Жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жекеменшік балаларды дамыту орталықтарының да қосып жатқан үлесі аз емес. Соның бірі – Қарасай ауданындағы «Алға» орталығы. Бүгінгі таңда мұнда 500-ден астам бала түрлі бағытта білім алуда.
Орталықтың негізін қалаған – көпбалалы ана және табысты әлеуметтік кәсіпкер Роза Әубәкірова. Ол дене шынықтыру пәні мұғалімі мен заңгер мамандығын игерген. Кезінде Талдықорғандағы Жетісу университетінің дене шынықтыру және спорт факультетінде жұмыс істеген. Кейін Алматыға қоныс аударып, мұнда бірқатар жеке фирмада салон әкімшісі, нотариус көмекшісі және сату жөніндегі менеджер болып еңбек етеді. Болашақ жары Асан Әубәкіровпен танысады. 2007 жылы екеуі шаңырақ көтеріп Қарасай ауданына қарасты Бұлақты ауылына көшіп келеді. Төрт баланың анасы атанады.
Ауылда спортпен, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беретін үйірмелер болмаған соң, ол балаларын Алматыға оқытуға мәжбүр болған. Алайда жолдағы бітпейтін көлік кептелісі әбден әбігерге түсіреді. Сол кезде орталық ашу туралы идея ойына оралады. Жұбайымен ақылдаса келе үйінің жанынан ғимарат құрылысын бастап кетеді. Осылайша 2015 жылдың қараша айында Бұлақты ауылында «Алға» орталығы балаларға есігін айқара ашады.
Қолға алған жұмыстары бірте-бірте жанданып, оқушылар саны да көбейе түседі. Осыған орай 2023 жылы орталық Райымбек ауылындағы кең ғимаратқа көшеді. Балалардың дені осы ауылдан болғанымен, орталыққа өзге округтер мен Қаскелең қаласынан келетіндер де аз емес. Шығармашылық үйірмелерге хореография, вокал, домбыра, фортепиано, бейнелеу өнері, саздан туынды жасау, актерлік шеберлік сабақтары кіреді. Спорт секцияларында балалар көркем гимнастика, еркін күрес, таэквондо, дзюдо, бокс және шахмат ойнауды үйрене алады. Білім беру бағдарламасына мектепалды даярлық сыныптары, ерте дамыту топтары, жылдам оқу, көркем жазу, математика, қазақ және ағылшын тілдері қосылған.
Роза Мұратқызының айтуынша, орталықта негізгі бағыттардың бірі би болғандықтан, жас өнерпаздардың сахналық бейнесіне көп көңіл бөледі. Сол үшін бишілердің киімі арнайы тапсырыспен тігін шеберханасында тігіледі. Ал олардың дизайнын Роза ханым өзі әзірлейді.
– Бишілеріміз халықтың алдында жарқырап шығуға тиіс. Алайда сахналық костюмдердің бағасы қымбат болғандықтан, ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Осыған байланысты біз қолда бар киімді жалға беруге көштік. Бұл сахналық киімге қатысты ақша мәселесін шешуге септігін тигізеді, – дейді орталық басшысы.
Өткен жылы мұнда саз балшықтан қыш ыдыстар жасауды үйрететін курс жұмысын бастаған. Оны ашу үшін Роза Әубәкірова арнайы конкурсқа қатысады. Нәтижесінде көпбалалы ана мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау ретінде берілетін қайтарымсыз грантқа ие болады. Қыш ыдыстар жасау курсын Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжін және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдап, тоғыз жылдан бері осы кәсіпті меңгеріп келе жатқан білікті маман Айдос Тоқтарбекұлы жүргізеді.
Жалпы орталықтың ашылғанына ауыл тұрғындары дән риза. Балалар осындағы үйірмелер арқылы шығармашылық және спорттық бағытта көптеген жетістікке қол жеткізіп үлгерді. Биыл маусым айында жас бишілер Грузияда өткен халықаралық байқауға қатысып, жүлделі орынға ие болды. Ақпан айында Қанат Мейір есімді жас балуан еркін күрестен спорт шеберінен үміткер атанды. Бұл жетістіктер – баланың ынтасы мен ата-анасының көрсеткен қолдауы және осындағы ұстаздар мен жаттықтырушылардың ерен еңбегі.
«Біздің орталықта тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Солардың арасында домбырадан сабақ беретін Айнагүл Есімова және таэквондо спортынан жаттықтырушы Замира Зиналиеваны ерекше атап өткім келеді. Олар «Алға» орталығы құрылған күннен бастап осында еңбек етіп жүр. Ауыл балаларының жан-жақты дамуына өз үлестерін қосуда. «Алға» орталығының әр мұғаліміне алғыс айтамын, олар жас ұрпаққа білгенін үйретуден жалықпайды», – дейді Роза Әубәкірова.
Былтыр орталықта балаларды жақсы оқуға ынталандыру үшін баллдық жүйеге негізделген білім беру бағдарламасы әзірленіп, қолданысқа енгізілген. Сонымен қатар оларға қаржылық сауаттылық бойынша да сабақтар жүргізіледі. Ендігі жоспар – оқу бағдарламасына тағы екі бағыт қосу. Біріншісі – жастар арасында мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау, қазақ тілінде таза сөйлеп, сауатты жазуға үйрету. Екінші бағыт – жас ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік сезімді ояту.
Қазіргі уақытта орталық жұмыс сапасын арттыру, барлық процесті автоматтандыру бойынша жұмыс істеуде. Осылайша олар алдағы уақытта мұндай жобаларды басқа ауылдарда іске асыруды көздеуде.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
Қарасай ауданы
