Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарына жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы сапарын Талғар қаласының селден қорғау бөгетінен №2 алаңға дейінгі магистральды су құбырының жұмысын көруден бастады. Мердігер мекеме – «TOLAGAI-2050» ЖШС жоба жетекшісі Самат Ыбырайдың айтуынша, 2022 жылы басталған жұмыстың 70 пайызы орындалған. Келесі жылы шілде айында толықтай аяқтау жоспарланып отыр.
Құрылыс басында күнделікті 30-35 адам жұмыс істеуде. Нысан толығымен іске қосылғанда Талғар өзенінен құбыр арқылы келген су тұндырылып, сүзгіден өтеді. Одан соң зертханада хлорланып, су қоймаларына жіберіледі. Содан кейін тұтынушыларға беріледі. Мұнда зертхана салынған. Енді оның ішіне жабдықтар орнатылмақ. Жоба іске асқан кезде Талғар қаласының жаңадан бой көтерген шағынаудандары ауызсумен қамтылады.
Келесі кезекте облыс әкімі Талғар қаласында салынып жатқан 9 қабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмысымен танысты. Тоғызқабатты үш үйдің бірі былтыр желтоқсан айында, екіншісі биыл қыркүйекте пайдалануға берілген. Үшіншісі жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Бұдан соң Марат Елеусізұлы Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйтерек ауылдық округіне қарасты Қойшыбек ауылына атбасын бұрды. Бұл ауылдағы үй жануарларына арналған жем шығаратын зауыттың тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда «Asia Pets» ЖШС құрылтайшысы Руслан Іргебаев цехтарды аралатып, өнім түрлерімен таныстырып, алдағы жоспарымен бөлісті.
Есік қаласында «SHEBERBUILD» ЖШС салып жатқан көпқабатты үйлердің құрылысын көрген облыс басшысы мердігер мекеме өкіліне биылға жоспарланған жұмысты бітпесе, бұл нысанның келесі жылы басқа мердігерге берілетінін ескертті.
Марат Сұлтанғазиев сапарының соңында Есік қаласының №4 Абылайхан атындағы орта мектебіне аялдады. 1938 жылы іргесі қаланған ғимараттың күрделі жөндеу жұмысының басталғанына екі жылдан асқан. Облыстық білім басқармасының басшысы Арайлым Төлеубекова мердігер мекеменің жөндеу жұмысын қараша айында аяқтайтынын жеткізді. Нысанды аралап, ауланы көріп шыққан облыс әкімі білім басқармасы басшысы мен мердігер мекеме басшылығына бірқатар тапсырма жүктеді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ




