Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев «Aller Aqua Group» компаниясының басшылығымен және серіктестерімен кездесті. Басқосуға Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов пен бірқатар басқарма басшылары қатысты.
Жиынды ашқан Рустам Маратұлы бұл басқосудың аймақ үшін маңызы зор екенін, Дания мемлекетінің «Аller Aqua» компаниясы облыстың балық саласының дамуына елеулі үлес қосатынын атап өтті. Сонымен бірге балық жемін өндіріп, әлемнің 70-тен астам еліне экспорттайтын компаниямен серіктестіктің аймақ экономикасының дамуына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына мүмкіндік ашатынын алға тартты.
Өз кезегінде сөз алған «Aller Aqua Group» компаниясының бас директоры Андерс Биллинг өзі жетекшілік ететін мекеме жайлы кең көлемде ақпарат беріп, Алматы облысында жүзеге асыру жоспарланып отырған жобалары туралы сөз қозғады. Одан кейін «ТМТ Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мәрлен Тұрсынәлі сөз алып, «Aller Aqua Group» компаниясының өнімдерін жеткізіп берумен айналысатынын айтты. Көрші мемлекеттерде балық жеміне сұраныс жоғары болып отырғанын, сондықтан Алатау қаласы аумағынан «Aller Aqua Group» компиясының зауыты салынса, балық шаруашылықтарының өнімі молаюына септігі тиетінін жеткізді.
Одан әрі жалғасқан кездесу барысында тараптар балық азығын өндіру зауытын салу жөніндегі жобаны іске асыру шарттарын қарап, осы мәселе жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды.
Басқосу соңында облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев, Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов, «Aller Aqua Group» компаниясының бас директоры Андерс Биллинг, «ТМТ Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мәрлен Тұрсынәлі төртжақты меморандумға қол қойды. Осы құжат негізінде тараптар Алматы облысының аумағында жем-шөп өндіретін қазіргі заманғы зауыт салу жобасы бойынша ұзақ мерзімді, тиімді ынтымақтастықты дамытуға келісті. Сонымен қатар ынтымақтастықты ізгі ниет, құрмет және сенім негізінде іске асыруға ниетті екендіктерін білдірді. Шетелдік компания Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өз қызметін жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы және акваөсіру саласындағы заңнамасына сүйене отырып, балық өсіру шаруашылықтарын, жем-шөп өндірістерін, инкубациялық орталықтарды, логистиканы дамытуға жәрдемдеседі. Бұл меморандум үш жыл мерзімге жасалды және оған тараптар қол қойған сәттен бастап күшіне енді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ



