Қарасай ауданына қарасты Жібек жолы ауылдық округінде Қазақстанның бірқатар аймағына қатынайтын пойыздар жүріп өтетін теміржолдың бары белгілі. Бұл жолмен жергілікті тұрғындар да басқа қалалар мен Алматыға бару үшін жиі қатынайды. Осыған байланысты биыл маусым айында округтегі ескірген теміржол вокзалын толықтай жаңғырту жұмыстары басталды. Құрылыс жоспарға сәйкес жүргізілетін болса, жылдың соңында округте жаңарған пойыз айлағы қолданысқа беріледі.
«Қазақстан теміржолы ҚТЖ» АҚ-ның мәлімдеуінше, бүгінгі таңда еліміздегі теміржол вокзалдары мен бекеттердің жағдайы қанағаттанарлық деуге болмайды. Тексерістердің барысында вокзалдарда дәретханалардың, инженерлік желілердің болмауы, қатты отынмен жылытатын жүйе, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдайдың дұрыс деңгейде жасалмағандығы, мекеме маңындағы аумақтардың талапқа сай еместігі секілді мәселелер жетіп-артылады.
Аталған кемшіліктерді ескерген «ҚТЖ» ұлттық компаниясы» АҚ елдегі теміржол вокзалдарын қайта жөндеуден өткізу қажет деп шешім қабылдаған. Осыған сәйкес қазіргі таңда жолаушыларға қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздікті арттыру мақсатында 124 теміржол вокзалы қайта жөндеуден өтуде. Оның бесеуі – Алматы облысына қарасты Қонаев қаласы, Жамбыл, Қарасай, Іле аудандарындағы пойыз айлақтары.
«ҚТЖ» ұлттық компаниясы» АҚ-ның «Теміржол вокзалы объектілерін жаңғырту дирекциясы» филиалының тапсырмасына сәйкес жаңғыртуға жататын Жібек жолы ауылдық округіндегі теміржол вокзалы ғимаратының негізі 1970 жылы қаланған. 50 жылдан астам уақыт өткендіктен, нысан әбден ескірген. Сондықтан «ҚТЖ» бастамасы аясында дәл осы ғимаратты толықтай қайта жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданған. Жобалық-сметалық құжаттама жасалып, қажетті тексерістен өткен соң маусым айында оған жауапты мердігер компания «Кернеу-К» ЖШС жұмысқа кірісіп кеткен.
Бүгінде құрылыс барысы жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуде. Компания құрылысшылары алдымен ескі вокзал орналасқан жер учаскесін тегістеген. Қазір олар болашақ нысанның іргетасын тұрғызуда. Оны аяқтай сала, қабырғасын қалауға көшеді. Ең соңғы кезекте ғимарат аумағы абаттандандырылады. Мердігер компанияның өкілі Олжас Шәмілдің айтуынша, жұмыс күшінің қарқынына байланысты ғимараттың құрылысы ертерек аяқталуы мүмкін.
– «ҚТЖ» тапсырмасына сай біздің «Кернеу-К» ЖШС-нің құрылысшылары мамыр айының 12-сі күні жұмысқа кірісті. Нысанның іргетасын құюға біз алты адамды жұмылдырдық. Бұған қоса алдағы уақытта келісімшарт арқылы қосымша 15 жалдамалы жұмысшы алуды жоспарлап отырмыз. Жалпы адам саны құрылыс кезеңіне байланысты өзгеріп отырады. Жұмысты белсенді түрде бастап кеткендігімізден құрылыс қарқыны жақсы. Қазірдің өзінде нысанды жобада көрсетілгендей 31 желтоқсанда емес, қазан айында тапсыратын шығармыз деп отырмыз.
Тағы бір айта кетерлігі, «ҚТЖ» жобасы бойынша елімізде 124 пойыз айлағы қайта жөндеуден өткізілуде. Соның ішінде Қарасай ауданы алғашқы орында келе жатыр. Бұл, әрине, біз үшін қуантарлық жаңалық, – деді Олжас Қаныбекұлы.
Бекітілген жоба бойынша кірпіштен тұрғызылатын бір қабатты жаңа ғимаратта 20-ға жуық бөлме қарастырылған. Яғни нысанның ішінде жылыту блогы, қызметкерлер мен келушілерге арналған дәретхана, тазалау жабдықтары қойылатын жеке бөлмеден бөлек, дәліз, біріктірілген жолаушылар залы, балалары бар жолаушыларға арналған бөлме, вестибюль, қажетті ұсақ-түйек сатылатын дүңгіршек және мекеме тәртібін қадағалайтын полиция қызметкерлеріне арналған бөлме болады деп жоспарланған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
Қарасай ауданы