Өткен аптада газетіміздің Іле ауданы бойынша меншікті тілшісі Бағдат Шойбастың Ақши ауылындағы су мәселесін көтерген «Сусыз күннің салмағы» тақырыбында мақаласы жарық көрген еді. Онда 6 қараша күні ұзындығы 72 шақырымды құрайтын негізгі магистральді құбырда ақау орын алып, елдімекенде су тапшылығы туындағаны туралы жазылған болатын. Бұл туралы мәселе телеарналар мен сайттарда да көтерілген еді. Бірнеше аптаға созылған мәселе бүгінде шешімін тауып, ауылға орталықтандырылған су жүйесі арқылы ауызсу қайта беріле бастады.
«Бозой топтық су құбыры» жүйесінде болған апаттан кейін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев шұғыл аппараттық кеңес өткізіп, мәселені жедел шешу үшін резервтік қаржы бөлгізді. Нәтижесінде ұзындығы 2,6 шақырымға созылған ескірген құбырды ауыстыру жұмысына 137 миллион теңге қарастырылды. Ауыл халқын сусыз қалдырмас үшін Ақсай ауылдық округі мен жақын орналасқан Қонаев қаласынан Ақшиге су тасымалдау ұйымдастырылды. Тұрғындар шамамен бір ай бойы тасымалданған суды пайдаланды. Жедел жүргізілген күрделі жөндеу жұмысының арқасында Ақши ауылының тұрғындары қайтадан таза ауызсуға қол жеткізді. Ауыл халқы бірнеше апта бойы бастан өткерген қиындықтардың артта қалғанына риза.
Ақши ауылының тұрғыны Динора Сафарова: «Су тапшылығы сезілген бірнеше апта әр отбасы үшін оңай соққан жоқ. Су кезегіне тұру, тасып әкелу әжептәуір қиындық туғызған еді. Дегенмен, облыс әкімінің тікелей араласуымен мәселе тез арада шешіліп, екі шақырымнан астам әбден ескірген құбыр ауыстырылды. Соның арқасында ауылымызға қайтадан ауызсу беріле бастады. Қуанышымызда шек жоқ», – деп ағынан жарылса, тағы бір тұрғын Құралай Амантаева: «Ауылымызға таза су қайта келіп, қуанып жатырмыз. Осы іске себепкер болған азаматтарға алғысымыз шексіз», – деді.
Ауылда су беру толық қалпына келгенімен, сақтық мақсатында арнайы көліктермен тасымалданатын ауызсу қызметі әзірге жалғасауда. «Бозой топтық су құбыры» мекемесінің басшысы Нұрислам Сайлаубаевтың айтуынша, қазіргі жағдайда су қысымы тұрақты, сорғы стансалары штаттық режимде жұмыс істеп, Ақшиге су бірқалыпты келіп тұр. Алайда болашақта осындай жағдайдың қайталанбауы үшін магистральді толықтай жаңарту қажет.
Өткен жылы Ақши ауылына жаңа ауызсу жүйесін тарту жобасы әзірленген. Мамандардың есебі бойынша, оның жалпы құны 7 млрд 400 млн теңгені құрайды. Қажетті қаржы бөлінсе, ауылдағы ауызсу мәселесі толық шешімін табатын болады.
Алма ЕСЕНБАЙ
Іле ауданы
