Республика күні – халқымыздың жүрегіне тәуелсіздік рухын ұялатқан ерекше тарихи күн. Бұл – мемлекетіміздің жаңа дәуірге қадам басқан сәтін бейнелейтін ұлы мереке.
1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанды тәуелсіздікке бастаған алғашқы қадам болды. Сол сәттен бастап халқымыз өз тағдырын өзі шешетін, азаттық аңсаған арманын жүзеге асыратын дербес елге айналды.
Бүгінгі бейбіт өмір – батырлар мен ел қорғаушылардың табандылығы мен ерлігінің жемісі. Біздің басты міндетіміз – сол аманатты сақтап, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Ұлттық ұлан – мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде ерекше орын алады. Әрбір әскери қызметші – ел тыныштығының қорғаны, тәуелсіздіктің тірегі.
Біз үшін Республика күні – өткенге тағзым, бүгінге шүкірлік және болашаққа сеніммен қарау күні. Тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлесін қосып жүрген әрбір сарбазға, әріптесіме алғыс айтамын.
Отанымыздың айбыны артып, көк байрағымыз мәңгі биікте желбірей берсін!
Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Құрметпен,
Алқайдаров Сағындық Ахмадиұлы
Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлім командирі




