Балабақша – мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің алғашқы баспалдағы. Халқымыздың әдептілік, инабаттылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық қасиеттерін де ерте жастан балалардың бойына сіңіретін орта.
Алматы қаласындағы № 90 балабақшаның ашылғанына да 40 жылдан астам уақыт болыпты. Қаншама бүлдіршін осы жерден мектеп табалдырығын аттады. Аталған бөбекжай ата-ананың мол ықыласына кенеліп, балдырғандардың асығып барар алтын ұясына айналды.
Қазіргі таңда балабақша халықаралық стандартқа сай жұмыс істейді. Бөбекжай меңгерушісі Гүлімжан Смайылқызының айтуынша, мұнда балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда типтік жобада материалдық-техникалық базасы толық жабдықталған, интерактивті тақта, сиқырлы қалам кешені, электронды киіз үй, ақылды қалам, электронды тақта, интерактивті ойын құралдарымен қамтылған. «Бүгінде 2-6 жас аралығындағы топтарда 320 бала тәрбиеленуде. Оларға жауапты педагогтер мен кіші қызметкерлер сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Атап айтар болсақ, ересек «Болашақ» тобының тәрбиешісі Айжан Сатыбалдықызының көп жылдан бері бала тәрбиесіне қосқан үлесі мол. Гүлдана, Назира, Бота сынды тәрбиешілердің де еңбегі ерен. Мұндағы балалар өнер мен білімге құштар. Сондықтан сан мәрте аудандық білім бөлімінің марапатын иеленіп келеді», – дейді Гүлімжан Жайлаубаева.
Өз тілшіміз




