Өз ісіне жауапты, жасаған әрбір жұмысын тиянақты атқаратын азаматты нағыз еңбек адамы деп айтуға болады. Еңбекке жастайынан араласып, ел құрметіне бөленіп жүрген азаматтың бірі – Нұрман Мансұров.
Өзгелерден қарапайымдылық қасиетімен дараланатын Нұрман 1975 жылы Көктал ауылында дүниеге келген. Балалық балдәурен шағын туған жерінде өткізген ол Бақанас мектеп-интернатын бітіргеннен соң әртүрлі салада жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, 2008-2020 жылдар аралығында аудандық обаға қарсы мекемеде оператор болса, 2020-2022 жылдары Ақдала ауылына қарасты «Ақмоншақ» шаруа қожалығында механизаторлық қызмет атқарды. 2022 жылдан бастап аудандық орталық ауруханаға жұмысқа орналасып, сантехника мамандығын меңгереді. Бүгінде өз ісінің хас шебері атанған Нұрман аталмыш мекеменің санитарлық-техникалық жұмыстарын ойдағыдай атқарып жүрген жайы бар. Сантехника мамандығын жіті меңгерген еңбек адамы өзінің әрбір атқарған ісіне жауапты. Оның айтуынша, сантехника жұмысы жылыту маусымында күрделене түседі. Аудан көлеміндегі денсаулық сақтау мекемелерінің жылыту жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне жауапты маман әр апта сайын іссапарға шығады. Нұрман тек сантехникалық жұмыстарды атқарып қоймайды, аудандық орталық ауруханадағы сырлау, әктеу, шегелеу, тіпті апта сайын ұйымдастырылатын сенбілік жұмыстарында да өзінің белсенділігін көрсетеді. Ол әріптестерінің арасында еңбекқорлығымен сый-құрметке бөленіп жүрген нағыз еңбек адамы, жұмысшы мамандық иесі. Сантехник жұмысы су және кәріз жүйелеріне қатысты болғандықтан бұл жұмысты атқару әркімнің қолынан келе бермейді. Бір қарағанда күнделікті жасап жатқан жұмыстары жеңіл-желпі болғанымен, оларға артылған жауапкершілік жүгі салмақты. Өйткені қыстың қытымыр суығында зәулім ғимараттардың жылыту жүйесін қалыпты жағдайда ұстауды күндіз-түні жіті бақылайды. Ал Нұрман бұл жұмыстың қыр-сырын меңгеріп алған. Сондықтан да оған бұл іс сеніп тапсырылған.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы
