🌧️
5°C
Қонаев
Сәрсенбі, Ақпан 11, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Ұжданын биік ұстаған

    16.12.2025
    in Барлық жаңалықтар, Қоғам
    Ұжданын биік ұстаған
    0
    SHARES
    4
    VIEWS

          1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне биыл 39 жыл толады. Кеңес одағының іргесін сөгіп, еліміздің тәуелсіздігіне бір қадам жақындата түскен айтулы оқиғаға қатысқаны үшін талай адам қағажу көріп, тағдыр сынына ұшырағаны белгілі. Сондай азаматтардың бірі – Райымбек ауданы Қарасаз ауылының тұрғыны Нұрғаным Әділбеков. Дүмпуі жер-жерге жеткен Желтоқсан көтерілісіне Нұрғаным Сатыбалдыұлының қатысуы, одан кейінгі тағдыры мен ақталу тарихы да өзгеше.

    1961 жылы Қарасаз ауылында дүниеге келген Нұрғаным мектепті бітірген соң, екі жыл әскери борышын өтейді. 1982-1984 жылдары мал бордақылайтын шаруашылықта еңбек етіп, партия қатарына қабылданады. Желтоқсан көтерілісі болған жылы Талдықорған зоотехникалық мал-дәрігерлік техникумының соңғы курсында оқып жүрген. Оқу орнында қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан ол толқудың дүмпуі Талдықорғанда қалай болғанын былайша еске алады: «16 желтоқсанда Алматы жастарының көтеріліске шыққаны жайлы хабарды кешке жатақханада естідік. 19 желтоқсан күні тобымызбен ақылдасып, келесі күні таңғы сағат 9:30-да бірінші болып көшеге шеруге шықтық, жолда бізге аккумулятор зауытының жұмысшылары, Педагогикалық институттың студент қыздары мен басқа да жастар қосылды. Осылайша, жиыны 500-ге жуық адам қазіргі қала әкімдігі (бұрынғы «Горком») ғимаратына қарай беттедік», – дейді Нұрғаным. Оның сөзінше, бұл – бостандыққа ұмтылған жастардың шынайы әрі батыл қадамы еді. «Әр адамның жүзінен отансүйгіштік, әділдікке деген сенім мен болашаққа деген үміт байқалды. Орталық алаңға таяған сәтте милиция жасағының тосқауылына тап болдық. Өрт сөндіруші көлігімен су шашып, бізді таратуға тырысты. Аяз бен мұздай су үстімізді малмандай қылды. Бірақ жастардың жүзінде қорқыныш емес, қайсарлық пен рух бар еді», – дейді кейіпкеріміз. Сол күні қауіпсіздік қызметкерлері қарсылық көрсеткендерді жаппай суретке түсіріп жүрген. Кешке жатақханаға тәртіп сақшылары келіп, сурет арқылы қатысушыларды іздей бастайды. Көп суреттің арасынан Нұрғанымның да бейнесі шыққан. «Мені жатақханада екі күн бойы қамап, ұзақ тергеді. Қысым жасап, қорқытса да, намыс пен елге деген сүйіспеншілік жастарды мойыта алмады», – дейді Нұрғаным.
    22 желтоқсанда Талдықорған қалалық партия комитетінің бюро мәжілісі өтеді. Жиналыста Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың мәселесі қаралады. Нұрғаным Сатыбалдыұлына не оқудан, не партия қатарынан өз еркімен шығу ұсынылады. Қай таңдау да оңай емес. Ол кезде партия қатарынан шығарылғандар мемлекетке сенімсіз адам ретінде қабылданып, кәсіби қызметте кедергілерге ұшырайтын. Ауылдағы әке-шешесі, бауырларының үмітін арқалап, арман қуып келген жасқа оқудан айырылу да оңай тимесі анық. «Оқуды аяқтауыма небәрі сегіз ай қалған еді. Ауылдағы ата-анама тіс жармастан, партиялық билетімді өз еркіммен тапсырып, оқуымды жалғастыруды жөн көрдім. Себебі елге, еркіндікке деген сенімім зор еді. Бұл шешімім жүйеге үнсіз қарсылығымның белгісі болатын», – дейді Нұрғаным Сатыбалдыұлы.
    Келесі жылы Нұрғаным техникумын бітіріп, қолына диплом алып, ауылына оралады. Алайда партия билетінен айырылғаны кәсіби мансабына үлкен кедергі келтіреді. Көп мекеме мен басшылық оны сенімсіз санап, жолын бөгейді. Сөйтіп, аудандық мал-дәрігерлік стансасына қарапайым ветеринар-санитар ретінде жұмысқа қабылданады. Бұл Нұрғаным үшін қызмет емес, өмірдің сынағы еді. Дегенмен тағдырдың тосқауылына мойымайды. Елге адал қызмет етуді парыз санап, ар-ождан алдында таза болуды партиядан жоғары қояды. 1994 жылға дейін ұжымшарда мал шаруашылығы саласында адал еңбек етеді.
    Тәуелсіздік алып, ел тарихының қилы кезеңі жаңаша бағалана бастаған уақытта Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын іздеген қоғамдық бастамалар жандана түсті. 2006 жылы кейіпкеріміз республикалық «Желтоқсан ақиқатының» мүшелігіне қабылданады. Желтоқсан көтерілісіне байланысты өз атына тағылған негізсіз айыптардан ақталу үшін ол талай табалдырықты тоздырады. «Білім алған оқу орнынан құжаттарым­ды іздестірдім. Алматыдағы Президент мұрағатына дейін сұрау салып, жеті бірдей архивті ақтарып шықтым. Ақыры, 2017 жылы Талдықорған қаласындағы мемлекеттік мұрағаттан «Өкіметке қарсы әрекетке қатысқаны үшін партия қатарынан шығарылды» деген тұжырымы бар анықтама табылды. 2021 жылы әділдік салтанат құрды. Сол кездегі Алматы облыстық прокура­турасының шеші­мімен толық ақталып, саяси қуғын-сүргіндер құрбаны болып танылдым. Бұл мен үшін ар-намы­сымды қорғаған тарихи сәт болды», – дейді Нұрғаным Сатыбалдыұлы.

    Айбек БЕЙСЕБАЕВ

    Ұсынымдар

    Сырбаз ақын сыр ақтарды

    Сырбаз ақын сыр ақтарды

    2 years ago
    Мәдениет үйі ашылды

    Мәдениет үйі ашылды

    2 months ago
    Кәсіпкерлікке жол ашады

    Кәсіпкерлікке жол ашады

    2 years ago
    Алматы облысының цифрлық көшірмесі толықтырылуда

    Алматы облысының цифрлық көшірмесі толықтырылуда

    2 years ago
    Соғыстың соңғы сарбаздары

    Соғыстың соңғы сарбаздары

    9 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>