⛅
5°C
Қонаев
Сейсенбі, Қараша 11, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Әдебиет

    КЕТБҰҚАНЫҢ СОҢҒЫ ШАЙҚАСЫ

    (дастаннан үзінді)

    08.11.2025
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар
    КЕТБҰҚАНЫҢ СОҢҒЫ ШАЙҚАСЫ
    0
    SHARES
    4
    VIEWS

         Қазақтың жыр-толғаулары ешқашан өз құндылығын жоғалтқан емес. Оның «Құлақтан кіріп, бойды алатын» әуезі сахараның сазындай асқақ. Бұл жырлар терең мазмұнға, тәрбиелік мәнге ие болып, адамгершілікке, адалдыққа, отаншылдыққа үндейді. Жуырда Ұлытау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және музей ісі басқармасы мен «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қолбасшы, жырау, күйші Кетбұқа бидің туғанына 840 жыл толуына орай республикалық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Осы жыр додасында жерлесіміз, жыршы-термеші Серік Сүйіндіктің «Кетбұқаның соңғы шайқасы» атты дастаны жүлдегерлер қатарынан көрінді. Халық шығармашылығын дамытуға өз үлесін қосып жүрген Секеңді осы мерейлі сәтімен құттықтай отырып, аталған дастаннан үзіндіні оқырман назарына ұсынамыз.

    Бұлжымас тіршіліктің заңы неткен,
    Тереңдесек әңгіме ары кеткен.
    Баяғы жаугершілік замандарда,
    Ер арып, арғымақтың жалы кеткен.
    Қамсызға қарыс жерде қаза бар деп,
    Қарайғанның қимылын бағып өткен.
    «Аттан!» деген жалғыз сөз жау шапқанда,
    Қақыратып аспанды жарып өткен.
    Жетім-жесір, қорғансыз пенделердің,
    Озбырлардың мойынында зары кеткен.
    Күші асқандар әлсізді олжа қылып,
    Зұлымдарда момынның қаны кеткен.
    Шапқан жау кімді таңдап отырады,
    Қосақпенен кедейдің малы кеткен.
    Қанқұйлы қарақшының тақымында,
    Аялаған арудың ары кеткен.
    Жастығымды алам деп жағаласып,
    Қасқайған қайсарлардың жаны кеткен.

    Байырғы заманында Шыңғыс ханның,
    Қаһары дүниені қарып өткен.
    Қақан ісін ұрпағы мирас қылып,
    Дүниенің жартысын алып өткен.
    Қилы-қилы тұлғалар бұл жалғанға,
    Өзінің өшпес ізін салып өткен.
    Солардың аспанға ұшқан бірі де жоқ,
    Қара жерді бәрі де қабір еткен.
    Адамға мәңгі өмір берілмеген,
    Дүниеден солардың бәрі де өткен.
    Жақсы-жаман, бар-жоқ деп алаламай,
    Піл сауырлы қара жер қабыл еткен.
    Кімді қалай жұтса да бір мыңқ етпей,
    Жер жаңарар мезгілде қары кеткен.
    Қым-қиғаш замандардың куәсі боп,
    Өмірден Кетбұқадай нарың өткен.

    Кетбұқа – әрі жырау, әрі батыр,
    Билігі қара қылды жарып өткен.
    Қол бастаса жапырып, айтса толғап,
    Ел ісіне өмірін сарып еткен.
    Хан-сұлтан ақылына қоңсы қонып,
    Дәуренді заманында салып өткен.
    Ханға құлдық ұрғанмен құнсызданбай,
    Қасиетіне қауымды қанық еткен.
    Дүние дидарына сергек қарап,
    Қыран құстай қияны шалып өткен.
    Кетбұқадай билерден кеңес сұрап,
    Ақылын Досмамбеттер алып өткен.
    Артына алуан түрлі соқпақ тастап,
    Кетбұқа ғауаң Мысырға барып өткен.
    Болмыстары күрделі тұлғалардың,
    Дей алмаспыз бүгінге бәрі жеткен.
    Көненің сөнбей қалған қоламтасы,
    Домбыраның үнімен талып жеткен.
    Сарынына сыйдырып сан ғасырды
    Заманға қылқобыздың зары жеткен.

    Мұнар да, мұнар, мұнар күн,
    Мұнар боп дүние тынарсың,
    Қызыл да жасыл жалған-ай,
    Кімдерге мәңгі сыңарсың.
    Ер Дәуіт қанық суарған,
    Асылдан асыл шар болат,
    Уақытың жетсе сынарсың.
    Қидаласып хан болған,
    Шапқан жері шаң болған.
    Жауға басын имеген,
    Ерегескен дұшпанды,
    Саз балшықтай илеген.
    Ұлысқа ұлы хан болып,
    Қарақорымды билеген,
    Мөңке хан өтті дүниеден.
    Қарайғанға қыңбаған,
    Зорға мойын бұрмаған.
    Жебесі құстай зырлаған,
    Қылышы қаннан құрғамай,
    Жортуылдан тынбаған.
    Шыңғыс хан құрған қағанат,
    Жарлығын тегіс тыңдаған,
    Мөңке хан өтті дүниеден.

    Мөңке қаған өтті деп,
    Қаза мезгілі жетті деп,
    Қарақорымнан шығып шапқыншы,
    Таратты хабар жан-жаққа.
    Қаралы хабар алған соң,
    Сапар тартты Құлағу,
    Аттанып енді бармаққа.
    Ұлы ханның басына,
    Тізе бүгіп тәу етіп,
    Уыс топырақ салмаққа.
    Түрлі елмен шектескен,
    Шыңғыс құрған қағанат,
    Ұлан-байтақ аймағы,
    Қай дәуірде де қарасаң,
    Қанағатсыз пенделер,
    Дүниеге, сірә, тоймады.
    Бірі отпен ойнады,
    Бірі оқпен ойнады.
    Бірі сеске бағынды,
    Бірі сертке бағынды,
    Ойласа бірі айланы.
    Ойлады бірі пайданы.
    Кімдерді қызыр шалмады,
    Кімдерді кімдер жалмады.
    Меңіреу сай мен салада,
    Кімдердің басы қалмады.

    Саят сайқал ұрғашы,
    Ежелгі дұшпан айлалы.
    Қарайған қалың елінің,
    Бұзылмау үшін қаймағы.
    Ерлер жортқан тынымсыз,
    Қарына іліп найзаны.

    Шекара шебі қалың қол,
    Қағанаттың батыс аймағы.
    Құлағу сапар тартқан соң,
    Кетбұқаның қалды қолында,
    Қолбасының байрағы.
    Ханның солай бұйрығы,
    Тарихтың осы айғағы.

    Құлағу жүріп кеткен соң,
    Таң мезгілі жеткен соң.
    Салт бойынша Кетбұқа,
    Аруағына қақанның,
    Ақсарбас айтып байлады.
    Қазынадан алтын таратып,
    Тәңіріне бәйіт арнады.
    Үш күн, үш түн аза ғып,
    Қылқобыз қолда сарнады,
    Бебеу қағып домбыра,
    Аққу боп бірде сұңқылап,
    Бұлбұл боп бірде сайрады.
    Сол уақытта Кетбұқа,
    Өткен-кеткен өмірді,
    Көз алдынан өткізіп,
    Қамығып қайғы ойлады.

    Ақшамнан мезгіл ауғанда,
    Қиырдан келді бір хабар,
    Мәлімет алып майданнан,
    Ордаға жетті бір шабар.
    Шалдыға жеткен шабарман,
    Ордаға жете жығылды.
    Кетбұқаның алдына,
    Әл жиып әрең жүгінді.
    Хабарды толық айта алмай,
    Қос иығы селкілдеп,
    Көзінің алды көлкілдеп,
    Қос тізесі бүгілді.

    Тарихтан тартсақ суыртпақ,
    Оқиға былай болғанды.
    Сидония сеньоры,
    Жюльен Греньенің мекені.
    Бофор сарай еді қорғаны.
    Сарайдан шығып Гренье,
    Алды-артын болжады.
    Мөңке өмірден өтті деп,
    Естіген соң көңілін,
    Жымысқы бір ой торлады.
    Қолбасылар кетті деп,
    Бетке алып алыс орданы.
    Орайлы сәт осы деп,
    Марж Айюнға шабуылдап,
    Талауға салды олжаны.
    Көздегені олжа емес,
    Мысыр менен мұңғылды,
    Арандатпақ арманы.
    Ойран қылмақ орданы.

    Бұл қорлыққа шыдамай,
    Қырам деп жауды қынадай.
    Аз жасақпен артынан,
    Жюльенді қуып кетеді,
    Кетбұқаның жиен оғланы.
    Жалындаған жас батыр,
    Тонаушының жасағын,
    Ал артынан қуады.
    Аз жасақты көрген соң,
    Аздығын оның білген соң,
    Жюльен де қарсы тұрады.
    Алды-артын қоршауға ап,
    Шегінер жолын буады.
    Ұлы бесін ауғанда,
    Марж Аюн даласын,
    Ерлердің қаны жуады.
    Күн ұяға қонғанда,
    Жастықтарын мол алып,
    Барлығы түгел сұлады.

    Хабаршының бұл сөзін,
    Естігенде Кетбұқа,
    Толғана мойын бұрады.
    Шақырып сабыр шыдас қып,
    Болған істің мән-жайын,
    Ақылмен ойлап ұғады.
    Мән-жайын істің білген соң,
    Көтеріліп орнынан,
    Ордасынан шығады.
    Аласапыран бұл дүние,
    Қай кезде қалай тынады.
    Тәңірінің япыр-ай,
    Келді ме рас сынағы?!
    Оғыланын ойлап жас кеткен,
    Омыртқасы үгіліп,
    Қабырғасы сынады.
    Аза қып ғауаң сол түні,
    Күңіреніп қобыз бұрады.
    Сарынынан қобыздың,
    Жаназа күйі төгілді.
    Көз алдына келтірді,
    Өтіп бір кеткен өмірді.

    Жасында бұл сері еді,
    Бөлеген дуға өңірді.
    Домбыра алса қолына,
    Күмбірлеп күйі төгілді.
    Жігіт болып бой бөлеп,
    Иіскеп көрді не гүлді.
    Қуаныш көрсе масайрап,
    Қайғыны көрсе егілді!
    Алды-артындағы дос дұшпан,
    Ол баяннан, сірә, не білді?!
    Ат жалын тартып мінген соң,
    Білектімен алысты,
    Біліктімен жарысты,
    Тепсінісер жер болса,
    Жасқанбай қамшы салысты.
    Намысқа шауып ел үшін,
    Қасарысты, қарысты.
    Ел ішінде ер болып,
    Талайлармен танысты.
    Талай ермен табысты.
    Қайратына мас болып,
    Талай жерге барысты.
    Бал шымылдық ішінде,
    Аруды құшып ай маңдай,
    Қызыққа қанып бал ішті!

    Қайратына бақ тұрды,
    Қағына қою қақ тұрды.
    Бәсекеге келгенді,
    Аруағы оның ықтырып,
    Мысыменен бастырды.
    Жоралыны дос тұтып,
    Жосықсызды састырды.
    Алдынан есік ашылды,
    Жолына жұпар шашылды.
    Тәңірінен келген тылсым күш,
    Он үшінде иектеп,
    Екі мүшел толғанда,
    Шалықтап барып басылды.
    Шынжыр балақ, шұбар төс,
    Атасы оның асыл-ды.
    Тылсымменен тілдесіп,
    Жақсылыққа үңілді.
    Жамандықтан бой тартып,
    Зұлымдықтан түңілді.
    Қылқобыз ұстап қолына,
    Естіді тылсым күбірді.
    Барына кейде тәубе етіп,
    Бәрінен кейде түңілді.
    Пірлері жебеп ақыры,
    Тамырда қаны жүгірді,
    Көкірек көзі ашылып,
    Көкжиегі түрілді.

    Естігенге үн қатты,
    Үнсіздікке тіл қатты.
    Шыңғыс ханның сол тұста,
    Тегеуріні болды тым қатты.
    Жошы өткенде өмірден,
    Ақсақ құланды шерткізіп,
    Шанаққа құйып қорғасын,
    Ет жүрегін сыздатты!
    Есіл жанын мұздатты!
    Айтып айтпай немене,
    Толысқан соң Кетбұқа,
    Күндіз жортты, түн қатты.
    Тебінгіге тер қатты,
    Қанжығаға қан қатты.
    Күн түбіне жол тартты,
    Күміс құмғанмен жуынып,
    Алтын аяқтан дәм татты.
    «Иә, аруақ!» деп атой сап,
    Қол бастап қамал қиратты.
    Қандыбалақ замана,
    Есіл ерді осылай,
    Тарамыстай ширатты.
    Алдыңғы дұшпан, артқы дос,
    Көкейдегі ойды кім тапты.
    Осылайша Кетбұқа,
    Қобызбен бірге күңіреніп,
    Ерлерін жоқтап еңіреніп,
    Қыршынынан қиылған,
    Оғыланды ойлап еміреніп,
    Апта бойы толғанды.
    Апта бойы толғанып,
    Алды-артын тегіс шолған-ды.

    Апта өткен соң бесінде,
    Қаны бір тулап жүректен,
    Түгі шығып білектен.
    Келгеннен соң шешімге.
    Кетбұқа кеңес шақырды.
    Сардарларға сөйледі,
    Сөйлегенде бүй деді:
    «Аңдыған дұшпан ақыры,
    Айласын бізден асырды.
    Албырттықпен қапыда,
    Құрбан қылдық асылды.
    Олардың кегін алмасақ,
    Жауға ойран салмасақ,
    Қай бетімізбен көреміз,
    Алдағы келер ғасырды?»
    Ерлердің кегін алмаққа,
    Жауға ойран салмаққа,
    Кетбұға енді ойлады.
    Жоспар түзіп не түрлі,
    Қамдады қанша айланы.
    Әскерді жиып түгендеп,
    Жау жарағын сайлады.
    Сардарларды шақырды,
    Кеңес құрып алмаққа.
    Үміт артар қашанда,
    Сенімді серік саңлаққа.
    Сардарлар кілең ер еді,
    Айтулы ердің бірі еді.
    «Жау қайда?» деп қам қылып,
    Жорыққа дайын жүр еді.

    Бір үнмен бәрі ұрандап,
    Қаһарланып қонды атқа.
    Өлтірсек деп қазымыз,
    Өлсе шейіт болмаққа.
    Қарсыласқан дұшпанды,
    Табанына салмаққа,
    Қан ұрттасып серт қылды,
    Ерлердің кегін алмаққа.
    Діңгегі бөлек дұшпанды,
    Қапыда өлген оғыланның,
    Жолына құрбан шалмаққа.
    Ар шыдамас кезең ол,
    Жасанған жау кез келсе
    Басын бұғып қалмаққа.
    Жиырма мың қол жиылып,
    Шақырып аруақ қонды атқа.
    Қанды жорық бір сайран,
    Кезек сұрап қағысқан,
    Өңшең батыр саңлаққа.
    Тау көтерген ерлерге,
    Жау дақпырты даңқ па,
    Қанды жорық салмақ па.
    Сауыты кебін тоқым ши,
    Қолына қылыш алғанның,
    Қанды басы қармақта.
    Ер мұраты жортуыл,
    Өлем деп ешкім соғыспас,
    Тебінгіге тер сіңіп,
    Қанжығаға қан қатса.
    Кетбұқа алып қылқобыз,
    Жұп шырақты тұтатып,
    Мінәжат етті аруаққа,
    Үш күн, үш түн от жағып,
    Отырды елден аулақта.

    Ерен туған Кетбұқа,
    Тәңірден күбір ұғатын,
    Адамның еді саңлағы.
    Жюльен Гренье көкейін,
    Ақылменен аңдады.
    Жігерін қайрап намысқа,
    Алдан қауіп көрсе де,
    Ерліктің жолын таңдады.
    Тұрса да жүрек салқындап,
    Ардың жүгі алқымдап,
    Басқалай шешім қалмады.
    Алдаспанын қайрады,
    Алғыр құстай бойлады.
    Қарайған қалың еліне,
    Мәңгілік бекқұт ойлады,
    «Тыныштығын қамдаған,
    Тынымсыз жортар» дегендей,
    Үш күн, үш түн ойланып,
    Әб жыландай толғанып,
    Әр істің жайын ойға алып,
    Қара бұлан терісін кергізіп,
    Қара қобыз қолға алып,
    Сарынмен бірге тербеліп,
    Сағыммен бірге қозғалып,
    Ұлы іске белін байлады.

    Серік Сүйіндік

    Ұсынымдар

    Ауылды өркендетудегі ҮЕҰ мүмкіндігі талқыланды

    Ауылды өркендетудегі ҮЕҰ мүмкіндігі талқыланды

    2 years ago
    Мәжіліс онлайн-платформа және онлайн-жарнама туралы заң жобасын мақұлдады

    Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы заң күшіне енді

    2 years ago
    Бірінші сыныпқа құжат қабылдау қашан басталады?

    Бірінші сыныпқа құжат қабылдау қашан басталады?

    8 months ago
    Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖД-да мерекелік іс-шара өтті

    Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖД-да мерекелік іс-шара өтті

    3 years ago
    Табыс көзі – тоғыз ешкі

    Табыс көзі – тоғыз ешкі

    3 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>