Өңірдің экономикалық әлеуетін көрсету мақсатында Қарасай аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Желтоқсан» мәдени-танымдық орталығы бірлесе пресс-тур ұйымдастырды. Сапар аясында БАҚ өкілдері төрт өндірістік нысанды аралап, жұмысымен танысуға мүмкіндік алды. Бұлардың екі нысаны Елтай ауылдық округінде, қалған екеуі Қаскелең қаласы мен Шамалған ауылында орналасқан.
Журналистердің алғашқы атбасын бұрған нысаны жуырда ашылған «Burunday Container Terminal» логистикалық кешені болды. Бұл кәсіпорын Almaty ports компаниялар тобына кіреді. Кәсіпорынның басшысы – Пулат Хаитов. Кешен Көкөзек ауылына жақын жерде орналасқан. Жобаның жалпы құны 10 миллиард теңгені құраса, оның 80 пайызы – несиелік қаражат.
Кешен 16,5 гектар аумақты алып жатыр, ғимараттардың жалпы ауданы 50 000 шаршы метрді құрайды, оның 2500 шаршы метрінде уақытша сақтау қоймасы орын тепкен. Мұнда тауарларды уақытша сақтаумен қатар кедендік бақылаудан өткізу де қарастырылған. Кедендік рәсімдерден өткен соң, тауарлар белгіленген жерге жөнелтіледі. Тапсырыс берушілер өз жүктерін 24 сағат бойы бақылап отыру мүмкіндігіне ие.
Кәсіпорынның техникалық директоры Арман Оразбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта мұнда 30 адам жұмыс істейді. Нысан толық іске қосылған кезде 70 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жаңа терминалдың өткізу қабілеттілігі жылына 100 000 TEU-ға дейін жетеді. Елімізде мұндай кәсіпорындар көп болғанымен тас жол, темір жол логистикасы толықтай жасалынған және ең соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған мұндай терминал жоқтың қасы.
Келесі кезекте тілшілер қауымы Жармұхамбет ауылына жол тартты. Мұндағы «ALMATY TURMYSTYQ TEHNIKA ZAVODY» біраз жылдардан бері «DAUSCHER» маркасымен ас үй пешін, киім кептіргіш және құрылыс материалдарын шығарады. Бүгінде зауыттың өндірістік қуаты жылына 60 000 пешті құрап отыр.
Аталған өндіріс орнының жұмысымен зауыт директоры Арсен Үштаев таныстырып өтті. Оның айтуынша, зауыт 2021 жылы ашылған. Жыл сайын жаңа желілер іске қосылып, жаңа қызмет түрлері игерілуде. Алғашында әртүрлі модификациядағы ас үй пештері шығарылған, кейін шағын пештер, кіріктірілген панельдер мен пештер өндірісі жолға қойылған. Жуырда тағы 2 миллиард теңге инвестиция салып, өндіріс қуатын жылына 60 000 пештен 120 000 пешке дейін арттыру жоспарланып отыр. Өндірісте бүгінде 100 адам жұмыс істейді, ал зауыт толық қуатында жұмыс істей бастағанда мұнда 200 адам еңбек етеді деп күтілуде.
Қаскелең қаласында «7 o’clock» маркасымен минералды ауызсу шығаратын кәсіпорын бар екенін осы тур барысында көріп, білдік. Бұл өндірістің ерекшелігімен «HALL» компаниясы директорының орынбасары Сергей Черемных таныстырды. Мұнда табиғи таза суды 220 метр тереңдіктен ұңғыма арқылы шығару жолға қойылған. Судың құрамында магний, кальций, натрий, кремний және басқа да биологиялық минералдар бар. Өнім тұтынушыға жетпес бұрын 11 сүзгі-фильтрден өткізіледі. Одан соң бөтелкелер мен ыдыстарға құйылып, сауда сөрелеріне жөнелтіледі. Келешекте бұл жерде газдалған және балқарағай суын, сондай-ақ құрма шай сусынын өндіру жоспарлануда. Қазіргі уақытта кәсіпорында екі ауысыммен 58 адам жұмыс істейді.
Соңғы нысан – Шамалған ауылында орналасқан «Қазақстандық құбыр арматурасы зауыты» болды. Кәсіпорынның жұмысымен директордың орынбасары Сұлтан Гулиев таныстырды.
Зауыт 3,5 гектар аумақты алып жатыр. Онда әкімшілік-тұрмыстық кешен, механикалық өңдеу және бояу цехтары бар, олардың әрқайсысының ауданы 3,5 мың шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар сынақ аймағы мен шикізат пен дайын өнім сақталатын қойма да осы жерде орналасқан. Шикізат пен қосалқы бөлшектерді жеткізуді «Wenzhou Yitong Foreign Trade Co.,ltd», «Yuanda Valve Group Co., Ltd» және «SPAK» сияқты танымал компаниялар қамтамасыз етеді. Ал заманауи жабдықтарды жеткізу бойынша Германия, Италия, Ресей және Қытай өндірушілерімен келісімдер жасалған.
Зауытта су, жылу, энергиямен қамту, мұнай-газ, мұнай-химия және басқа салаларда қолданылатын заттар мен өнеркәсіптік құбыр арматурасы шығарылады. Өндіріс көлемі жылына 45 мың өнім бірлігін құрайды.
Баспасөз туры барысында Қарасай ауданында инвесторларды тарту және оларға қолдау көрсету, жаңа өндірістер ашу бағытында үлкен жұмыс атқарылып жатқанына көз жеткіздік. Бұл экономиканың дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына септігін тигізіп жатқаны сөзсіз.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы




