Ел басына күн туған сындарлы сәтте қан майданға аттанып, Отан қорғау жолында жан қиған аталарымыздың ерлігі – ұрпаққа өнеге. Кеген өңірінің жұртшылығы майдангерлер рухына тағзым етіп, олардың есімін кейінгі буынға насихаттап келеді. Жуырда тағы бір тағылымды шараның куәсі болдық.
Кеген ауылындағы жеті көшеге ерлігі ел есінде қалған Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері Үмбетжан Нұрғазиев, Молдан Әлдербаев, Мұханбек Естенов, Ыдырыс Сығаев, Нұрәділ Смағұлов, Нұрғали Жаңабаев және Данияр Сыдықовтың есімдері берілді.
Салтанатты шараға Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, қоғам қайраткері Бексырға Данышпанов, Кеген аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков, ауданның бас имамы Әзім Сатыбалдыұлы, мекеме басшылары, соғыс ардагерлерінің ұрпақтары қатысты.
– Аталарымыздың ерлік жолы мен елге сіңірген еңбегі – біз үшін мәңгілік мақтаныш. Олардың есімін ардақтау – азаматтық борышымыз. Сондықтан осы игі бастамаға атсалысқан барша ағайынға алғысымды білдіремін, – деді аудан басшысы Нұрбақыт Теңізбаев.
Жиналған көпшілік ардагерлердің бейбіт өмірде абыроймен атқарған қызметтері мен еселі еңбектеріне тоқталды.
– Адам баласы тарихта сансыз зұлматты басынан кешірді. Бірақ соның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы сұмдық болды. Қаншама отбасы қара жамылып, жетім-жесір қалды. Елім деген ерлердің ерлігі жас ұрпақты отаншылдыққа бастайды. Жаңа көшелерге ардагерлер есімі берілгені – құптарлық іс, – деді Бексырға Данышпанов.
Майдангерлердің өмір жолы ұрпақ жадында жаңғыра берері сөзсіз. Жеңістің 80 жылдығына орай өткен бұл шара болашақ ұрпаққа бейбітшілікті бағалауды үйрететін маңызды қадам болмақ.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




