⛅
-0°C
Қонаев
Бейсенбі, Желтоқсан 4, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Бүгіні бекем, Келешегі кемел

    27.09.2025
    in Барлық жаңалықтар
    Бүгіні бекем, Келешегі кемел
    0
    SHARES
    2
    VIEWS

         Қонаев – жағалау маңында бой көтерген, жаныңа тыныштық пен жайлылық сыйлайтын әсем қала. Бүгінде еліміздегі әлеуеті зор Алматы облысының орталығына айналып, күннен-күнге көркейіп келеді. 1970 жылы іргетасы қаланған шаһарға биыл 55 жыл толып отыр. Айтулы мерейтой қарсаңында қала күніне орай бір апта бойы мәдени, танымдық, спорттық шаралар ұйымдастырылып, шаһардың өткен тарихы сараланып, болашағы бағдарланды.

    Салтанатты шараның алғашқысы қалалық Мәдениет үйінде болды. Онда «Қонаев әуендері» ансамблінің тұсаукесер концерті өтті. Салтанатты шарада композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы мен қазақтың біртуар ақыны Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдығына орай қос алыптың шығармашылығына басымдық берілді. Өнерпаздардың сахналық киімдерінен бастап, өз саласындағы кәсібилігі бірден байқалды. Ансамбль құрамы арнайы кастингтен өткен жүйріктерден құрал­ған.


    Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков ансамбль өңірде өтетін барлық мерекелік шараларда өнер көрсетіп, ел мәдениетін танытуға, қаламыздың атағын аспандатуға атсалысатынын жеткізді.
    Қала тұрғындары да «Қонаев әуендерінің» талантына тәнті болып, өз әсерімен бөлісті. «Бүгінгі концерттік бағдарламада ұлтқа еңбегі сіңген тұлғалар дәріптеліп, бұрыннан бойымызға сіңген ескі әндер шырқалып, жанымызды жадыратты. Бұл жас ұрпақтың тарихта ізі қалған жандардың еңбегін бағалағаны деп ойлаймын. Қазақтың рухани мұрасын жаңғыртып, рухын оятып, көрерменге керемет көңіл-күй сыйлады», – деді қала тұрғыны Дәметкен Нүсіпбекова.
    Айтулы шараның бірі қалалық кітапханада өтті. Өскелең ұрпақ бойына кітап оқу мәдениетін сіңіріп, жастардың интеллектуалды ойлау қабілетін дамытуға арналған «Book city fest» кітап фестивалі оқырманға рухани нәр сыйлады. Шараға зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, мәслихат депутаттары мен оқырмандар қатысты.


    Ең алдымен кітапхана қызметкері Айдана Дәулетова инсталяциялық кітап көрмесімен таныстырды. Қонаев қаласының тарихы жайлы баяндап, шаһардың мерейтойына арнайы шығарылған кітаптар мен жергілікті қаламгерлердің туындыларын таныстырды. Қаланың құрылуына негіз болған Дінмұхамед Ахметұлының шығармалары қатысушылардың ерекше назарына ілікті. Сондай-ақ музейден арнайы алынған қайраткердің өзі киген киімдері мен бұйымдары көрме ажарын аша түсті. Одан әрі кітапхана директоры Айгүл Ақтанова мұнда бірінші рет келген қонақтарға экскурсия өткізді.
    – Осыдан төрт жыл бұрын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен еліміздің барлық кітапханаларында бір мезетте «Kitap time» фестивалі басталды. Биыл кітапханамыз жаңғырту жұмысынан өткеннен кейін алғаш рет осы фестивальді өткізудеміз. Әрі бұл сан жылдық тарихы бар қала мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр, – деді Айгүл Бегімбайқызы.
    Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков: «Кітап оқыған ұлт озық елге айналады. Кітапсүйер орта көп болуы керек. Қалалық кітапхана осы жылы жөндеуден өтті. Оның басты мақсаты тұрғындардың кітап оқып, білімнің қайнар бұлағына қанығуына жағдай жасау болатын», – дей келе жәрмеңкенің маңызына тоқталды.
    Шара төрт түрлі алаңға бөлінген түрлі бағыт бойынша жалғасын тапты. «Book talk» әдебиет алаңында қала тарихынан сыр шертіліп, зиялы қауым естеліктерімен бөлісті. Ақындар өлең жолдарын ағытып, кітапханаға өз кітаптарын сыйға тартты. «Поэзия party»-де арнайы шақырылған жас қаламгерлер оқырмандармен кездесіп, жүректен шыққан жырларын толғап, оқырманмен шынайы байланыс орнатты. «Кітап – фэнтези қақпасы» алаңында интеллектуалды сайыстар, «Kahoot» бағдарламасындағы викториналар ойнатылып, қатысушылардың білімі мен тапқырлығы сынға түсті. Сондай-ақ Тоғызқұмалақ федерациясының облыстағы филиалының төрағасы Жарас Ниязбектің қолдауымен ұлттық ойындарды дәріптеу мақсатында кітапхана ішінен тоғызқұмалақ үйірмесі ашылды.
    Жәрмеңкеге қонақ ретінде шақырылған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ізтілеу Тойшыбайұлы кітап фестивалінің қоғамға берер пайдасы мол екенін айтты. «Кітап – алдыңғы буын ой-санасының түйіні. Кітапқа түскен қалам ізі мәңгілік қалады. Мұндай шаралар әлеуметтік желіге байланған қоғамның назарын мәнді дүниеге бұру үшін өте қажет», – деді қайраткер.
    Жас ақын Аяла Біржанқызы шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылға­нын жеткізді. «Алматы облысының жүрегіне айналған Қонаев қаласына арнайы шақырту алып келіп отырмын. Мұндай жобалар арқылы жастар әдебиетпен танысып, кітап әлеміне етене жақындап, рухани байлығын толықтыра түседі. «Жақсы кітап – жан азығы» деп бекер айтылмаған», – деді ол.


    Шара соңында белсене қатысқан қонақтар арнайы сыйлықтармен марапатталып, ән-күйдің жайлы әуезіне бөленді.
    Қонаев дегенде ең алдымен Қапшағай су қоймасы мен әскери бөлімдер еске түсетіні белгілі. Мереке аясында қала мектептерінен жиналған 70-ке жуық оқушыға Ш.Шөкин атындағы Қапшағай су электр стансасы мен Қонаев гарнизонындағы 58012 әскери бөлімінде Ашық есік күні өтті. Алдымен Қапшағай ГЭС-іне табан тіреген жеткіншектер мамандардың әңгімесін мұқият тыңдап, сұрақтар қойып, тың ақпараттармен танысты. Оларға стансадағы жұмыс барысы, тарихы баяндалды. Стансаның бас инженері Максим Мамырин шағын экскурсия өткізіп, күрделі техникалық үдерістерді қарапайым тілмен түсін­діріп берді.
    – Стансада төрт гидроагрегат орнатылған, олардың жалпы қуаты – 364 мегаватт. Бір электр шәйнек шамамен бір мегаватт тұтынады, демек барлық агрегатты қосу бір мезетте 364 мың шәйнекті қайнатқанмен тең. Бірақ біз барлық қуатты пайдаланбаймыз. Кей жылдары су аз болуына байланысты мөлшері өзгеріп тұрады. Қазір олардың біреуі іске қосылған. Қуаттылығы – 91 мегаватт. Бір агрегат жөндеуден өтуде, ал қалған екеуі – резервте. Уақытылы жөндеу жұмысы жүргізіліп, техникалық жабдықтар тексеріледі, – деді ол.
    Экскурсия барысында оқушыларға Қапшағай су электр стансасының жобасы 1959 жылы басталғаны айтылды. 1961-1964 жылдары жоба пысықталып, 1965 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің №266-Р қаулысымен құрылыс дирекциясы құрылды. Бұл Қапшағай қаласының ғана емес, бүкіл оңтүстік-шығыс өңірдің дамуында маңызды кезең болды. 1980 жылы құрылысы аяқталып, мемлекеттік актіге қол қойылды. Бүгінде ол «Алматы электр стансалары» АҚ-ның құрамында өңірді энергиямен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда.
    Ашық есік күніне қатысқан Айзере Кенжебек: «Экскурсия – біз үшін танымдық сабақ әрі естелік. Электр стансасында үлкен турбиналарды көріп, су қалай электр энергиясына айналатынын түсіндік, жұмыс істеп тұрған механизмдердің қуатын сезіндік», – дей келе, мұндай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса деген ниетін жеткізді.
    ГЭС-тегі сапардан кейін оқушылар мінген автобус Қонаев гарнизонын­дағы 58012 әскери бөліміне бет алды. Инженерлік-саперлік бригаданың негізгі міндеті – мина мен жарылғыш заттарды тауып, оны залалсыздандыру, су тасқыны, жер сілкінісі сияқты төтенше жағдай кезінде қауіптен қорғау. Аталған әскери бөлім ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырмасымен Тоқырау кенті маңын жарылғыш заттардан тазартып, Ирактағы бітім­гершілік міндеттерді атқаруда кәсі­билік танытып, бірнеше қызметкер жауынгерлік ерлігі үшін марапатталған. Әскери қызметкерлермен кездесу ашық алаңда өтті, мұнда әскери техника мен қару-жарақ үлгілерінің көрмесі ұйымдастырылды. Балаларға әскери техниканың қыр-сыры баяндалды. Әсіресе соғыс жағдайында бүркемелеу үшін қолданылатын құрылғылардың макеттері ерекше қызығушылық тудырды.
    Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектеп оқушысы Айша Саят: «Экскурсия барысында бұл маман­дықтың қаншалықты маңызды екенін ұғындым. Батылдық пен жауапкер­шілікті талап ететін қызметке қызығу­шы­лығым артты. Алдағы уақытта құқық қорғау бағытында қызмет еткім келеді. Сондықтан әскери сала жұмысын білу мен үшін маңызды деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», – деп лебізін білдірді.
    Мерейтой аясындағы шаралар мұнымен аяқталмайды. Алдағы күндері орталық алаңда күні бойы ауқымды концерт өтеді. Онда қазақ эстрада­сының жұлдыздары өнер көрсетіп, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйламақ.

    Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА

    Қонаев қаласы

    Ұсынымдар

    Ғылымды дамыту – заман талабы

    Ғылымды дамыту – заман талабы

    1 year ago
    Бала дінді есейгенде таңдағаны жөн – Президент

    Бала дінді есейгенде таңдағаны жөн – Президент

    2 years ago
    Алматы облысында антиретровирустық емдеудің тиімділігі 90 пайызға жетті

    Алматы облысында антиретровирустық емдеудің тиімділігі 90 пайызға жетті

    7 months ago
    Олжас Бектенов ТМД үкіметтері басшылары кеңесі отырысына қатысты

    Олжас Бектенов ТМД үкіметтері басшылары кеңесі отырысына қатысты

    6 months ago
    “Азаттық күні деп аталса…”

    “Азаттық күні деп аталса…”

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>