Қасиетті Қарасай жерінде спорттан биік белестерді бағындырып, ел намысын абыроймен қорғап жүрген саңлақтар жетерлік. Солардың қатарында шамалғандық таэквондошы Аружан Найманбаеваның жетістіктерін ерекше атап өтуге болады. Спортты жанына серік еткен 17 жасар бойжеткен биыл Малайзияда өткен Азия чемпионатында топ жарып, алтын медаль иеленді.
Аружан 2008 жылдың 30 маусымында Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылдық округінде дүниеге келді. Әкесі Әнуар мен анасы Жанат – екі перзент тәрбиелеп, өсіріп отырған қарапайым жандар.
«Спортқа негізінен інімнің арқасында келдім деуге болады. Бауыржан қазақ күресімен шұғылданатын. Бір күні оның қатысуымен ауқымды жарыс ұйымдастырылды. Сол додаға ініме қолдау көрсету үшін бардым. Ғимарат ішіндегі таэквондо үйірмесінде балалар жаттығу жасап жатты. Маған осы спорт бірден ұнап қалды. Кешке үйге келгенде ата-анамнан таэквондо үйірмесіне баруға рұқсат сұрадым. Олар қарсы болған жоқ. Алғашқы жаттықтырушым Рақымжан ағай – таэквандоның әдіс-тәсілдерін жалықпай үйретіп, алдағы жеңістеріме жол ашқан тәлімгерім. Сондықтан оған айтар алғысым шексіз», – деді Аружан.
Арада біраз уақыт өткен соң жаттықтырушысы отбасылық жағдайға байланысты Ақтау қаласына көшеді. Бұдан кейін Аружан Шамалғандағы «Ushqonyr» балалар мен жасөспірімдер спорт кешенінде жаттығады. Мұнда Ринат есімді білікті бапкер жас спортшының жеңіске деген жігерін қайрап, додаларға қатыстырады. Оның берген тәлімімен Аружан талай биікті бағындырды. Бірнеше жыл ішінде ол кәсіби деңгейін көтеріп, спорт шеберлігіне үміткер, одан соң ҚР спорт шебері болып, жасөспірімдер мен жастар сапында тамаша нәтиже көрсетіп, дүбірлі жарыстарда топ жарады.
Қазақтың «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген сөзі спорт әлемін жақсы суреттейді. Себебі мұнда үнемі жеңістің биік тұғырына көтерілу мүмкін емес. Бірде жеңіске жетіп, мерейленіп тұрасың, ал кейде жеңілістің кермек дәмін татуға тура келеді. Біраз жыл осы әлемнің ішінде қайнап жүрген Аружан оны жақсы түсінеді.
«Жалпы спорттың қай түрі болсын, оңай емес. Бірнеше минуттық белдесуде жіберген бір қателік жеңіліске әкелуі мүмкін. Сондықтан сайысқа шыққанда бар ойың татамида болуы қажет. Қарсыласыңды лайықты бағалай алмасаң, сенің жеңіс жолың сол жерден тоқтайды. Бұл ретте әр спортшы өзін тәртіпке үйрету керек. Өзіне сенімді, күші адал адамның еңбегі зая кетпейді», – дейді спортшы.
2022 жылы Аружан тәжірибесін арттыру, кәсіби деңгейін көтеру мақсатында Алматыдағы олимпиадалық резерв дайындайтын республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжіне түскен. Айта кетейік, аталған оқу ордасынан бұған дейін Олимпиада ойындарының алтын, күміс, қола жүлделерін иеленген Елдос Сметов пен Асхат Жіткеев секілді спорт саңлақтары түлеп ұшқан.
Бүгінге дейін талай додада аудан мен ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшы қыздың қоржыны жүлдеден кенде емес. Оның 33 алтын, 7 күміс, 3 қола медалі бар. 2025 жылы жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында, кейін ересектер арасындағы ел чемпионатында топ жарған. Ал таяуда ол Малайзияның Кучинг қаласында 14-17 жас аралығында өткен Азия чемпионатына қатысып, тағы бір мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Жарыс кезінде Вьетнам, Иордания, Қытай және Иран елінен келген қарсыластарын қапы қалдырып, Азия чемпионы атанды. Ересектер сапына енді тәй-тәй басып келе жатқан оның арманы – Олимпиада чемпионы болу.
– Биіктен көрінуге талпынып, аянбай тер төгіп келемін. Мені қолдап жүрген бас бапкерім Төлеген Темірланұлына ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ отбасыңнын саған сенім артуы спортшы үшін өте маңызды. Солардың үмітін ақтауға барымды саламын, – деді чемпион қыз.
Қарасайлық таэквондошының бұл жетістігі – тұтас елдің абыройы. Аружанды алда талай дүбірлі дода күтіп тұр. Сол жарыстарда Туымызды желбіретіп, жеңіспен оралуына тілектеспіз.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
Қарасай ауданы




