Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиынға белгілі актер, «Шестой пост» фильмінде басты рөлді сомдаған Сануржан Сүлейменов арнайы шақырылып, әскери қызметшілер мен қонақтарға мерекелік лебізін білдірді. Ол өз сөзінде ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген құқықтық тәртіп әскерінің өкілдеріне құрметін жеткізіп, Қазақстанның бейбіт әрі тәуелсіз ел болып дамуына тілектестік білдірді.
Салтанатты шара барысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев барша қатысушыларды Республика күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде бұл мереке – ел тәуелсіздігі мен мемлекеттіліктің қалыптасу жолындағы халықтың бірлігі мен ынтымағын паш ететін маңызды күн екенін атап өтті.
– Республика күні – еліміздің жаңа дәуірге қадам басқан тарихи сәтін айшықтайтын ерекше мереке. Әскери қызметшілердің міндеті – осы тәуелсіздіктің, тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі болу. Біз осы борышымызды абыроймен атқаруға әрқашан дайынбыз, – деді генерал-майор Талапкер Әміреев.
Мереке аясында қызметтік борышын адал атқарып жүрген әскери қызметшілер мен қолбасшылықтың қонақтары марапатталды. Соның ішінде Сануржан Сүлейменов ҚР ІІМ орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төс белгісімен марапатталды.
Актер өзіне көрсетілген құрмет үшін алғыс айтып, «Шестой пост» фильмінің түсірілімі кезінде әскери өмірдің жауапкершілігі мен ерліктің мәнін терең түсінгенін атап өтті.
– «Әскерилердің еңбегі – көрінбей жасалатын, бірақ елдің тыныштығы үшін шешуші рөл атқаратын қызмет. Сол еңбекті бағалау – әр азаматтың борышы. Ел тыныштығын сақтап жүрген әр сарбазға алғыс шексіз, – деді Сүлейменов өз сөзінде.
Сонымен қатар шара барысында Республика күніне арналған деректі фильм көрсетілді. Фильмде ел тәуелсіздігінің қалыптасуы, мемлекеттік рәміздердің қабылдануы және қазақ әскерінің даму тарихы баяндалды. Көрсетілім офицерлер мен әскери қызметшілердің зор қызығушылығын тудырып, ел тарихына деген мақтаныш сезімін арттырды.
Шара соңында басқарма жеке құрамы мен қонақтар, естелік суретке түсті.




