Бұдан 35 жыл бұрын 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдады. Еліміздің азаттыққа ұмтылған алғашқы қадамы әрі тәуелсіз мемлекеттің іргетасы іспетті болған осы тарихи құжаттың арқасында егеменді Қазақстан жеке мемлекет ретінде таныла түсіп, кеңестік нормалар тоқтатылып, жаңа заңдар қабылдана бастады. 1991 жылы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң – соның айғағы.
Тәуелсіздікпен бірге бұрынғы бірпартиялық жүйе келмеске кетіп, сан алуан саяси партия саясат сахнасына шықты. Қазақстанда көппартиялық жүйе қалыптасуы қоғамның демократиялануына өз септігін тигізіп, заң шығару процесінде ықпалын арттырды. Бүгінде заңды түрде тіркелген 7 саяси партия еліміздің тұрақты дамуына, өзекті мәселелердің шешілуіне үлес қосып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланғаннан кейін елде ауқымды саяси реформалар жүзеге асырыла бастады. «Сайлау туралы» Конституциялық заңға және «Саяси партиялар туралы» Заңға түзетулер енгізілді. Осы өзгерістерден кейін құрылып, 2023 жылғы сайлауда Парламент Мәжілісінің мандатын иеленген жаңа партияның бірі – «Respublica» партиясы.
Бұрын мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталған Республика күні ұлттық мереке ретінде қайта оралған тұста саяси партия құру туралы құрылтай съезін өткізген «Respublica» партиясы ел ішінде жиі аталып, қоғам назарында болады. Өйткені бұл атау – терең мән мен жауапкершілік жүгін арқалаған ұғым.
– «Respublica» атауын иелену – партия үшін үлкен жауапкершілік. Өйткені Республика күні мерекесі – елдің мемлекеттік негіздерін, тәуелсіздігін және демократиялық құндылықтарын еске салатын маңызды күн. Партияның әрбір мүшесі оның саяси құрылымның атауы ғана емес, ел тағдырына ортақ жауапкершілік пен азаматтық ұстанымды білдіретінін жақсы сезінеді. «Respublica» – латын тілінен аударғанда «ортақ іс» деген мағына береді. Бұл – партияның идеологиялық негізі мен миссиясын айқын көрсетеді. Партия осы жауапкершілік жүгін арқалай отырып, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, әділетті әрі тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға және халықтың ел өміріне белсенді қатысуына жағдай жасауға бар күшін салады, – деді партияның облыстық филиалының төрағасы Ержан Дүйсекенов.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ




