Перейти к содержимому
Главная страница » Тілге құрмет

Тілге құрмет

Қарасай ауданында түрік тілін насихаттау мен дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта ауданның жеті мектебінде түрік тілін оқыту курстары ұйымдастырылып, оған түрлі этнос өкілдері, соның ішінде қазақ және орыс балалары да қатысты.

Оқу аяқталғаннан кейін қорытынды шара ретінде «Ana dilim – guzel turkeem» атты байқау ұйымдастырылды. Іс-шара Жандосов ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектептің мәжіліс залында өтті. Шара шағын концерттік бағдарламамен басталып, мектеп оқушыларының бірі домбырада әсем күй орындаса, В.Белинский атындағы мектеп-гимназияның би тобы көрерменге әсерлі түрік биін ұсынды. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің педагогика факультетінің студенті Самида Уришанова өз үлесін қосты. Ол шараны түрік, қазақ және орыс тілдерінде сауатты әрі қызықты жүргізе білді.
Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар интерактивті тақтада көрсетілген викторина сұрақтарына жауап берді. Кейін О.Жандосов атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Эльнур Уришанов түрік халқының дәстүрі, мәдениеті мен тіліне қатысты жұмбақтар жасырды. Дұрыс жауап бергендерге сыйлықтар табысталды. Екінші кезеңде қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеті мен актерлік шеберлігін көрсетті. Олардың өнері қарапайым ауыл мектебінің мәжіліс залында емес, нағыз театр сахнасында өтіп жатқандай әсер қалдырды.
Байқауға О.Жандосов, Қарасай батыр, Н.Әлімқұлов, В.Белинский атындағы мектептердің, сондай-ақ Шамалған ауылындағы жаңа мектептің, Батан және Ұлан ауылдарындағы орта мектеп оқушылары қатысты. Қазылар алқасының құрамында республикалық «Ахыска» этномәдени орталығы аудандық филиалының төрағасы Илимдар Камилов, білім саласының ардагері Сурмали Ишигова болды. Балалар байқауға тыңғылықты дайындалып, түрік ақындарының туған жерге, ана тіліне деген сүйіспеншілік, өмірдің мәні, табиғаттың сұлулығы мен адамгершілік құндылықтар туралы өлеңдерін орындады.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Шамалған ауылындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Арзу Фахратдинова жеңіп алды. Оны талантты ұстаз Диана Назирова дайындаған. Қалған қатысушылардың өнері де жоғары бағаланды. Марапаттау рәсімінде әр қатысушыға сыйлық пен грамота берілді.
– Осы іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша жанға алғысымды білдіремін, – деді шара ұйымдастырушысы, білім саласының ардагері әрі «Ахыска» этномәдени орталығы Қарасай аудандық филиалы жанындағы аналар кеңесінің төрағасы Гүлханым Уришанова. – Балалар да, ата-аналар да, мұғалімдер де үлкен еңбек сіңірді. В.Белинский атындағы мектеп-гимназияның би ансамблі жетекшісі Әсел Орманбаеваға ерекше алғыс айтқым келеді. Ол қысқа уақыт ішінде жаңа би қойылымын дайындап қана қоймай, жаңа костюмдер тіктіре білді.
Алдымен біз қазақ тілін білуге арналған байқау өткіздік, кейін дәл осындай түрік тілі байқауын ұйымдастырдық. Бұл мемлекеттік тілді білу әр азаматтың міндеті екенін көрсетеді. Сонымен қатар ата-бабамыз сөйлеген ана тіліміз – түрік тілін де ұмытпауымыз керек. Сондықтан түрік тілін оқыту әдістемесін меңгерген мамандардың алдында ерекше міндет тұр, ол – жас ұрпақтың бойына ана тіліне деген сүйіспеншілікті сіңіру, білім беру, қызығушылығын ояту және дұрыс мотивация қалыптастыру, – дейді Гүлханым Уришанова.

Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы