Перейти к содержимому
Главная страница » Мектебім – мейірім мекені

Мектебім – мейірім мекені

       1 қыркүйек – Білім күні мерекесін Райымбек ауданының барлық білім ошақтары зор мереймен атап өтті. Есіктерін айқара ашып, шәкірттерін құшақ жая қарсы алды. Сөйтіп, жаңа оқу жылындағы алғашқы қоңырау сыңғыры жас буынның жүрегін қуанышқа бөлеп, көңілдерін көкке самғатты.

Аудан орталығындағы 100 жылдан аса тарихы бар Тельман Жанұзақов атындағы орта мектепте Білім күніне арналған алғашқы қоңырау салтанаты «Мектебім – мейірім мекені» деген тақырыпта зор мереймен аталып өтті. Мерекеге сай безендірілген мектеп ауласына білім ошағының табалдырығын тұңғыш рет аттап отырған балғын шәкірттер мен 11-сынып оқушылары сап түзеп, ұстаздар мен ата-аналар, қадірлі меймандар жиналды. Алғашқы қоңырау салтанаты  Мемлекеттік Ту мен Әнұранға құрмет көрсетумен басталды.

Мерекені мектеп директоры Мүтәліп Стыбеков ашып, шәкірттер мен ұстаздарды, ата-аналар мен қонақтарды дәстүрлі мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады:

— Ардақты ұстаздар, қадірлі ата-аналар, құрметті қонақтар! Мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған бүлдіршіндер мен 11-сынып оқушылары! Бүгін күн баршамыз үшін ерекше күн – Білім күні, жаңа оқу жылының басталуы. Бұл күн – жас ұрпақтың болашағына жол ашатын, жүректеріне қуаныш пен үміт сыйлайтын мерейлі мереке. Ең алдымен мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған балғын шәкірттеріміз – 1-сынып оқушыларын құттықтаймын! Сіздер үшін жаңа өмірдің, білім мен ізденістің ұлы жолы басталмақ. Алдағы уақытта әріп танып, кітаптың құдіретін сезінетін, еліміздің нағыз білімді азаматы болып өсулеріңізге тілектеспін. Қадамдарыңыз құтты болсын! Сонымен қатар биыл 11-сыныпқа келіп отырған шәкірттерге ақ жол тілеймін! Жаңа оқу жылы сіздер үшін алтын ұя мектептеріңізден алған білімдеріңіздің нәтижесін көрсететін кезең болатыны анық. Арман-мақсаттарыңызға жетіп, еліміздің өркендеуіне үлес қосатын азаматтар атана білулеріңізге тілектеспін,-деген мектеп басшысы көпшілікті білім ошағының өткен оқу жылындағы нәрлі нәтижелерінен де хабардар етті. Сапалы білім,саналы тәрбие алуда барлық сыныптың оқушылар әр тоқсан бойынша жоғары жетістіктерге қол жеткізген. Ал, 11-сыныпты бітірген 20 оқушының 4-і «Алтын белгіге», 3 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болған. ҰБТ-да жоғары балл жинаған 15 оқушы өздері қалаған оқу орындарының грантын иеленсе, 5-і ақылы бөлімге қабылданыпты. Екі оқушы облыстық олимпиаданың жеңімпазы, 17 оқушы республикалық, облыстық пәндік өребәйгелерде жүлдегер атанған екен. Жас буынның спортқа деген қабылеті мен сүйіспеншілігі де жоғары екенін айтқан орынды. Бұл жетістіктің бәрі де ұстаздардың білім-біліктерінің, шығармашылық ізденістері мен жаңашылдықтарының  нәтижесі. Бұдан басқа да жетістіктерді жіпке тізген Мүтәліп Сәбитұлы, нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізудегі ұстаздардың білім-білігі мен ізденістерін де айрықша атап өтіп, облыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімі мен мектеп дирекциясының Құрмет грамотасын, мақтау қағаздарын, сертификаттарын табыстады. Өз кезегінде сөз алған аудандық аналар кеңесінің төрағасы, Райымбек ауданының Құрметті азаматы Балжан Омарова, аудандық білім бөлімінің әдіскері Эльзира Үшкемпірова  ыстық ықыласқа толы тілектерін-ниеттерін жеткізді.

Оқушылар мерекені әсем ән, көркем бимен ажарлады. 1-сыныпқа қабылданған балғын шәкірттер өздері жаттап келген оқу-білім жайлы тақпақтарын көпшілікке тарту етсе, Жаннұр Ертай әуелете ән салды. Мектеп көркемөнерпаздарының «Ақ кербез» би ансамблі орындаған «Қазақ биі» де көрерменнің көзайымына айналды. 11-сынып оқушылары Расим Нариманов, Еркеназ Жақыпбекқызы, 1-сынып оқушысы Сара Шәймерден алғашқы қоңырауды сыңғырлата соғып, жас буынды алтын ұя мектепке шақырды. Осылайша Білім күніне арналған «Мектебім – мейірім мекені» атты алғашқы қоңырау салтанаты зор мереймен атап өтілді.

Жұмабек ТҰРДИЕВ,

Райымбек ауданы