Кеген аудандық Мәдениет үйінде «Әйел кәсіпкерлігі: табыс пен даму жолы» атты іскер әйелдер форумы өтті. Шараны «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Кеген аудандық филиалы және іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды.
Форум алдында кәсіпкер әйелдердің жетістігін көрсететін көрмеге орын берілді. Қатысушылар назарына нәзік жандылардың қолынан шыққан тұрмыстық бұйымдар, кондитерлік, бал, сүт өнімдері ұсынылды.
Шара іскер әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, белсенді, табысты кәсіпкерлердің тәжірибесін насихаттау, олардың жетістіктерін үлгі ету және әртүрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандық иелерін дәріптеу мақсатын көздеді.
Жиынды облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жанна Қырғызалықызы ашып, жүргізіп отырды. Форумда сөз алған аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев:
– Ауданымызда іскер әйелдер қатары жылдан-жылға артып келеді. Ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, білім, мәдениет, әлеуметтік сала болсын, әйелдер қауымы табысты еңбек етуде. Олар тек өз отбасыларына ғана емес, қоғамға да пайдасын тигізіп, жұмыс орындарын ашуда. Бұл – нағыз отансүйгіштік пен еңбекқорлықтың үлгісі. Іскер әйел – тек табысты кәсіпкер ғана емес, ол – ана, отбасы мен қоғамның тірегі. Нәзік жандылар ауданымыздың өркендеуіне де зор үлес қосып отыр, – дей келе, кәсіпкер әйелдерді Алғыс хатпен марапаттады.
Келесі кезекте сөз сөйлеген облыстық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Қайсарқызы:
– Бұл форум тек іскер әйелдердің кездесуі емес, бұл – жүрегімен, ойымен, ісімен елге қызмет етіп жүрген әйелдердің бас қосуы. Менің өмір жолым ауылдан басталды. Таудың етегінде, қарапайым отбасында дүниеге келдім, бірақ бала күнімнен ата-анам маған бір нәрсені үйретті. «Еңбек еткен адам ешқашан жеңілмейді» деді. Сол сенім мені өмір бойы жетеледі. 17 жасымнан бастап жұмыс ісдедім, – деген ол облыстық кәсіпкерлер палатасы атынан бірқатар іскер әйелдерге Алғыс хат табыс етті.
«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы жанынан құрылған Әйелдер қанатының төрайымы Меруерт Сағындыққызы елімізде іскер әйелдер қауымдастығы 30 жыл бұрын құрылғанын, бүгінде облыстық іскер әйелдер қауымдастығы мүшелерінің қатары кеңейіп жатқанын атап өтті.
Жиын барысында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Демежанқызы, кондитер жұмысын дамытып келе жатқан жеке кәсіпкер Ақзер Болатбекқызы, мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман әйелдердің еңбек нарығындағы белсенділігі, олардың өзін-өзі дамытуда мүмкіндіктері туралы сөз қозғап, ой-пікірлерін ортаға салды.
– Форумға бірінші рет қатысып отырмын. Өте жоғары деңгейде өтуде. Көрмеге өзіміздің кондитерлік өнімімізді әкеліп, таныстырдық. Тәттілер пісірумен айналысамыз. Барша әйелдар қауымына сәттілік тілеймін! – деген жас кәсіпкер Ақзер Болатбекқызы мұндай мазмұнды кездесулер әйелдердің қоғамдағы орнын арттырып қана қоймай, өзара ынтымақтастықты нығайтуға да ықпал ететінін тілге тиек етті.
Форум соңында аудандық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Бақытгүл Оспанқызы қатысушыларға алғысын білдіріп, мұндай басқосу енді Райымбек ауданында жалғасатынын жеткізді. Шара мерекелік концертке ұласты.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




