Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының мәнін түсіндіру мақсатында облыстық ата-аналар жиналысы өтті. Жүздеген ата-ана мен мектеп мұғалімдері бас қосқан мазмұнды кездесуге облыстық білім басқармасының басшысы Арайлым Төлеубекова, аймақтық прокуратура мен полиция департаменті өкілдері және қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Аталған шара отбасы құндылықтарының құлдырауға ұшырап бара жатқанын бейнелейтін сахналық қойылыммен басталды. Онда отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы, өзара түсіністік пен махаббаттың өмірдің алтын арқауы екені әсерлі көрсетілді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Арайлым Ақсубайқызы «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының маңызына тоқталып, бұл жоба жас ұрпақтың бойына жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіре отырып, білімді, еңбекқор, бәсекеге қабілетті, адал азамат ретінде қалыптасуына кең мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, «Адал азамат» бастамасы аясында мыңдаған педагог кәсіби даярлықтан өткен. Сондай-ақ ұстаздар практикалық кейс-сессиялар мен тренингтер арқылы нақты іс-қимыл алгоритмдерін жасап, жұмыс жоспарларын әзірлеген.
«Бүгінгі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – бұрын жүзеге асырылған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы, бірақ мазмұны жаңартылып, Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндестірілген. Оның мақсаты – адал, еңбекқор, елжанды азаматтар тәрбиелеу. Мектептердегі тәрбие ісі мемлекеттік органдармен, құқық қорғау, денсаулық сақтау, ішкі саясат саласындағы құрылымдармен тығыз байланыста жүзеге асырылады», – деді басқарма басшысы.

Жиында сөз алған прокуратура өкілі Серік Асқарұлы мен полиция подполковнигі Лаура Құдайбергенова бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты мәселелердің бірі – кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, құқықбұзушылықтың алдын алу екенін айтты. Құзырлы орган өкілдері келтірген нақты деректерге сүйенсек, қоғамдық тәртіпті бұзатын, құқықбұзушылыққа немесе қылмысқа баратын, сондай-ақ ішкі істер бөлімінде есепте тұрған жасөспірімдердің басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққан. Алайда, кейбір ата-аналар өз балаларының тағдырына қажетті көңіл бөлмей, олардың бос уақытын қалай өткізіп жүргенін қадағаламауы салдарынан да осындай жағдайлар орын алатыны байқалады. «Сол себептен, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қылмысын ерте кезеңде алдын алудың және оны болдырмаудың негізгі құралы ретінде әрбір отбасында ата-ананың балаларына дұрыс тәрбие беруі, жүріс-тұрысына күнделікті бақылау жүргізуі, өсіп келе жатқан жасөспіріммен ашық және сенімді қарым-қатынас орнатып, оның айналасындағы достары мен таныстары туралы хабардар болуы қажет», – дейді Лаура Құдайбергенова.

Жиынға арнайы қатысқан педагог-тренер Саят Нұрқасымұлы қоғамның дамуы, ұлттың өркендеуі – ұрпақтың сапасына байланысты екенін баяндады. Оның пайымынша, сапалы ұрпақтың негізі – білім мен тәрбиеде. Бұл екі ұғым бір-бірін толықтырып тұрады. Білімсіз тәрбие – жеткіліксіз, ал тәрбиесіз білім – қауіпті. Сондықтан бұл екеуі қатар жүруі тиіс. Өзге де қатысушылар қоғамдағы тәрбиелік құндылықтарды нығайту мен ата-аналармен жұмыстың тиімді формаларын арттыру жөнінде өз ойларын білдірді. Шара соңында спикерлерге және белсенді қатысқан ата-аналарға алғыс білдіріп, бала тәрбиесі бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөнінде нақты ұсыныстар қабылданды.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы




