☀️
26°C
Қонаев
Жексенбі, Сәуір 26, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Әдебиет

    Жазуға адалдық

    11.10.2025
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар, Руханият
    Жазуға адалдық
    0
    SHARES
    4
    VIEWS

         Дәл Жұмабай ағадай жазуға адал, жазуды дүниедегі ең киелі нәрсе санап, оған кіршіксіз махаббатпен қызмет еткен кісі сирек. Жазуға адалдық өндірте көп жазумен, табан аудармай тұрақты жазумен өлшенбейтін шығар?! Ағамыз жазғанда қылаудай өтірік пен жасандылық кетпесін деп ішін қырнап, тоқтаусыз қазып отырып, ынты-шынтысымен өзін ұмыта беріліп, қандай дүние болса да ұзақ толғаныспен кірісетін. Осы адал жазуынан шынайы дүниелер туатын.

    – Жұмағаңның мықтылығы шынайылығында ғой, – деді Жүсіпбек Қорғасбек ағамыз Қанат Тілеуханның кітабының тұсаукесерінен кейін жайылған шағын дастарқанда. Жүсағаңдікі – шын пейіл. Жұмағаңның Қанат, Бағашар, Алмас сықылды шәкірттері, әдебиет пен өнерде жүрген солар шамалас он шақты жігіт отырған.
    – Осыны айтуға қанша уақыт керек болды? – деп бұрқ еткен ашуын жартылай сыпайыгершілікпен жасырған Жұмағаң Жүсіпбек інісіне жалт бұрылды.
    Жұмабай Шаштайұлы әдебиетке қатарластарынан кеш қосылса да, «Қызыл қармен» әдеби ортаға тез танылған жазушы. «Жала мен налада» дәстүрлі прозаның қалпынан тыс небір тағдырларды суреттесе де, «Аязбиде» тұтас дәуірдің психологиясын сомдаса да, өзінің алдындағы буын да, үзеңгілес қаламгерлер де, өзінен кейінгі жазушылар да ағамыздың реалистік прозасына баспасөз бетінде лайықты, шын бағасын берген емес. Тіпті Айгүл Ісмақова апайымыздан өзге көп ешкім мақаласына да қоса бермейтін. Жүсіпбек ағамызға айтылған налысты сөздің түбінде сол әдеби ортаға деген реніш жатқандай көрінді. Оны көркемдікті сезінетін жазушыға айтты ғой деп қабылдадық.
    …Қай редакцияны басқарса да, Жұмабай ағаның кабинетінен кісі үзілмейтін. Ағамыз я студент, я жас тілшіге мақала жазуға тапсырма беріп, қалай іздену керегін ерінбей түсіндіріп жатады. Үшінші курстың күзінде қаңғалақ қағып, «ZAMAN-Қазақстан» газетінің редакциясына бара қалып, Жұмабай Шаштайұлының алдына мен де солай тап болдым.
    Кабинетінің есігі шалқасынан ашық тұр екен. Төрде үлкен креслода шалқайып, қою мұртты, сұсты, бір нәрсеге терең ойланып кеткен, оң жақ төбесінен самайына қарай бір шоқ ағарған шашы бар, жасы елуге таяған бас редактор отыр. Атын бір жерден естіген сияқтымын, жазушы кісі. Өмірімде тірі жазушыны бірінші рет көруім.
    – Сені қазір не толғандырады, әке? – дегенде жаңағы сұс, кіргеніңді жақтырмағандай болып шалқайып жатқан немқұрайлы қалыптан түк те қалмағаны, ең жанашыр адамыңдай, Жұмабай ағаның бәйек болып мақала жазуды түсіндіріп кеткені әлі есімде.
    «Әуелі бір сөйлем жазсаң да, жаныңды жеп жаз» дейтін ағамыз. «Жаттанды ғой мынауың» деп қойған тақырыбыңды ұнатпай қалады. «Академичный жазыпты» деп ғылыми стильді тағы жақтырмайды. «Соңғы кезде газетімізден свежесть кетіп барады» деп ізденісімізге де көңілі толмайды. «Ең алғашқы сәттегі сезіміңді ұстап қал» дейді. «Беталды оқи бермеу керек, мысалы, Тәкен Әлімқұловты оқу керек» дейтін кейде. «Шімірікпейді, ұят кетті олардан» деп күйінеді. Ағамыздың үйретсем, бір мақала болса да дұрыс жазылса деп айтқан осындай сөздерін күнде естисің. Мен ғана емес, соңғы ширек ғасырда Ж.Шаштайұлы басқарған редакцияда істеген жүздеген журналист осындай тәлім алған болар. Солардың кейбірі «Жұмабай ағаның алдын көрдік» деп сыпайыласа, кейбірі бүгінде «Шаштайұлының шапанынан шықтық» деп мақтанады.
    Расында Жұмабай Шаштайұлы қазақ журналистикасында үлкен мектеп қалыптастырды. Ізденудің, сұрақ қоюдың, алғашқы сөйлемді неден бастаудың, мақалаға тақырып қоюдың, жаңа есім табудың, сөйлем құраудың, сөз саралаудың, жанр таңдаудың, сұхбаттасатын адам іздеудің Жұмабай Шаштайұлы үйрететін дағдылары жаңаша еді – басқа еді. Жұмабай Шаштайұлы жылт еткен дүниесі бар қаншама жастың кеудесіне от жағып, солардың бәріне осы нәрсені үйретіп кетті. Қазір олардың қай-қайсысының жазуынан болсын Шаштайұлының ұшқыны байқалады.
    Жұмабай ағаға бәріміз еліктедік. Жазу мәнеріміз, сөйлем құрауымыз, ой жүйеміз кейде сол кісіден аумай қалатын сияқты. Жанында көп жүрсең, еліктемеу мүмкін емес. Бірақ ешқайсымыз Жұмабай ағадай бола алмаймыз-ау… Ағамыздың адалдығы, сәби көңіл тазалығы, шыншылдығы, өз мінін жалпақ жұртқа жария етіп айта салатын «исповеді» Толстой мен Шәкәрім сарындас еді.
    Газет-журналдарда, радиода бас редактор болғанымен, қанша шәкірт тәрбиелегенімен, Жұмабай ағаның басты дүниесі әдебиет еді. Кейде газеттен шаршап жүргенінде «Қаптаған адам келіп-кетіп жатады, әдебиет туралы әңгіме айтатын ешқайсысы жоқ, аквариумдегі ауа жетпеген балық сияқтысың» дейтін. Жұмабай ағаны дүние ісі, саясат, «окололитературный» әңгіме қызықтырмайтын. Тумысынан жазушы, жан қалауы әдебиет қана болатын.
    «Толстой қалай қиылыстырады, ә? Шөп шауып жүрсе, анадайда пәуеске кетіп барады» деп әдебиеттегі схематизмді айтып тұрып, Толстой, Әуезовтерге сүйсінетін. Әдебиет туралы әңгімесінде «нәзік штрих», «характер ашқан», «соншалықты шынайы» деген сөздер міндетті түрде айтылады. Өзінің де әдебиетте сүйген, сүйенген дүниелері осындай категориялар еді.
    Жұмабай ағаның әдеби лабора­ториясын, күнделікті жазу дағдысын аса көп білмеймін. Кабинетте бос уақытында жазғанын қайталап көшіріп отырғанын байқап қалатынбыз. Сөйтсе де, прозасына қарап Ж.Шаштайұлының жазу құбылысын жан еңбегі деп атауға болатындай. Жан еңбегі – толғаныспен, жүрекпен жазылған дүние. Ой еңбегі логикаға көбірек сүйенеді. Ал өнер табиғаты иррационалды, оған рационализм жат. Сол себепті Ж.Шаштайұлының жүрекпен жазылған шығармалары шынайы.
    Қанаттың кітабының тұсаукесерінен соң Жұмабай ағамен сұхбаттасудың сәті түспеді. Сол кездесудегі әңгіме ағамыздан естіген соңғы әңгімеміз екен. Бір ай өткен соң «Жұмабай аға ауруханаға түсіпті» деп естідік.

    Болат Мүрсәлім,
    журналист

    Соңғы жаңалықтар

    Бастаманы ауқымдау және оны практикалық тұрғыдан іске асыру
    25.04.2026
    «Таза Қазақстан» – идеология мен құндылықтың платформасы
    25.04.2026
    ІЛЕДЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІ СЕНБІЛІККЕ БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСТЫ
    25.04.2026
    ІЛЕДЕ СЕНБІЛІК ФОРМАТЫ ӨЗГЕРДІ: ЕНДІ ТАЗАЛЫҚҚА ОТБАСЫ БОЛЫП ҚАТЫСУ ТРЕНДКЕ АЙНАЛДЫ
    25.04.2026
    “Таза Қазақстан” акциясы – елдік бастама
    25.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>