Халық көптен зарыға күткен республикалық маңызы бар «Кеген – Нарынқол» автомобиль жолына шамамен 70 жыл өткеннен кейін су жаңа асфальт жабындысы төселуде. Жұмыс қарқынды, жол жөндеу жұмыстарының «бісмілләсы» Кеген ауылының «Иін» аталып кеткен тұсынан (Шығыс жақ) Сарыжаз ауылына қарай басталды.
Кеген мен Нарынқол арасындағы 74 шақырымдық жолдың сын көтермейтін күйге түскеніне бірнеше жылдың жүзі болған еді. Жергілікті тұрғындардың жанайқайы жауаптылардың құлағына жетіп, былтыр қажетті қаржы бөлініп, биыл жолға асфальт төселе бастады. Жоба аясында ұзындығы 74 шақырым болатын «Кеген – Нарынқол» жолының 0-37 және 37-74 шақырым аралығы орташа жөндеуден өтуде. Мердігер мекеме – «Нұрлы жол – 7» ЖШС, ал техникалық қадағалауды «KZ Стройэксперт» ЖШС жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны – 8,002 млрд теңге. Осыған орай, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев «Кеген – Нарынқол» автомобиль жолының жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскесінде болып, республикалық маңызы бар «Көкпек – Кеген – Түп» автомобиль жолының 26-41 шақырымы Жалағаш ауылының бұрылысынан Ақсай ауылына дейінгі жол, «Кеген – Нарынқол» 0-37 км аралығындағы жол жөндеу жұмыстарымен танысты.
Жол жөндеу жұмыстары жөнінде Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев облыс басшысына қысқаша баяндап өтті. Қазіргі уақытта нысанда 7 мың текше метр қиыршық тас дайындалған. Бірнеше шақырымда жол жабындысының төменгі қабаты төселген. Құрылысқа 44 арнайы техника мен 71 адам жұмылдырылған. Марат Елеусізұлы мердігерге, жауапты мекеме өкілдеріне асфальт жабындысын талаптарға сай төсеуді, жұмыстарды сапалы атқаруды ескертіп, жұмысқа қойылатын басты талап жолдың сапалы салынуы, құрылыстың уақытылы аяқталуы екенін айтты. Жауапты сала басшылары жол жөндеу жұмыстарын үнемі тексеріп, кемшілікке жол бермеуі керектігін тілге тиек етті. Аймақ басшысы жобаның іске асу қарқынына назар аударып, жұмысты жеделдетуді және бөлінген қаражатты тиімді игеруді тапсырды. Ол жол сапасының жергілікті тұрғындар үшін аса маңызды екенін атап өтіп, халықпен кездесулерде көтерілген инфрақұрылым мәселелерінің кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
«ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК Алматы облыстық филиалы арқылы Кеген ауданынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына, одан бөлек, аудан бойынша ішкі көше жолдарына жалпы ұзындығы 76,8 шақырым болатын 11 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, 3 орташа жөндеу бар. Ұзынбұлақ – 11,4 км, Көкпияз – 3,2 км, «Мыңжылқы – Шарқұдық» – 19 км альпинистік лагеріне баратын автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмыстары және 8 жоба Ақай Нүсіпбеков ауылы – 14,3 км, Жалағаш ауылы – 2,5 км, Шырғанақ ауылы – 10 км, Жалаулы ауылы – 4,8 км, Ақсай ауылы – 1,1 км, Тоғызбұлақ ауылы – 6,5 км, Талды аулы – 0,3 км, Тасашы ауылы – 0,7 км жолдар маршруттық тәсілмен жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Дей тұрғанмен, «Жол азабын жүрген біледі» демекш, жол құрылысына барша жұрттың елеңдейтіні заңды. Жол мәселесі қашаннан өзекті. Сондықтан күтеріміз көп. Жыл сайын жаңбырмен «ағып кететін», желмен «ұшып кететін» жолдың жыры ойдағыдай аяқталатын шығар деген үміттеміз.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
