Қонаев қаласында Республика күніне орай «Бір ел – бір тағдыр» атты зияткерлік сайыс өтті. «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырған шараға қаладағы білім беру ұйымдарынан іріктелген 20-дан астам жас қатысты.
Аталған шараның мақсаты – жастардың ел тарихы мен тәуелсіздік құндылықтарына деген қызығушылығын арттыру, патриоттық рухты күшейту және ұлттық сана мен жауапкершілікті қалыптастыру.
«Біз «Жастар рухының» белсенді мүшелерімен бірге отаншылдықты дәріптеп, әр жас өз ойын ашық айтып, пікір білдіре алатын орта қалыптастыруды көздедік. Қазір жас ұрпақтың білімге құштарлығы және ел дамуына үлес қосуға деген талпынысы қуантады. Осындай бастамалар олардың жігерін жанып, болашаққа деген сенімін нығайтады», – деді «Жастар рухы» жастар қанатының мүшесі Меруерт Тілек.
Зияткерлік сайысына қатысушылар бірнеше кезең бойынша сынға түсті. Қойылған сұрақтарға тұщымды жауап қайтарып, ой-өрісін, логикалық қабілетін және білім деңгейін жан-жақты көрсетуге тырысты. Ойын барысында жастар Қазақстанның тәуелсіздік тарихы, мемлекеттік рәміздер, ұлт бірлігі мен егемендіктің қалыптасу кезеңдері жөнінде білгенін ортаға салды.
Байқау қорытындысы бойынша бес оқушы үздік нәтиже көрсетті. Жеңімпаздарға Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды.
Өз тілшіміз
Қонаев қаласы
