Құндыз Төребекова отбасымен Қонаевқа үш жыл бұрын көшіп келген. Ол бұрындары шаң-тозаңнан арылмаған аула қазір жаңа келбетке енгенін айтып, абаттандыру жұмыстарына оң бағасын берді.
«Бұл алаң салынбай тұрғанда балаларды ойнауға үйдің артындағы аулаға жіберетінбіз. Әрдайым сақ болып, олардың қауіпсіздігіне алаңдап отыратынбыз. Биыл мұнда уоркаут және балалар алаңы тұрғызылып, қуанып қалдық. Өте сапалы жасалған. Жабдықтары да заманауи. Ойнауға, кешкі уақытта демалып отыруға өте ыңғайлы» – деді ол.
Қонаевта дәл осындай тағы да 14 аумақ абаттандырылуда. Бұл жоба «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Аулалардың жаңартылып жатқанына жастар ғана емес, қарттар да дән риза. Соның бірі – 3 шағынаудан тұрғыны Ахметжан ата.
«Мұнда балалар доп теуіп, қарттар денешынықтырумен айналыса алады. Жасым 68-ге келсе де, спортқа жаным құмар. Енді бос уақытымызды тиімді пайдаланатын болдық. Әйелім екеумізге ұнады» – деді тұрғын.
Айта кетейік, былтыр осы бағдарлама шеңберінде 10 аумақ абаттандырылған болатын.




