Құрметті қауым!
Қадірменді жерлестер!
Баршаңызды ұлтымыздың ұлы мерекесінің бірі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – халқымыздың «Егемен болмай, ел болмас» деген киелі ұстанымы шындыққа ұласқан, Тәуелсіздік темірқазығы қағылған тарихи сәт. Бұл – ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған егемендіктің ақиқатқа айналған күні.
Бүгінде біз сол бір ұлы күнге – 1990 жылы қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияға тағзым ете отырып, тарихи таңдауымыздың дұрыстығын, даңғыл жолымыздың өміршеңдігін сезініп отырмыз. Биыл осы құжаттың қабылданғанына 35 жыл толып отыр. Бұл – тек ресми мерзім ғана емес, бұл – халқымыздың сан ғасырлық мемлекеттік дәстүрінің қайта жаңғырып, елдік сананың асқақтаған кезеңі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұл күнге Ұлттық мереке мәртебесі беріліп, Республика күні елдік бірегейліктің, рухани жаңғырудың, тарихи жадының жарқын символына айналды.
Республика күні – бұл берекелі бірлігіміздің, мәңгілік мемлекетіміздің, еркін еліміздің айғағы.
Сонау 1991 жылы азаттығын жариялаған сәттен бері Қазақстан Республикасының жүріп өткен жолы – тұғыры биік Тәуелсіздіктің шынайы көрінісі. Осы отыз бес жылдың ішінде еліміз экономикасы дамыған, саясаты тұрақты, бейбітшілік пен сенімге негізделген, халықаралық қатынастар жүйесінде өз орны бар мемлекет ретінде қалыптасты. Осы ұлы өзгерістердің шежіресінде Алматы облысының алар орны ерекше. Кең-байтақ Алматы облысы бүгінде индустриясы өркендеген, инфрақұрылымы жаңғырған, инвестицияға тартымды, халқының әлеуеті арта түскен бірегей өңірге айналды. Бұл – тәуелсіздіктің, тұтастық пен Президент саясатының нәтижелі жемісі.
Ел дамуындағы бүгінгі серпілістің жарқын бір көрінісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айтылды. Бұл – заман көшінен қалмай, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің игілігін ел болашағына бұру жолындағы тарихи бетбұрыс. Осы орайда Алматы облысына жүктелген жауапкершілік зор. Президенттің бастамасымен Алатау қаласын еліміздегі алғашқы толық цифрланған қалаға айналдыру – бұл облыс үшін тек міндет қана емес, үлкен мәртебе, зор сенім. Жаңа статусқа ие болған бұл қала енді арнайы экономикалық аймақ ретінде халықаралық тәжірибелерді өндірудің, шетелдік инвестиция тартудың, озық технологияларды енгізудің жаңа алаңына айналмақ. Осылайша, цифрлық ғасырдағы жаңа Қазақстанның бейнесін қалыптастыру жолында Алматы облысы көш бастап келеді. Ендеше, ұлт болашағы үшін жасалып жатқан бұл ұлы қадам – жаңа ғасырдың, жаңа дәуірдің, жаңа буынның жарқын келешегіне жол ашатын игі бастама!
Қадірлі қауым!
Бүгінгі ұлық мереке – Республика күнімен тағы да құттықтауымды қабыл алыңыздар. Әрқайсыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Егемендік – әр ұлтқа бұйыра бермейтін бақ пен тағдыр, біз соған қол жеткіздік! Ендеше, қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, еліміздің еңсесі биік болғай!




