Перейти к содержимому
Главная страница » ТӘРБИЕШІЛЕРДІҢ  АЛМАТЫДА ӨТКЕН АЛҚАЛЫ ЖИЫНЫ

ТӘРБИЕШІЛЕРДІҢ  АЛМАТЫДА ӨТКЕН АЛҚАЛЫ ЖИЫНЫ

Алматыда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі (топ) бастықтары мен батальон командирлері орынбасарларының және әскери бөлімдердегі әскери қоғамдық ұйымдар төрағаларының үшкүндік практикалық дайындығы өтті.

Алқалы жиынға Алматы, Шымкент, Талдықорған, Қызылорда және Тараз қалаларынан келген 40-тан астам тәрбиеші офицерлер мен әскери қоғамдық ұйымдардың төрағалары қатысты.

Ауқымды шара барысында өңірлік қолбасшылықтағы заңдылық пен әскери тәртіптің жағдайы, оны нығайтудағы әскери қоғамдық ұйымдардың міндеттері туралы сөз қозғалды. Соның ішінде әйелдер кеңесі, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер кеңесі, ардагерлер кеңесі сияқты ұйымдар жұмыстарының маңызы, бөлімнің жалпы хал-ахуалына тигізер әсері мен жеке құрамды тәрбиелеудегі рөлі ерекше аталып өтті.

— Біздің бүгінгі жиналып отырғандағы басты мақсатымыз әскерлерде тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселелерін жетілдіру, қазіргі талапқа сай оңтайлы мүмкіндіктерін талқылау және тәрбие жұмыстары бойынша жақсы ойлары болса сонымен бөлісіп, бір-бірімен пікір алмасу. Сондай-ақ әскери қоғамдық ұйымдардың жұмыстарын сараптау, — дейді оңтүстік өңірінің бас тәрбиешісі полковник Атабек Салихбаев.

Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы полковник Тимур Рахимов бөлімдер мен бөліністерде берік әскери тәртіпті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті ұстануда, өз қызметтік міндеттерін үлгілі орындауға әскери қызметшілерді жұмылдырудағы әскери қоғамдық ұйымдардың жұмысын қалай жүзеге асыру керектігін жеткізді. Сонымен қатар әр офицер басшылық құжаттарды қаншалықты меңгергендігі тексеріліп, жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндері бойынша сынақтар тапсырды.

Үш күн бойы жиынға қатысушы офицерлермен әдістемелік сабақтар, семинарлар, дәрістер және жауынгерлік қызмет пен оқудың үздіктерін құрметтеу кеші секілді көрсетпелі сабақтар өткізілді.

Қорытындылай келер болсақ, үш күнге созылған Алматы төріндегі жиынның тәрбие саласы офицерлердің білімін жоғарылатып, кәсіби дайындықтарын шыңдауларына, өзара тәжірибе алмасуларына айтарлықтай ықпалы болғаны сөзсіз.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 

баспасөз қызметі