан орталығына шалғай аймақтан келген Беріктас, Тарғап, Таңбалытас, Мәтібұлақ, Ақтерек, Шилібастау ауылдарындағы мектеп шәкірттері де белсенді қатысып, «Ұлттық құндылық – жастар жүрегінде» атты алаңда қолөнер көрмесін ұсынды. Көрмені таныстырған оқушылар ұлттық құндылықтардың мәнін ашып көрсетті. Мәселен, Тарғап орта мектебінің 9-сынып оқушысы Жәнел Мұратбек Алаш арыстарының ел тәуелсіздігі жолындағы күресі мен жастарға қалдырған рухани мұрасы туралы айтса, Мәтібұлақ орта мектебінің 11-сынып оқушысы Мырза Арманұлы ұлттық құндылықтардың қазіргі жастар өмірінде алар орнына тоқталып, тіл, дәстүр, өнер және салт-сананың болашаққа жол ашатынын жеткізді. Сол сияқты Таңбалытас ауылынан келген оқушы ұлттық мұраның жастар жүрегінде сақталуында қолөнердің маңызы туралы өз ойымен бөлісті.
Оқушыларын бастап келген Тарғап орта мектебінің педагог-ұйымдастырушысы, тарих пәні мұғалімі Шолпан Саудабаевадан жиын туралы пікірін сұрағанымызда, ол: «Слет жоғары деңгейде өтіп, «Мектеп парламентінің» маңызы айқындала түсті. Шәкірттеріміз өздерінің көшбасшылық қабілетін, уақытты тиімді пайдалану дағдысын көрсете білді. Біз көрме арқылы жастардың бойына ұлттық рухты, тарихи сананы және мәдени мұраны сіңіреміз. Мұндай шаралар – өткен мен бүгінгі күнді жалғап, болашаққа бағыт беретін рухани көпір», – деді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы
