Қонаев қалалық Мәдениет үйінде Мұғалімдер күніне арналған салтанатты шара өтті. Онда аймақтың түкпір-түкпірінен жиналған ұстаздар қауымы құрметке бөленіп, марапатқа ие болды. Жиынға қатысқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады.
– Ұстаз – ұлт болашағын қалыптастыратын ең басты тұлға. Олардың зор еңбегі қашанда құрметке лайық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Егер біз өркениетті ел болғымыз келсе, ең алдымен ұстазға жағдай жасауымыз керек», – деп мұғалім мәртебесіне ерекше көңіл бөлудің маңызын атап өткен болатын, – деген Марат Елеусізұлы өңірдегі білім беру саласындағы бірқатар ауқымды жұмыс жайлы сөз қозғады. Айтуынша, биылғы оқу жылында жалпы білім беретін 443 мектепте 359 мыңнан астам бала білім алуда. Өткен жылмен салыстырғанда оқушылар саны 7 мыңға өсіп, Түркістан облысынан кейінгі екінші орыннан көрінген. Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 17 жаңа мектеп бой көтерсе, жыл аяғына дейін олардың саны 26-ға жетеді деп күтілуде.
Одан бөлек Қарасай ауданындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде 2 мың орынды жекеменшік мектеп қолданысқа берілген. Осылайша мектептердегі орын тапшылығы мәселесі біртіндеп шешімін тауып, үшауысымды мектептер саны 52-ден 28-ге азайған. Сонымен қатар биыл 20 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мақсатында 16,1 млрд теңге бөлініп, бұл қаржы материалдық-техникалық базаны жаңартуға, ел экономикасы мен еңбек нарығы сұранысына сай білікті мамандар даярлауға бағытталған. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының жобасына сәйкес Кеген ауданындағы Сәдуақас Серкебаев атындағы мектеп-гимназиясы мен Еңбекшіқазақ аудандық Жүнісбай Қайыпов атындағы орта мектебінде инфрақұрылымды жаңғырту жұмысы жүргізілген. Облыс әкімі бұл көрсеткіштер өңіріміздегі білім беру сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін айтып, ұстаздардың да жетістігіне ерекше тоқталды. Облыстағы 35 мыңнан астам педагогтің 219-ы педагог-шебер, 6615-і педагог-зерттеуші, 7227-сі педагог-сарапшы және 11200-і педагог-модератор біліктілік санатына ие. Соңғы үш жылда республикалық деңгейдегі «Үздік педагог» атағын 11 ұстазымыз еншілеген. Биыл тағы 10 педагог республикалық кезеңге жолдама алған. «Алтын тұғыр» математикалық сауаттылық олимпиадасына қатысқан бастауыш сынып мұғалімдерінің 90 пайызы жүлделі орындарға ие болып, 20 өңірден қатысқан командалар ішінде топ жарып, «Үздік команда» атағымен оралған.
Республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалінде» Нұргелді Әбеу, Меруерт Тілекеева, Бағдат Тұрысбекова жүлдегер атанса, «Үздік жыл психологы» байқауында Сәния Қосан 2-орынды қанжығасына байлаған.
Ұстаздар тәрбиелеген оқушылар білім бәйгелерінде топ жарып, аймақтың абыройын асқақтатуда. Мысалы, 2024-2025 оқу жылында 28 оқушы тек халықаралық деңгейде өткен түрлі білім сайысында жеңімпаз атанған.
Сөз соңында аймақ басшысы цифрлық білім беру мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы педагогика саласына да серпіліс алып келгенін айтып, бірқатар ұстазды марапаттады. Оқу-ағарту саласындағы көп жылғы жемісті еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалін Аршагүл Ахметова, Күлману Баймолдина, Бақыт Дауытбаева, Кенжек Жұмабаева, Мұхаметәлі Иманқұлов сынды ұстаздар иеленсе, Ержан Бахов, Нина Волковинская, Гүлжихан Иманхатова, Мәден Омар «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін кеудесіне тақты. «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісімен Ләззат Ахатова, Гүлмира Беласарова, Жанаргүл Диханбаева, Гүлжамал Қалабаева, Айгүл Үмбетжан, Айгүл Шыныбаева марапатталды. Сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталып, арнайы номинация бойынша кәсіби байқау жеңімпаздары да назардан тыс қалған жоқ. Қонаев қалалық «Ақдидар» бөбекжай балабақшасы «Үздік балабақша», Талғар аудандық №39 орта мектебі «Үздік ауыл мектебі», Қонаев қаласындағы көпсалалы колледж «Үздік кәсіптік білім беру мекемесі» байқауы бойынша топ жарды. Қарасай аудандық Алмалыбақ орта мектеп-гимназиясының оқытушысы Айдана Майкелдиева «Үздік сынып жетекшісі» номинациясы бойынша жеңімпаз болса, Кеген аудандық Сәдуақас Серкебаев атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрбек Досымханов «Жылдың үздік мұғалімі» байқауында жеңімпаз атанып, су жаңа көлік иеленді. «Осы салада қызмет етіп келе жатқаныма 15 жыл болды. Қазіргі таңда педагог-зерттеушімін. Темір тұлпарды еншілегеніме қуаныштымын. Марапат мұғалімдік міндетімдегі қажырлы еңбегімнің арқасы деп ойлаймын. Бұл жұмысыма деген жауапкершілікті одан әрі арттыра түседі. Алдағы уақытта ғылыми зерттеулермен, шығармашылық жұмыспен де айналысып, оқушылардың білім тұңғиығына бойлауына бар күшімізді саламыз», – деді Нұрбек Керімбайұлы.
Барлық жеңімпазға ақшалай сертификат табысталды. Салтанатты шара концерттік бағдарламамен түйінделді. Онда ұстаздың қоғамдағы маңызды рөлін айшықтайтын қойылым сахналанып, ардақты жандарға арналған әуезді әндер шырқалды.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Қонаев қаласы