Облыстық деңгейдегі «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Ахметов мәлімдеді. Бағдарлама мақсаты – белсенді, шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыру, жаңа идеялар мен бастамаларды мемлекеттік қолдау.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2021 жылы тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тағайындалды. 2023 жылдан бастап жоба облыстық деңгейде де өткізіле бастады. Грантқа 14-тен 35 жасқа дейінгі облыс тұрғындары үміткер бола алады. Өңір жастарына өз жобаларын іске асыруға 1 млн теңгеден 10 грант бөлінген. Қатысушылар өз ұсынысын комиссия алдында таныстырып, қорғайтын болады, – деді спикер.
Грант ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа бағыттары бойынша конкурстық негізде беріледі. Бағдарлама жаңа ғылыми жобалар мен зерттеулерді іске асыруға, еліміздің мәдени мұрасын танымал етіп, дәстүр мен өнерді насихаттауға, жаңа IT жобаларды, стартаптарды, бизнес идеяларды, танымдық контент құру жөніндегі медиа-жобаларды қолдауға арналған.
Бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Алдымен өтінімдер қабылданып, талаптарға сәйкестігі қаралады. Өтінімді оффлайн және онлайн түрде өткізуге болады. Онда жобаның сипаттамасы, бейне-таныстырылымы, шығыстар сметасы және авторлық құқық туралы мәліметтер ұсынылуы тиіс. Екінші кезеңде өтінімдер бағаланып, жеңімпаздары анықталады.
Конкурс аяқталғаннан кейін хаттама негізінде жеңімпаздың банк шоты туралы анықтама ұсынылып, келісімшарт жасалады. Грант алушы 3 айда бір рет жоба барысы туралы есеп беруі тиіс. Бір жыл ішінде қаражаттың шартқа сай пайдаланылуына, грант алушының ұсынған есебі бойынша мониторинг жүргізіледі.
Брифингтің сұрақ-жауап бөлімінде журналистер тарапынан сауалдар қойылды. Өзекті сұрақтың бірі жоба қаржысына байланысты болды. Былтыр әр жеңімпазға берілетін қаржы 3 млн теңге болса, биыл 1 млн-ға қысқарған. «Орталық атқарушы органның тапсырмасына сәйкес грант сомасын әр өңір өзі анықтайды. Біздің тараптан бюджет басқармасына 3 млн-нан да көп қаражат ұсынылған. Бірақ биыл әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім саласындағы мәселелерге байланысты грант мөлшері қысқарды. Азамат өз жобасын 1 млн теңгеге бастауға дайын болса, ары қарай оны дамытудың басқа да тетіктерін қарастыруға болады. Бұл қаржы – кішігірім болса да жақсы қолдау. Жоба сәтті нәтижеге жетіп жатса, келесі жылы қаржы көлемін арттыруға тырысамыз», – деді Мәди Абылайұлы. Спикер қатысушылар тек бір бағыт бойынша ғана өтінім бере алатынын, сондай-ақ егер азамат республикалық және облыстық деңгейдегі конкурстан да жеңімпаз атанса, біреуін таңдау керек болатынын жеткізді. Өткен жылы бизнес бағыты бойынша өтінімдер көп түскен. Биыл бір бағыт бойынша аз немесе ортаңқол, бағдарлама идеясына сай келмейтін өтінімдер ғана ұсынылса, оның орнына грантты өзге бағыттардағы мәнді жобаларға беру мүмкіндігі енгізілген.
Өтінімдерді қабылдау 17 қыркүйекте басталып, 10 қазанға дейін жалғасады. Жеңімпаздар барлық ұсыныстар тексерілгеннен кейін, 15 жұмыс күні ішінде анықталады.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
