Перейти к содержимому
Главная страница » Жөндеу жұмысымен танысты

Жөндеу жұмысымен танысты

      Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласындағы жөндеу жұмысы жүріп жатқан нысандарға барды. Қала әкімі Асхат Бердіханов барлық нысандағы жұмысқа 600 млн теңгеге жуық қаржы кеткенін және мұның бәрі екі ай көлемінде атқарылғанын айтты.

Сапар «Қонаев жылу орталығы» МКК-ның абоненттік бөлімінен басталды. Ғимараттағы жөндеу жұмысы маусым айынан басталған. Мердігер – «МР Constrution» ЖШС. Қазіргі таңда мекеме толығымен дайын. Мұндай жұмыс қалалық Мәдениет үйінде де жүргізілген. Ғимараттың іші әрленіп, жарық жүйесі мен сахналық жабдықтары жаңартылған.
«ASP Club»-қа бағытталған жол жұмысы да тексерілді. Жалпы ұзындығы – 2200 м, ал ені –
7 м. Мұнда қалыңдығы 6 см болатын ұсақ түйіршікті асфальтбетон қоспаларынан жасалған төсеме қойылған. Мердігер – «DILEGENT01» ЖШС. Жобаның құны – 220,2 млн теңге. «DILEGENT01» ЖШС директоры Әкімжан Мерғазы жұмыс өз уақытынан кешікпей жүріп жатқанын, жұмысшы саны мен техникалық жабдықтар жеткілікті екенін, апта аяғына дейін толығымен аяқталатынын айтты. Сондай-ақ жолдың сапасы басты назарда екенін жеткізді. Алдағы уақытта жол белгілері қойылып, көлік қатынасы қауіпсіз әрі ыңғайлы бола түспек.
Жөндеуден өткен келесі нысан – Қонаев қалалық соты. Мұнда жұмысшылар екі ауысыммен жұмыс істеуде. Жөндеу жұмысы он күннің ішінде толық аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда ғимараттың сыртын әрлеу және абаттандыру жұмысы ғана қалған.
Б.Соқпақбаев көшесіндегі абаттандыру және Б.Қойшыманов көшесі маңында салынған шағын саябақ жайы да назардан тыс қалған жоқ. «Саябақ 6527 шаршы метр аумаққа салынған. Оның 4 800 шаршы метріне жасыл-желек егілсе, қалғанына ойын алаңы орналастырылған. Мұнда балаларға арналған әткеншектер қойылып, жарықтандыру жүйесі толық жаңғыртылған. Барлық ағаш арнайы тәлімбақтан әкелінген. Оларды күтіп-баптау үшін тамшылатып суғару жүйесі орнатылған. Саябақтың ортасына «Өмір ағашы» қойылған. Бұл – жобаның рухани өзегі, халқымыздың өткені мен бүгінін байланыстырушы символ. Онда «Таңбалы тас» ескерткіштеріндегі суреттер бейнеленген. Бұл – тарихи қазынамызды дәріптеуге арналған көркем элемент», – деді «D2 Construction» ЖШС директоры Арман Алғаров.
Облыс әкімі Марат Елеусізұлы атқарылған жұмыс сапасына жоғары баға берді. Мұндай өзгерістер Қонаевтың дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға сеп болмақ.

Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА

Қонаев қаласы