Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген облыс тұрғындары салық, жерді пайдалану және кәсіпкерлік салаларындағы түйткілдерді алға тартты. Әсіресе, шағын және орта бизнес өкілдері үшін бөлшек сауда салығының мөлшерлемесін төмендету – басты мәселенің бірі болды. Бұл ретте Еңбекшіқазақ ауданынан келген кәсіпкерлер бөлшек сауда салығының мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетуді сұрады.
«Бұл салық түрін біздің ауданда шамамен жүзден астам жеке кәсіпкер пайдаланады. Төлем көлемі аса жоғары емес, сондықтан мөлшерлемені екі пайызға төмендету мәселесін қарастыруға мүмкіндік бар деп санаймыз. Бұл өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге де тиімді болар еді», – деді аудан тұрғыны Шолпан Қасымбаева.
Бұл мәселеге қатысты Рустам Маратұлы: «Кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір облыс бойынша 3 480 кәсіпкер бөлшек салық режимімен жұмыс істейді. Бюджетке 5,7 млрд теңге түсті. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш екі есеге артқан. Сондықтан бұл салық түрі өз тиімділігін дәлелдеп отыр. Дегенмен кәсіпкерлердің ұсынысы ескеріліп, мәселе алдағы уақытта тағы қаралады. Салық мөлшерлемесін өзгерту туралы шешім жергілікті мәслихаттармен тек келесі жылдың 1 желтоқсанына дейін қабылдануы мүмкін», – деп жауап берді.
Қабылдауда болған Жамбыл ауданының тұрғыны Жәкен Оспанов Ұзынқарғалы өзенінің тартылып, экологиялық ахуалдың нашарлай түскенін жеткізді. Оның айтуынша, өзен Қарғалы ауылынан бастау алып, карьерлер маңында ағысын тоқтатқан. Өзен арнасын қалпына келтіру үшін арнайы су өткізгіш құбыр орнатып, карьерлердің заңды жұмыс істеп жатқанын тексеру қажет.
Рустам Исатаев бұл ретте тиісті тексеру жүргізіліп, өзеннің табиғи арнасын қалпына келтіру шаралары қолға алынатынын атап өтті. Сондай-ақ ол құм, қиыршық тас және өзге де пайдалы қазбаларды заңсыз өндірушілермен күрес жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын айтты.
«Азаматтардың өтініштері негізінде жеті заңсыз нысан анықталды. Алдағы сейсенбіде арнайы комиссия отырысы өтеді. Басты мақсат – кінәлілерді жауапқа тарту, айыппұл салу және ең бастысы, бүлінген жерлерді қалпына келтіру. Заңсыз қазба жұмыстары салдарынан үлкен шұңқырлар қалып, тұрғындарға қауіптілік тудыруда. Бұл бағыттағы жұмысты аяқтап, келесі жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қоғамға есеп беруді жоспарлап отырмыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Қабылдау барысында Қонаев қаласына да қатысты бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Рустам Исатаев бұл бағыттағы жұмыстардың бақылауда екенін айтып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді. Тұрғындар тарапынан айтылған өтініштердің орындалуы да жеке қадағалауында болатынын атап өтті.
Алма Топантайқызы




