Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаевтағы құрылыс нысандарын аралаған кезде №5 жағажайдағы жұмысқа оң бағасын берді.
«Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Өткенде біздің өкілдер Батумиге, Бакуға арнайы барып, тәжірибе алмасып қайтты. Содан кейін жағажайдың жобасына өзгерістер енгізілді. Мұндағы жұмыстар шілде айының соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Ең бастысы – жағажай халыққа тегін қызмет көрсетеді. Демалушыларға жағдай жасалады», – деді облыс әкімі.
Аталған жағажай енді жаңа кейіпке енеді. Балалар алаңы, шатыр астындағы асхана, жас жеткіншектерге арналған бассейн, пирс, веложүргізушілер жолы салынады. Сонымен қатар жағажай алаңы 60 метрге кеңейіп, ол жерде бизнес нысандары бой көтереді.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, жағажай құрылысын қолға алған мердігер компанияның тәжірибесі мол. Техникалары да, жұмысшылары да жеткілікті.
«Серіктестік біздің облыста тіркелген. Бізге өз кәсіпкерлерімізді қолдау керек. Бұдан бөлек, орындық, тағы басқа құрал-жабдықтар шығаратын цехтары бар. Бізге осы тұсы тиімді болып отыр», – деді Марат Елеусізұлы.
Бұдан кейін облыс әкімі қаладағы Сейфуллин көшесіне атбасын бұрды. Бұл жерде көшені қиып өтетін теміржолдағы көлік өткелінің жобасы қаралды. Көшені кеңейтіп, жан-жағын абаттандыруға 27 техника, 30-дан астам жұмысшы тартылған.
Өңір басшысы №5 шағынаудандағы ауланы жаңарту жұмыстарының барысымен танысты. Мұндағы жұмыстар екі айдың ішінде бітеді деп жоспарланып отыр. Балалар ойнайтын алаң, жарық бағаналары жаңарады. Ескі ағаштардың орнын жас талдар алмастырады. Қазір асфальт төсеу жұмыстары жүріп жатыр. №4 саяжай да облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Қала тұрғындары бұл жерде электр жарығының жиі өшетінін айтқан еді. Сол өтініштері жерде қалмай 11 трансформатор орнатылды.
«Біздің естуімізше, тұрғындар жарықтың жиі сөнетініне бірнеше рет шағымданған. Енді сәл шыдаса, жарық беріледі. «Алатау жарық» компаниясымен оны қандай жүйемен беретінімізді талқылап жатырмыз. Сосын тұрғындар белгіленген тариф бойынша ғана ақша төлейді», – деді облыс әкімі.