Перейти к содержимому
Главная страница » Әділет жолында

Әділет жолында

Прокуратура органдарының басты міндеті – ел заңдарының мүлтіксіз орындалуын қадағалау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Бүгінгі таңда аталған құрылым уақыт талабына сай дамып, жас, білімді, жаңашыл мамандармен толығып жатыр. Солардың бірі – Кеген аудандық прокуратурасының аға прокуроры Абай Темірғалиұлы. Ол адалдық пен жауапкершілікті басты ұстаным етіп, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.

Абай Темірғалиұлы 1994 жылы Кеген ауданы Тасашы ауылында дүниеге келген. 2001-2010 жылдары Тасашы орта мектебінде 9-сыныпқа дейін оқып, одан әрі білімін 2010-2012 жылдары Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектеп-интернатында жалғастырады. 2013-2017 жылдары Астана қаласындағы Қаржы полициясы академиясын, 2018 жылы Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясын тәмамдады. Еңбек жолын 2019 жылы Атырау облыстық прокуратурасының қылмыстық қудалау саласының аға прокуроры қызметінен бастады. 2022 жылдан бері Кеген ауданы прокуратурасының аға прокуроры болып қызмет атқарып жүр.
– Бұл мамандыққа деген қызы­ғушылығым бала кезімнен басталды. Табандылық пен ізденістің арқасында арманым орындалды. Қазіргі таңда алты жылдан астам еңбек өтілім болса да, әлі де үздіксіз еңбектеніп, талпынып келемін. Заң салтанат құрған елде тәртіп пен әділет әрдайым үстем болады. Мен де өз еңбегім арқылы осы құндылықтардың нығаюына үлес қосуды мақсат етемін. Биыл аудан прокуратурасы қадағалау бағытында ауқымды да жүйелі жұмыстар атқарды. Жыл ішінде 165-тен астам азаматтың, сондай-ақ 64 жеке кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді. Жергілікті тұрғындардың шағымдары мен өтініштері тұрақты түрде қаралып, олардың әрқайсысы прокуратураның ұдайы назарында. Алдағы уақытта да заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуде жұмыс жалғаса береді. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, әділет салтанат құрған ел баянды болашаққа нық қадам басады», – дейді Абай Темірғалиұлы.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы