Қонаев қалалық Мәдениет үйінде Республика күніне орай мерекелік шара өтті. Салтанатты рәсім Мемлекеттік Әнұранды орындаудан басталды. Құттықтау сөз сөйлеген Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов ұлттық мерекенің маңызы туралы айтып, бұл күннің ел тарихында ерекше орын алатынын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Республика күні – халқымыздың еркіндікке ұмтылған асқақ рухының және елдігіміздің нышаны. Бұл мереке – тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарын дәріптейтін маңызды күн», – деген болатын. Сондай-ақ Президенттің қолдауымен облыс әкімдігі өңір орталығын дамыту мен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Осы орайда Қонаев қалалық әкімдігі де бұл өзгерістерге үлесін қосуда, – деген Асхат Ермекұлы атқарылып жатқан жұмыстар мен даму жоспары жайлы баяндады. Айтуынша, бүгінгі таңда Қонаев қаласына тартылған инвестиция көлемі 96,7 млрд теңгеге жеткен. Ал өнеркәсіптен 67,7 млрд теңге, салық және басқа да міндетті төлемдерден бюджетке 107,6 млрд теңге түскен. Ауыл шаруашылығы саласында 14,4 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жыл басынан бері 36 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріліп, 56 көпқабатты үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Осы жылы әлеуметтік осал топтағы отбасыларға «SunCity» кешенінен 132 пәтер беріліп, «Қарлығаш» шағынауданында 18 үйдің кілті табысталған. Жыл соңына дейін кезекте тұрған азаматтарға 128 пәтер беріледі деп жоспарланған.
Салтанатты рәсім барысында қаланың өркендеп, дамуына үлес қосып жүрген қызметкерлер облыс және Қонаев қаласы әкімдерінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Солардың бірі Қонаев қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Дастан Батырша. «Республика күні – еліміз үшін айтулы мереке. Бұл тәуелсіздігіміздің жаршысы іспетті. Біз қала тұрғындарының қолайлы өмір сүруіне жағдай жасап, су құбыры, жылу, газ жүйелері мен санитарлық нормалардың сақталуына жауап береміз. Егер қандай да бір шағымдар түссе, бірден шешу жолдарын қарастырамыз. Тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, өтініштерін орындауға бар күшімізді саламыз. Еңбегімнің бағаланып, маңызды мереке қарсаңында облыс әкімінің Алғыс хатын иеленгеніме қуаныштымын», – деді ол.
Шара «Қонаев әуендері» ансамблі мен Мәдениет үйі өнерпаздарының концертімен қорытындыланды.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Қонаев қаласы
