Жамбыл ауданында «Ауыл әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты республикалық ауыл әйелдері форумы өтті. Ұзынағаш ауылындағы Мәдениет үйіне облыс аудандарымен қатар басқа өңірден белсенді, іскер әйелдер келіп, құнды ой-пікірлерін ортаға салды. Нәзік жандылар өздерінің қоғамдағы, экономикадағы, отбасындағы рөлін ашып көрсетіп, тәжірибе алмасты. Бұл ауыл әйелдерінің еңбегін дәріптеген, бірлікті, дамуды және жарқын болашақты айқындаған шара болды.

Форумды Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Ауыл» партиясы, Алматы облысының әкімдігі мен облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы және Жамбыл ауданының әкімдігі ұйымдастырды.
Жиынның алғашқы сөзін облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Ғани Майлыбаев алып, форумның ауыл әйелдерінің қоғамдағы, экономикадағы және рухани өмірдегі рөлін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде әйелдердің әлеуметтік және экономикалық мүмкіндіктерін арттыруға, отбасы институтын нығайтуға және өңірлердің теңгерімді дамуына айрықша мән беріліп жатқанына тоқталды.
– Қазіргі таңда Алматы облысында ауылдық жерде тұратын халықтың үлесі 80 пайызға жуық. Биылғы қыркүйектегі ресми мәлімет бойынша облыс халқының саны 1,5 млн адам, оның 1,2 млн-ы – ауыл тұрғыны. Бұл көрсеткіш ауылдық аумақтардың әлеуеті зор екенін, сол өңірлердің дамуы – облыс пен ел экономикасының берік тірегі екенін дәлелдейді. Сонымен қатар облыста шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамуда. Қазан айындағы дерек бойынша Алматы облысында 22 мыңнан астам тіркелген заңды тұлға бар, оның 18 мыңнан астамы шағын және орта бизнес субъектілері. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда елеулі өсім. Аталған кәсіпорындардың ішінде әйелдердің жетекшілік ететін үлесі 35 пайызға жуық. Демек, ауыл әйелдері тек отбасы мен тұрмыстық саланың ғана емес, сонымен қатар экономиканың, өндірістің, аграрлық сектордың және әлеуметтік кәсіпкерліктің де белсенді қатысушыларына айналып отыр, – деді Ғани Айдарұлы.
Айтуынша, мемлекет ауыл әйелдерінің бастамаларын қолдауға ерекше назар аударады. Облыста соңғы жылдары ауыл әйелдеріне арналған бірқатар жоба мен бағдарламалар жүзеге асырылуда. «Ауыл аманаты» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы шағын несиелер мен гранттар беріліп, «Бизнес бастау», «Кәсіпкер ана» жобалары аясында кәсіпкер әйелдерге арналған оқыту курстары мен консалтингтік қолдау жолға қойылған. «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында әйелдердің еңбек нарығына қатысу үлесі жыл сайын артып келеді. Тек өткен жылы облыс бойынша 3 мыңнан астам ауыл әйелі мемлекеттік бағдарламалар аясында өз кәсібін бастауға немесе кеңейтуге қолдау алған. Сондай-ақ әлеуметтік салаларда, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесінде қызмет ететіндердің 70 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Мұның барлығы – әйелдердің өңірдің дамуына қосып жатқан зор үлесінің айғағы.

«Бүгінгі форум – өзара тәжірибе алмасып, жаңа идеялар мен ұсыныстарды талқылауға, қоғамның назарын ауыл әйелдерінің мәселелері мен жетістіктеріне аударуға бағытталған маңызды бастама. Сондықтан сіздердің әрқайсыңыздың белсенділігіңіз, жігеріңіз және еңбектеріңіз – біздің ортақ табысымыздың негізі», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Салтанатты жиында аудан әкімі Нұрлан Ертас ақындар мен батырлар еліндегі жан жадыратар жарқын істерде әйелдер үлесінің зор екенін атап өтті. Әйелдер қоғам өмірінің барлық саласына кеңінен қатысып, саясат, экономика, бизнеске батыл қадам жасап, кәсіби кемелділік, жауапкершілік пен табандылықтың тамаша үлгісін көрсетіп жүргенін айтты. Ауданда әйелдер – белсенді саяси күш деп бағаланады. Олар қоғамның барлық саласында белсенділік пен іскерлік танытып, ел мәртебесін көтеруге үлкен үлес қосуда. Әйел – отбасының ұйытқысы ғана емес, елдегі тұрақтылық пен бірліктің негізі. Аудандағы 24 ауылдық округ әкімінің екеуі, 12 бөлім басшысының төртеуі әйел азаматтар. Аудан әкімдігі жанынан құрылған барлық консультативтік-кеңесшілік органның құрамына нәзік жандылар енгізілген. Еңбек нарығын дамытудың 2024-29 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде биыл 1987 жұмыссыз әйел мансап орталығының белсенді шараларына қатысып, толықтай электронды еңбек биржасы арқылы тіркеуден өтті. Оның ішінде тұрақты жұмысқа 369 әйел орналасты.
«Кәсіпкер әйелдер саны да жылдан-жылға артып келеді. Олар экономиканың белсенді қатысушысы. Ауыл әйелін қолдау – ұлттың болашағына салынған инвестиция десек, қателеспейміз. Үй мен түздің жұмысын қатар алып жүргендер – ұрпаққа өнеге. Бүгінгі форум ой бөлісу, жаңа бастамаларға жол ашу алаңы ғана емес, ауыл әйелдерінің еңсесін көтеріп, еңбегін дәріптеу, тың идеяларды ұлт болашағын дамытуға бағыттау. Бірлік бар жерде береке бар. Береке бар жерде даму бар. Даму бар жерде болашақ бар. Бірлік – берекенің бастауы, даму – өркендеудің кепілі, ал болашақ біздің ортақ мақсатымыз. Бірлік пен даму арқылы ғана жарқын болашаққа қадам басамыз. Әрбір ауыл әйелінің еңбегі мен арманы ұлтымыздың игілігіне айналсын!» – деді Нұрлан Ертасұлы.
Форум жұмысын жүргізген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Ауыл» партиясы орталық аппараты басшысының орынбасары Әйгерім Сәрсенбаева осы ауқымды шараны өз аймағында өткізуді жылы қабылдап, шынайы қолдау көрсеткені үшін облыс әкімдігі мен аудан басшылығына алғыс білдірді. Айтуынша, мұндай форумдар легі Атыраудан басталып, осы облыста жалғасты, енді Қызылорда облысында өткізіледі. Желтоқсанның басында Ақмола облысында қорытындыланбақ.
– Бүгінгі шараның осы ауданда өтуінің үлкен мәні бар, – деді ол. – Бұл Мемлекет басшысының маңызды іс-шараларды қалаларда ғана емес, осындай шалғай аймақтарда, қарапайым еңбек адамдарының ортасында өткізу қажеттігі туралы тапсырмасының нақты орындалуы. Біздің ортақ мақсатымыз – ауылдық өңірлердің әлеуетін арттыру, ауыл әйелі мен қала әйелінің мүмкіндігін теңестіру. Бұл – Әділетті Қазақстанның негізі, – деген Әйгерім Арыстанбекқызы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысының негізгі бағытымен таныстырды. Әйелдер, балалар және отбасы саясаты мемлекеттің де, қоғамның да басты құндылығы және берік іргетасы екенін атап өтті. Комиссия міндеті – жалпы әйелдер мәселелерін заңнамалық деңгейде бекітіп, халықаралық үздік тәжірибелерді енгізу екенін айта келіп, бүгінгі жиында айтылған ұсыныстар жинақталып, озық тәжірибелер Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның сараптамалық қорытындысына енгізілетінін еске салды.
Мінбеде сондай-ақ «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары – партияның орталық аппаратының басшысы Ғалымжан Құсманғали, облыс әкімінің гендерлік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қоғамдастықтар қоры» қоғамдық қорының атқарушы директоры, «Шелек фермерлері» кооперативінің құрылтайшысы Бақытгүл Елшібаева тұщымды сөз сөйлеп, ел дамуында ауыл әйелінің алар орнын айшықтай түсті.
Одан кейін «Ауылдық жерлердегі әйелдердің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту – өңірлік даму саясатының негізі» атты пленарлық отырыс болды. Онда өңірлерден келген іскер әйелдер ой-пікірлерін ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Бұл орайда облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Манасбаева шағын және орта бизнесті дамыту механизмдері туралы баяндама жасады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ержан Байғоныс әлеуметтік қолдау тетіктері мен мемлекеттік бағдарламалардың ауыл әйелдері үшін қолжетімділігі туралы сөз қозғады. Облыстық әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі салааралық кеңес төрайымы, көмір өндіру кешенінің басшысы Ләззәт Ботабекова әйел кәсіпкерлігінің дамуы, экономикалық өсімге жету жолындағы бизнесті қолдау тетігі тақырыбын тарқатып, өз тәжірибесін ортаға салды.
Форумда басқа облыстардың іскер әйелдері де тәжірибе бөлісті. «Нұралы» шаруа қожалығының басшысы, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Кәмшәт Шәкірбекқызы «Экономикалық серпін мен дәстүр сабақтастығы: ауыл әйелдерінің жаңа миссиясы» тақырыбында әңгіме өрбітсе, Байсерке ауылының фермері Юлия Барсукова құс шаруашылығының пайдасы туралы сөз қозғады. Ақмолалық Динара Райханова мен Жұма Нұрғалиева да өз тәжірибелерін ортаға салды. Жиын соңында залдан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ұсыныс-тілектер тыңдалды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




